«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аудандық ауруханалардағы аудит

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясы өңірдегі денсаулық сақтау саласының бірқатар нысандарында аудит жүргізді. Атап айтқанда, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатарына кіретін Ақжар және Уәлиханов аудандық ауруханалары қызметінің тиімділігі бойынша және осы емдеу мекемелерінің пандемия кезеңінде мемлекеттік қаражатты пайдалануына тексеріс жүргізілді. Мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша 2,5 млн. теңгенің заң бұзушылықтары, оның ішінде жергілікті бюджетке өтелуге тиісті 2,1 млн. теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталып, 378 мың теңгенің тиімсіз пайдаланылғаны белгілі болды.

Аудит нәтижесі Ақжар және Уәлиханов аудандарының емдеу мекемелерінде еңбекақы мен үстемеақы төлеу кезінде қаржылық олқылықтар орын алғанын көрсетті. Мәселен, 15 қызметкердің алынбаған тәртіптік жазасы болғанына қарамастан, оларға жан басына шаққандағы нормативтің ынталандырушы компонент түрінде жалпы сомасы 991,8 мың теңгенің сыйақысы төленіпті. Уәлиханов аудандық ауруханасының 11 жұмысшысы 720 мың теңгені, ал Ақжар ауруханасы бойынша 4 қызметкер 271 мың теңгені негізсіз алған. Сондай-ақ “COVID-19” коронавирусына қарсы іс-шараларға тартылған Уәлиханов аудандық ауруханасының 4 дәрігерінің жалақысына 127 мың теңге айлық жұмыс уақытының балансы есебінен үстемеақы төленген. Ақжар аудандық ауруханасында 3 медицина қызметкеріне белгіленген лауазымдық жалақыдан тыс 800 мың теңгеден астам қаржы негізсіз берілген. Ал 3 қызметкердің еңбек өтілінің дұрыс есептелмеуі салдарынан оларға 69 мың теңге жалақы артық тағайындалған.

Тексеру комиссиясы Уәлиханов аудандық ауруханасында атқарылған күрделі жөндеу жұмыстарын да қадағалады. Нәтижесінде мердігердің 100 мың теңгенің жұмысын орындамағаны әшкереленіп, аталған сома мемлекет бюджетіне қайтарылды. Одан бөлек, аталған емдеу мекемесіне 2019 жылы сатып алынған күннен қолданылмай жатқан 7 мобильдік планшет анықталды. Демек мемлекеттің 378 мың теңге қаржысына алынған мүлік тиімсіз пайдаланылған.

Аудит барысында анықталған өзге заң бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда 43,5 мың теңгенің 29 қаптамасында 4 түрлі дәрілік заттар жетіспеген. Ал 53,9 мың теңгенің 45 қаптамасында, керісінше, 6 түрлі дәрі артық шықты. Осындай олқылықтарға жол берген Уәлиханов аудандық ауруханасының амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету дәріханасының фармацевті Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кінәлі қызметкерге 102 мың теңгеден астам айыппұл салынды.

Осы тектес жаза ауданда қызмет етіп жүрген дәрігерлерді де айналып өтпеді. Өйткені Ақжар және Уәлиханов аудандық ауруханаларының екі терапевті Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзып, дәрінің рецептін жазғанда медициналық препараттарды қабылдау дозасы мен ұзақтығын көрсетпеген. Өз міндетіне жүрдім-бардым қарағаны үшін дәрігерлер де Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі кодекстің 92-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылып, 14,6 мың теңгенің әкімшілік айыппұлын төлеуге міндеттелді.

Сорақысы сол, аталған ауруханаларда біраз жылдан бері балалар скринингін өткізу жоспары орындалмай келеді. Оған эндокринолог, невролог, уролог сияқты бейінді мамандардың жетіспеушілігі себеп болған.

Мемлекеттік аудит шарасы аталған екі аудандағы бірқатар өзекті мәселелердің бетін ашты. Қазіргі таңда Уәлиханов аудандық ауруханасында анестезиолог-реаниматолог және неонатолог дәрігерлерінің жоқтығынан босану бөлімшесі жұмыс істемейді. Ал Ақжар аудандық ауруханасында келіншектерге тек шұғыл гинекологиялық көмек көрсетіледі.

Сонымен қатар Уәлиханов аудандық ауруханасының штатында эндокринолог дәрігердің жоқтығы анықталды. Қант диабетімен ауыратын науқастар облыс орталығындағы немесе Ақмола облысындағы медициналық ұйымдарға барып кеңес алып жүр. Бұл ауданда қант диабеті ауруымен 307 науқас диспансерлік есепте тұр. Сондай-ақ Уәлиханов аудандық ауруханасы емханасының кардиологиялық кабинетінде ең қажетті жабдықтар тізімі жоқ. Бұл кабинетке артериялық гипертензияға шалдығып, диспансерлік есепке алынған 1545 адам үнемі келіп қаралып тұрады.

Осындай өрескел олқылықтар үшін аудиторлық іс-шараның қорытындысы бойынша 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде Ақжар аудандық ауруханасының 2 маманы қатаң сөгіс алса, Уәлиханов аудандық ауруханасының 1 қызметкеріне сөгіс жарияланды. Әр ауруханада тағы 4 жұмысшыдан ескерту алды.

Екі ауруханада жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша жергілікті бюджетке 2,1 млн. теңгенің өтелгенін айтып өту қажет.

Марат ЕБЖАНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp