Бүгінгі таңда “Еңбек” бағдарламасы аясында солтүстік өңірлерге тұрғындар көптеп қоныстануда. Бағдарлама аясында тұрғын үй алуға, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығыстарын өтеуге субсидиялар беріледі. Биылғы жылы табиғаты көркем Имантау ауылына жеті отбасы қоныс аударды.
Түстіктен келген ағайындардың жағдайымен жақын танысу мақсатында өткен аптаның соңында Имантау ауылына ат басын бұрған едік. Бізді ерлі-зайыпты Бибек Сұлтанбекұлы мен Сәния Өмірғазықызы жақында сатып алған үйлерінде қарсы алды. Отағасы Бибек 1981 жылы Қытай Халық Республикасының Күнес ауданына қарасты Норат ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. 2003 жылы ата-анасы тарихи Отаны – Қазақстанға көшуге бел буады. Сол жылы ағайындарымен бірге Алматы облысы Ақсу ауданының Қапал ауылына қоныс аударады. Үлкен әулеттен тараған балалары Қазақстанда өз отбасын құрып, мал шаруашылығын дамытып, басқа да салаларда қызмет атқарады.
2020 жылы мемлекеттік “Еңбек” бағдарламасының қыр-сырымен танысу мақсатында Бибек ағасы Күмісбекпен бірге Айыртау ауданында болып, бірқатар елді мекендерін аралап көреді. Ағайындыларды Имантаудың табиғаты баурап алып, олар осы жерге қоныстануға бел буады. Биылғы сәуір айында келіп, өз қаражатына үй сатып алады. Бибек пен Сәния отбасында 4 ұл мен 1 қыз тәрбиелеуде. Үлкені Айарыс 9 сыныпты аяқтап, Нұр-Сұлтан қаласында колледжге оқуға түсуге құжаттарын тапсырған. Екінші ұлы Ақберді 7 сыныпта, үшінші ұлы Ақыт 5 сыныпта, келесі ұлы Ақселеу 1 сыныпта оқыса, үйдің кішісі Айым 3 жаста.
Бибекпен бірге оның ағасы Күмісбек те осы ауылдан баспана сатып алып, қазіргі уақытта пәтерін кеңейту мақсатында қосымша бөлмелер салуда. Күмісбек те – бес баланың әкесі.
Бибек Сұлтанбекұлы Имантауға келісімен мал шаруашылығын дамыту мақсатында 6 бие сатып алыпты. “Қымыздан асқан дәм бар ма? Атакәсіп ризықсыз қалдырмайды”. Бие байлап, кәсібін дамытқан бүгінгінің іскер азаматы Бибек Сұлтанбекұлы осылай дейді. Ісін жаңа бастаған кәсіпкер жаздың аптап ыстығынан бастап ауыл тұрғындары мен демалушыларға дертке дауа, емге шипа қымыз бен саумал ұсынып келеді.
Елімізде кәсіпкерлерге мол мүмкіндіктер жасалып жатқандығына ризашылығын жеткізген отағасы Бибек кәсібін кеңейту үшін жайылымдық жер ала алмай отырғандығын айтады.
Бибек пен Санияның шаңырағында олардың достары, бес баланың ата-анасы Биқажы Шәуейұлы мен оның зайыбы Наталья Дәулетханқызы уақытша тұрақтапты. Олар өздеріне лайықты баспана іздестіруде. “Еңбек” бағдарламасы арқылы Арықбалық ауылынан тұрғын үй ұсынылғанымен, ондағы мектепте қазақ тілінде білім беретін сыныптың жоқтығы кедергі болып отыр. Биқажы жиһаз жасаумен айналысады екен, болашақта ерлі-зайыптылар өз цехын ашпақшы.
Имантау ауылына қоныс аударушы Есхат Есдәулетұлының салынып жатқан үйінде де болдық. Есхат мамандығы бойынша автотехник, ал зайыбы Іңкәр Алалбекқызы эколог. Олар үйді ағасы Ықыласпен бірге төрт бөлмелі қылып салуда. Кейін жаңа үйге ата-аналары Ырысбек Есдәулет пен Күлбайра Әшімбек көшіп келмекші.
Жақын маңда тағы бір үй салынуда, онда қоныс аударушылар Кәмал Айтанұлы зайыбымен, екі баласымен және анасымен бірге тұрмақ.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.