Кәсіпкер мемлекет тарапынан берілетін демеуқаржыны ала алмай отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы болса тиісті лицензиясының жоқтығын алға тартады. Мәселе Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі кеңесте қаралды.
“Ертегі” ЖШС-нің басшылығы астық сақтау орнының ауданын арттырып, өзіне қажетті субсидияны алуға өтініш берген. Талап бойынша кәсіпкерлер астық сақтау қоймасының сыйымдылығын 5000 тоннаға дейін кеңейткен жағдайда немесе жаңадан 10000 тонналық астық қоймасын салса, субсидия ала алады. Алайда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы серіктестіктің өтінішін кері қайтарған. Ондағы уәжі – “Ертегінің” аталған қызмет түрімен, яғни астық сақтаумен айналысуға лицензиясының жоқтығы. Бұндай шешімді қабылдар кезде басқарма мамандары субсидиялау ережелеріне емес, “Астық туралы” заңға арқа сүйеген.
– “Астық туралы” заңның 13-бабының 2-тармағында “астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі жөнiндегi қызметтi лицензия негiзiнде астық қабылдау кәсiпорындары жүзеге асырады” делінген. Ал 3-ші тармағында “тиiстi лицензиясы жоқ бiрде-бiр тұлға негiзгi немесе қосымша қызмет ретiнде астық қолхаттарын шығару арқылы қойма қызметі жөнiндегі қызмет көрсетуге және өз атауында, құжаттарында, хабарландырулары мен жарнамаларында “астық қабылдау кәсiпорны”, “астық қоймасы”, “астық қабылдау пунктi”, “элеватор” деген сөздердi пайдалануға құқылы емес” делінген. Ал аталған кәсіпорын лицензиясы болмағанына қарамастан, бізге астық қабылдау кәсіпорны ретінде өтініш түсірді, – деп түсіндірді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Сансызбаев.
Ал кәсіпкерлер палатасының заңгерлері шенеуніктердің заңды дұрыс түсінбегенін алға тартады. Өйткені элеваторларға лицензия астық қолхаттарын беру үшін, яғни құнды қағаздармен жұмыс істеу үшін беріледі. Демек лицензиясы жоқ кәсіпорын қолхат бермесе де, астық сақтау орны ретінде жұмысын жалғастыра алады.
– Басқарма сұратып отырған лицензия элеваторларға қолхатпен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ол жайлы “Астық туралы” заңның 10-бабында жазылған. Мәселен, 500 гектар жері бар шаруашылық өз астығын сақтайтын қойма салуы мүмкін. Осының негізінде ол ауыл шаруашылығы басқармасына жүгініп, субсидия сұрай алады. Ал басқарма өкілдері болса, лицензияны талап етіп отыр. Кәсіпкерлік нысаны субсидия алуға құқылы болса, лицензияның бұған қатысы жоқ. Өйткені ережеге сәйкес, субсидия агроөнеркәсіп кешенінің барлық субъектілеріне тиесілі, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы Айдос Кеңбейілов.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері де осындай пікірде. Шілденің 4-інде министрліктен заң талаптарын түсіндірген арнайы хат жолданыпты. Онда да субсидиядан үмітті инвестор жоғарыда аталған лицензияны алуға міндетті емес екендігі жазылған. Атап айтсақ, қазіргі таңда облыс бойынша лицензиясы бар 40 элеватор жұмыс істейді. Тағы 70 шақты астық сақтау орны лицензиясыз-ақ заң аясында шаруасын дөңгелетуде. Ендеше “Ертегі” серіктестігі де астық сақтау қоймасы ретінде қызметтерін ұсынып, өзіне тиесілі субсидияны алуға құқылы деген сөз.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.