Заман ағымына сай дамып, заманауи технологияларды қолданысқа енгізу – уақыт талабы. Соңғы кезде елімізде сандық жүйеге көшу туралы жиі естиміз. Бірақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, цифрландыру – сәнге айналған үрдіске ілесу емес, ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы болуы керектігін естен шығармаған жөн.
Қазір елімізде қай саланы болмасын сандық жүйеге көшіруде түбегейлі өзгерістер орын алуда. “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауы жүктеген міндеттерге орай бүгінде тұрғындарды сапалы байланыспен, жедел интернетпен қамтамасыз етуге айрықша басымдық берілуде. Өйткені бұл қазір негізгі қажеттілікке айналды. Мәселен, Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі де біртіндеп сандық жүйеге көшірілуде. Ауданда 14 кітапхана жұмыс істейді. Соның ішінде бір аудандық және бір балалар кітапханасы бар. Қалғаны ауылдық жерлерде. Орталық аудандық кітапхана “РАБИС” автоматтандырылған бағдарламасына 2010 жылы қосылды.
“Ең алдымен, цифрлы теңсіздікті жойып, барлық азаматты интернетпен және сапалы байланыспен барынша қамтамасыз ету керек. Бүгінде бұл жолдар мен электр қуаты сияқты негізгі қажеттілікке айналып отыр”, – деген болатын Қасым-Жомарт Кемелұлы. Аудандық кітапхана жүйесінің негізгі жұмысы да – пайдаланушылардың ақпарат алуға деген қолжетімділігін арттыру. Жедел қызмет көрсету арқылы кітапханалардың беделін көтеруге барынша тырысудамыз. Жыл сайын кітап қоры толықтырылуда. Қазір бізде 131413 кітап бар, оқырмандарымыздың саны да 6 мыңға жуықтап қалды. Бүгінде оқырмандарды сұранысқа сай көркем және деректі әдебиетпен, баспа және электронды құралдармен қамтамасыз етудеміз. Жұмыс – “Кітаптар”, “Брошюралар” және “CD-ROM, VIDEO, AUDIO, FD” атты электронды каталогтар бойынша жүргізіледі. Барлық кітапхана интернетке қосылған, электрондық жүйе арқылы жұмыс істейміз. Кітапханашылар оқырмандардың талабы бойынша электрондық анықтамалар береді. Сонымен қатар кітапхана мекемелер мен қашықтағы оқырмандар үшін құжаттарды электронды жеткізу қызметін ұсынуда. Мәдени, ойын-сауық шараларын ұйымдастыруда түрлі бейнефильм, бейнеролик, слайд-презентациялар жасалады.
Қазіргі уақытта кітапхана – басты кітап сақтау орны ғана емес, сонымен қатар ақпараттық, ғылыми-зерттеу, әдістемелік және өлкетану жұмыстарымен айналысатын көпсалалы орталыққа айналып келеді десек қателеспейміз. Кітапханада ақпараттық-танымдық шаралар да жиі өтеді. Үстіміздегі жылы “Адалдық алаңы” жобасы аясында “Парасат жолы” орталығы ашылды.
Жаңа ғасырдың ұрпағы терең білімді болуы үшін оларды алдымен рухани байлықтың көзі – кітап оқуға тәрбиелеуіміз керек. Бұл орайда биыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Рухани ордада жазғы демалыс кезінде балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін бірқатар шаралар өтті. Кітапханашылар этноауыл үлгісіндегі “Атамекен” жазғы лагерінде жылжымалы көрме ұйымдастырды. “Кітаппен бірге өсеміз” жобасы аясында балабақшадағы кішкентай оқырмандарымызбен де тығыз қарым-қатынастамыз. Балалар мен жасөспірімдер заманауи үлгідегі 3D кітаптарға ерекше қызығушылық танытатынын айтып өткен жөн.
Әлем елдерін тығырыққа тіреген пандемия барлық мемлекеттер үшін сынақ кезеңіне айналды. Біздің еліміз де індетпен күрес жолында бірқатар қиындықтарды бастан өткеруде. Өкінішке қарай, қауіпті аурудың тарап кетпеуі үшін кітапханада көптеген шараларды өткізуге мүмкіндік болмады. Сақтық үшін қашықтан жұмыс істеуге тура келді. Сондықтан әлеуметтік желілердің көмегімен оқырмандарымызды жаңа әдебиеттермен таныстырып, тығыз байланыс орнатудамыз.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесіне көз салсақ, біздің кітапхананың қол жеткізген жетістігі аз емес екенін аңғарамыз. Ең бастысы – біз көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ тәрбиелеуге белсене атсалысудамыз. Ал еліміздің болашағы жарқын болу үшін, ең алдымен, балаларымыз білімді, рухани бай болуы қажет. Ол үшін адам көп оқып, көп ізденуі шарт. “Біз – халқымыздың Тәуелсіздік жолындағы сан ғасырлық арман-тілегіне қол жеткізген ұрпақпыз. Тәуелсіздігімізге 30 жыл болады. Бұл мерейлі дата – егемен еліміз үшін аса маңызды меже. Бұл – жаңа тарихи кезеңнің басы”, – деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда атап өткендей, қазір еліміздің болашағы үшін бәрімізге зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Бірлік пен береке орнаған Тәуелсіз еліміз биік белестерге қол жеткізуі үшін алға қойылған міндеттерді бірлесе орындауға дайынбыз.
Айнагүл САРЫМСАҚОВА,
Жамбыл аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры.