Солтүстік Қазақстан облысында бюджеттік нысандар жылыту маусымында 144 мың тонна көмір жағады, қажетті отынның 94 мыңы аудандарға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, аудандардың теміржол стансаларында бюджеттік нысандарға арналған 94 мың тонна көмір жатыр. Бұл барлық қажеттіліктің 65 %-ы.
Ал облыс тұрғындары жылыту маусымында 391 мың тонна көмірді пайдаланады. Осы уақытқа дейін халық 258 мың тонна қара отынды сатып алған.
«Тұрғындар қысқа қажет көмірдің 66 %-ын сатып алды. Бұл – аз. Жылыту маусымына уақытында қамдануы үшін тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Биыл көмір қымбаттаған жоқ, былтырғы баға тұр, яғни тоннасы маркасына қарай 8700 -17 500 теңге аралығында», – дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының міндетін атқарушы Бақыт Ілиясов.
СҚО-да 491 қазандық болса, соның 395-і жылыту мауысымына дайын.
Бақыт Ілиясовтың айтуынша, Айыртау ауданы Саумалкөлде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қуаты 14,5 МВт жететін жаңа қазандық салынып жатыр. Сондай-ақ ұзындығы 3,9 км жылу желісі тартылады. Бұл мақсатқа 724,6 млн теңге бөлінген.
Биыл Ғ.Мүсірепов ауданының орталығы Новоишимкада жаңа орталық қазандықтың құрылысы басталады. Нәтижесінде 1,5 мыңға жуық пәтері бар 29 көпқабатты үйді жылуға қосуға мүмкіндік тумақ.
Ақжар ауданы Талшық пен Айыртау ауданы Арықбалық елді мекендерінде де биыл жаңа қазандықтар іске қосылады. Мамлютка қаласында «Аймақтарды дамыту 2020» бағдарламасы аясында 2019 жылы 1,6 км жылу желісі салынды. Соңғы екі жылда оны іске қосуға облыс бюджетінен 44 млн теңге жұмсалды.
https://www.inform.kz/