«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ СОНЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова келді. Халық қалаулысы іссапар аясында “Nur Otan” партиясы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысын өткізді.

Кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова партияның “Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасы аясында жол картасы қабылданғанын, оның сапалы орындалуын бақылау қоғамдық кеңес құзырында екенін айтты. Көшпелі отырыста “Жас маман” жобасын іске асыру, “Серпін” бағдарламасының тиімділігі, білім ордаларына педагогикалық кадрлар даярлау сынды бірқатар өзекті мәселелер қарастырылды.

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мектептердің құрылысы, ауыл мектептерін жөндеу, жаңа пәндік кабинеттер ашу, “Жас маман” жобасын іске асыру мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Бүгінде облыста 472 білім ошағы бар. Биыл шамамен 75,3 мың оқушы мектепке барады. Облыс орталығындағы 36 мектепте 25 мыңнан астам бала оқиды. Соңғы үш жылда білім алушылар саны өскені байқалады. Бұл өз кезегінде мектептерде орын тапшылығын тудырды. Сондықтан өңірде үш ауысымды мектептерді жою міндеті тұр. Біздің облыста сондай үш мектеп бар. Ал қазір Тайынша, Вишневка орта мектептері апатты жағдайда. Гүлмира Кәрімова “Nur Otan” партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында 2025 жылға дейін 16 мектеп салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Жол картасы аясында 416 білім ошағын қайта жаңғырту көзделуде.

– Өңірде “Жас маман” жобасын жүзеге асыруға 9 колледж қатысуда. Өткен жылы Петропавл қаласындағы 4 колледж жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгені құрайтын жоғары технологиялық заманауи құралдар мен компьютерлермен қамтамасыз етілді.

Жаңа жабдықтар орнатылған кабинеттер, зертханалар мен шеберханаларды жөндеуден өткізуге жергілікті бюджеттен 84 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы аталмыш жоба аясында 1,4 миллиард теңгеге ауылдардағы колледждер инновациялық құралдармен жабдықталуда, – дей келе, Гүлмира Райынбекқызы өңірде оқу бітірген түлектердің тұрақтап қалуы үшін ауқымды жұмыс жүргізілетінін атап өтті. Соңғы төрт жылда жастардың өңірден кетуі 17,3 пайызға азайды.

“Nur Otan” партиясы жанындағы білім мен ғылымды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің мүшесі, М.Қозыбаев атындағы СҚУ ректоры Ерлан Шуланов “Серпін” бағдарламасын жүзеге асыру аясында жоғары оқу орында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 2014-2020 жылдар аралығында “Серпін” бағдарламасы бойынша 1546 студент оқуға түскенін, бүгінде 825 студент білім алып жатқанын айтты. Олар жатақханамен толық қамтамасыз етілген. Аталмыш бағдарлама бойынша биылғы оқу жылына 549 грант бөлінген екен. Соңғы үш жылда 812 студент оқуын аяқтады. Баяндамашы өңірде серпіндіктердің тұрақтап қалуы үшін оларды тұрғын үймен қамту тетіктері қарастырылуы керектігін ескертті.

– Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен қолға алынған “Серпін” бағдарламасы – ауқымды жоба. Бұл жобаның өңірдің тұрақты дамуына қосар үлесі бар. Бірақ бүгінде оны жүзеге асыруда бірқатар кемшіліктер орын алып отыр. Сондықтан осы жобаны жүзеге асыратын негізгі оператор – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетіне жүктелген жауапкершілік зор екенін қайталап айтқым келеді, – деді Жұлдыз Досбергенқызы.

Көшпелі отырыста әттеген-ай дейтін жағдайлар да орын алғанын айтпай кетуге болмас. “Дөңгелек үстел” басында кілең қаракөздер отырса да баяндамаларын орыс тілінде оқыған басшылардың әрекеті қынжылтты. Аудандық қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан университет ректорына жолданған сауалды орысшаға аударуға тура келді. Жиынға қатысқан жергілікті атқамінер отырыстың басынан аяғына дейін қазақ тілінде сөйлеген Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменовадан үлгі алса ғой.

Парламент мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова өңірімізге жұмыс сапары аясында университет ұжымымен кездесіп, білім ордасында жаңадан салынып жатқан оқу-зертханалық корпустың құрылысымен, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің материалдық-техникалық базасымен танысты. Халық қалаулысы Оқушылар сарайы, Қызылжар ауданындағы “Абай орта мектебі” мен өңірдің өзге де білім ошақтарында болды.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp