“Масло-Дел” ЖШС-і – еліміздегі қуатты кәсіпорындардың бірі. Республика аумағында оның 24 бөлімшесі жұмыс істейді. Бес зауытының біреуі – Қытай елінде, екеуі Қызылжар өңірінде орналасқан. Облыс орталығында сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорында жаңа өндірістік желі іске қосылды. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Серіктестіктің бас директоры Павел Селивановтың айтуынша, жаңғырту жұмыстарының аясы өте кең. Былтыр ультрапастерленген сүт өндіретін Швецияның “Теtra Pak” қондырғысы орнатылып, бұл мақсат үшін 2,8 млрд. теңге инвестиция құйылған. Нәтижесінде цехтың тәуліктік қуаттылығы 260 тоннаға дейін артып, 510 тоннаға жеткен. 1,2 млрд. теңгеге “Hamba” жабдығын қоюдың арқасында күніне 100 тонна қаймақ өндірілуде. Бұдан бөлек, тағы 708 млн. теңге бағытталып, сары май өндіретін цехтың аумағы кеңейтілген. Тартылған барлық инвестцияның жалпы көлемі – 5,9 млрд. теңге.
2021-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары да ауқымдылығымен ерекшеленеді. “Теtra Pak” қондырғыларының үшінші желісін орнатуға 5,5 млрд теңге қаржы жұмсалмақ. Сонда 150 адам жұмыспен қамтылып, өнім өндірудің күндік мөлшері 750 тоннаға дейін жетпек.
– Филиалда бүгінде сүт өнімдерінің 15 түрі шығарылады. Олардың ішінде қойылтылған сүт, өсімдік майы, айран ерекше сұранысқа ие. Олардың қатарын қаймақ толтырып, ол төрт айға дейін сақталады. Барлық жұмыс автоматты режімде атқарылады. Әкелінген шикізаттың жартысына жуығы қайта өңдеуден өткізіледі. Жылдық қуаттылық 87 мың тоннадан 119 мың тоннаға дейін артып отыр. Қосымша 85 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмсалған инвестиция мөлшері – 4,8 млрд.теңге. Тәулігіне 510 тонна сүт өңделеді. Шикізаттан тапшылық жоқ, жергілікті жерлерден жеткізіледі, – деді Павел Геннадьевич.
Кәсіпорны жұмысымен танысқан Құмар Іргебайұлы өңірде жыл сайын сүт өндіру көлемінің артып келе жатқанын жеткізді. Бүгінде қуаттылығы 57 мың тонналық 16 сүт фермасы салынуда, оның 10-ы жыл аяғына дейін пайдалануға беріледі. 2025 жылға таман 52 тауарлы-сүт кешені бой көтеріп, олардың жылдық қуаттылығы 160 мың тоннаны құрайтын болады. Өткен жылы сүттің 53 пайызы қайта өңдеуге жіберілді.
Өңір басшысы “Масло-Дел” ЖШС-і тарапынан жүзеге асырылып жатқан озық жобалардың тиімділігіне жоғары баға берді. Ең заманауи жабдықтарды орнату кәсіпорын үшін үйреншікті үрдіске айналғанын атап өтті.
Кәсіпорынның тағы бір тың жобасы – жылына 370 мың тонна майлы дақыл өңдейтін экстракциялық зауыт салу. Жоба құны – 15 млрд. теңге. 200 адам жұмыспен қамтылады. Бұл зауыт өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтіп, өнімдер санын арттыруға мүмкіндік береді.
– Алда тұрған басты міндет – барлық өнімді қалдықсыз өңдеу арқылы ішкі нарықты қамтамасыз ету, сонымен қатар экспорттық әлеуетті ұлғайту. Былтыр сүт өндіру көлемі 597 мың тонна болды. Салыстыру үшін айтайын, 2016 жылы 180 мың тонна немесе 34,2 пайызы ғана өңдеуге жіберілді. 2020 жылғы көрсеткіш – 319 мың тонна болған, өңдеу үлесі 20 пайызға артты деген сөз. Бұл салада 5 жылда 400 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазынаға жыл сайын жарты млдр. теңге салық түседі. Сүт өнімдерін өндіру мал шаруашылығын дамытуға да оң ықпал ететінін тәжірибе анық аңғартып отыр, – деді Құмар Ақсақалов журналистерге берген сұхбатында.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Вадим МУДАРИСОВ.