Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу, туған өлкесінің тарихын зерделеу мақсатында Мағжан Жұмабаев ауданының төтенше жағдайлар басқармасы мен №12 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлеріне ақын Мағжан Жұмабаев атындағы мұражайға экскурсия ұйымдастырылды.
Шара барысында Алаш қайраткерінің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар жинақталған бұрыш таныстырылды. Мағжан Жұмабаев мұражайы 1993 жылы ақынның туған жерінде 100 жылдық мерейтойына орай ашылған болатын. Онда үш экспозияциялық зал бар. Мұражайда 250 жәдігер сақтаулы. Құнды кітаптардан басқа, мұнда Омбы, Алматы және Петропавл мұрағаттарынан алынған фотосуреттер, құжаттардың көшірмелері де бар.
Ақынның шығармашылығы мен өмірін зерттеушілер 1923 жылы Ташкентте жарық көрген өлеңдер жинағына ерекше қызығушылық білдіреді. Сол жылдардағы сирек кездесетін фотосуреттер, сөз шеберінің жеке заттары да келушілер үшін құнды. Аталмыш мұражайда ақын-жазушылармен кездесулер, “дөңгелек үстелдер”, сондай-ақ мемлекеттік және ұлттық мерекелерге арналған шаралар өткізіліп тұрады.
Саян АХМЕТЖАНОВ,
Мағжан Жұмабаев аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің инженері.