Бір мыңға жуық тұрғыны бар Архангельск ауылында өңір тарихы жайлы тылсым сыр шертетін шағын мұражай бар. Ол белгілі кәсіпкер, осы жердің тумасы Петр Вагнердің қаржылық қолдауымен құрылып, жұртшылықтың мәдени, рухани қажетін өтейтін орындардың бірі саналады. Жәдігерлердің арасынан осы арада Қайранкөл деген қазақ ауылы болғаны, отбасылардың саны бес жүзден асып жығылғаны жайлы деректерді кездестіріп, таңданысымды жасыра алмадым. Саналы ғұмырымның біраз бөлігі осында өтіп жатқандықтан округтің тыныс-тіршілігі маған жақсы таныс болғанымен, байырғы елді мекен жөнінде естімеппін.
Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жерге деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деген болатын. Маған туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді деген сұрақ қойылса, Петр Вагнер сияқты азаматтардың жарқын істерге толы үлгі-өнегесін сәтті жалғастырып келе жатқан жерлестерімді алдымен атар едім. Олардың қай-қайсысы болсын ауыз толтырып айтарлықтай шаруалар атқарып, жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерін шешу жолында аянып қалған емес. Елді мекендерді абаттандыруды, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді кәдімгі іс, азаматтық борыш санайды.
Округ орталығында жұмысын тоқтатқан пошта бөлімшесінің ғимараты көптен бері иесіз тұрған еді. Осыдан үш жыл бұрын ақсақалдар алқасының төрағасы Бақыт Бәукенов оны намазханаға айналдыру туралы бастама көтеріп, ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау тапты. Арнайы құрылған ұйымдастыру тобы “Қазпоштаның” облыстық филиалының басшылығына барып, бұйымтайларын айтты. Ол тарап та келісімдерін беріп, үш жылдың ішінде Алла тағаланың жердегі үйінің құрылысы қызу қарқын алып, бір толастамады. Жуық арада пайдалануға берілмек. Қазір тиісті құжаттар рәсімделуде. Оның тұрғызылуына белсене ат салысқан азаматтардың есімдерін атап өтсек, артықтық етпес. Солардың бірі – “Роял Групп” ЖШС-нің құрылтайшысы Геворг Карапетян. Оның иелігіндегі бір нысан – асфальт зауыты біздің округте орнығып, 2004 жылдан бері ауылдың өркендеуіне үлкен үлес қосып келеді. Петропавл – Жезқазған, Келлеровка – Тайынша бағыттарындағы жолдарға асфальт жабындысын төсеумен айналысты. Тимирязев, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев аудандарында да қолтаңбаларын қалдырды. Бүгінде 18 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Ақсақалдар алқасының өтінішін екі етпей, намазхананың маңайын асфальттауға 4 млн. теңге бөлді. Бұдан бөлек, техникалармен, құм, қиыршық тас секілді құрылыс материалдарымен көмектесті. Ауыл тұрғындарының оған деген алғысы шексіз.
Мұндай қамқорлықтан “Ер Агро”, “Молодой Агро” агроқұрылымдарының директорлары Анатолий Шушамоин мен Владимир Никитин де шет қалмады. Әрқайсысы есепшотқа 2 млн., ал “Елім – Қызылжар” ЖШС-нің басшысы Владимир Краков 1 млн. теңге аударды. Жеке кәсіпкерлер Юрий Перепечин – 150 мың, Асқар Мәдиев – 150 мың, Әлішер Оразымбетов – 100 мың, Ерғали Ғабдуллин 100 мың теңгеден демеушілік жасады. Көрші Новокаменка ауылының жұртшылығы “байғазы” ретінде 300 мың теңге табыс етті.
Осындай қолы ашық азаматтардың арқасында Архангельск ауылының экономикасы өрге басып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсара түскен. Әлеуметтік, мәдени нысандар жұмыс істеп тұр. Асфальт жол айнадай жарқырап жатыр. Тұрғындардың көңілі шат, келешегі жарқын. малды көптеп өсіріп, бау-бақшамен де шұғылданады. Жаздың қуаңшылығына қарамастан қысқа ерте бастан әзірленіп, жем-шөбін, отын-суын қамдап алған.
Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Осы уақыт аралығында қанша қиын кезеңдерден өтсек те, азаттықтың туы желбіреген маңызды белес ауылдықтар үшін де ерекше қастерлі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында жазғандай, қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Ауыл қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Кіндік кескен атамекеннің қасиетін сезіну тәлім-тәрбиеден, нақты істерден басталады. Оны аялау, қастерлеу – түпкі санада. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел, шаңырағы биік, босағасы берік, керегесі мықты болмақ.
“Ауылына қарап азаматын таны” деп бабаларымыз текке айтпаған. Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігіміз ел десе елеңдеп тұратын жерлестерімнің патриоттық рухымен астас, қанаттас екенін сезінгенде Қазақстанның келешегіне, жасампаздық құдыретіне деген берік сенім беки түседі.
Әлім ТӨЛЕБАЕВ,
ардагерлер алқасының мүшесі.
Қызылжар ауданы, Архангельск ауылы.