Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 шілдедегі шешімімен облыс аумағында жануарларды асырау қағидалары бекітілді. Бұл қағидалар жануарларды өсірумен, бағумен айналысатын жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
Ережеге сәйкес жеке және заңды тұлғалар ауыл шаруашылығы жануарларын уақытылы сәйкестендіруге, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жануарларды уақытылы вакциналау және диагностикалау, жануарлардың түріне, жасына және физиологиясына сәйкес олардың денсаулығына, әл-ауқатына және пайдаланылуына қамқорлық жасау, айналадағы адамдар мен жануарлардың, сондай-ақ мүліктің жануарларға зиян келтіру қауіпсіздігін, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, санитарлық-гигиеналық және ветеринарлық талаптарды сақтауға міндетті.
Жануарлардың иелері сойылған, сатылған, өлген, ауырған немесе олар әдеттен тыс мінез көрсеткен жағдайлар туралы ветеринарлық станцияларға уақытылы хабарлауы тиіс. Жайылымдарда өз бетінше жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары өз өміріне ғана емес, адамдарға да қауіп төндіруі мүмкін. Жыл сайын жабайы және ауыл шаруашылығы жануарларының қатысуымен жол-көлік оқиғалары орын алады.
Жануарларға ұқыпты қарау – адамның міндеті. Кей жағдайларда жануарларға қатыгездік көрсетіліп жататыны бәрімізге мәлім. Жануарларды ұстауға қойылатын жалпы талаптар, сондай-ақ үй жануарлары бар көппәтерлі үйде тұратын адамдардың құқықтары мен заңды мүдделері сақталуы керек. Үй жануарларын серуендету азаматтардың, жануарлардың қауіпсіздігі, жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың мүлкінің сақталуы міндетті түрде қамтамасыз етілген жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Үй жануарымен серуендегенде, автомобиль жолынан өту кезінде, көппәтерлі тұрғын үйдегі жеделсаты мен аулада, балалар мен спорт алаңдарында жануардың еркін, бақылаусыз жүруін болдырмау, адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көлікте және басқа да қоғамдық орындарда иттерді қысқа қарғыбаумен және тұмылдырықпен ұстау қажет. Кейбір иттер мен мысықтарды арнайы сөмке мен торда тасымалдауға рұқсат етіледі.
Қаңғыбас жануарларды мамандандырылған ұйымдар міндетті түрде ұстауы керек. Жануарларды қараусыз қалдырмаған жөн. Оларды далаға жалғыз жібермеген жөн. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапкершілік көзделген.
Алена КУЗНЕЦОВА,
облыстық ветеринария басқармасының жетекші маманы.