«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙІРМЕЛЕР ТЕГІН БОЛАДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спорт күні қарсаңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Петропавл қаласындағы Спорт сарайында болып, ондағы үйірмелердің жұмысымен танысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтың айтуынша, өңірімізде 27 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істесе, оның ішінде 14-і аудандарда орналасқан. Бұл мектептерде 13 мыңнан астам ұл-қыз шынығады. Дүбірлі додаларда өңір намысын қорғап жүрген 9 спорт клубымыз бар. Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Олимпиада резервін даярлау орталығы және облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі де нәтижелі жұмыс істеуде. Жыл сайын спорт саласын дамытуға бағытталған қаржы көлемі де ұлғаюда. Биыл осы мақсатқа 7,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,1 млрд. теңгеге көп. Аталмыш қаражатқа жыл басынан бері 11 шағын футбол және 4 воркаут алаңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.

Құмар Ақсақалов Спорт сарайындағы үйірмелерді аралап, ұл-қыздарға жасалып жатқан жағдайды өз көзімен көрді.

– Облысымызда спорттың дамуына елеулі назар аударылып, мол қаражат бөлініп жатыр. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 33 пайызы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Олар үшін өңірімізде 3 мыңға жуық әртүрлі спорт нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері 4 спорт нысаны іске қосылды. Атап айтқанда, Шал ақын және Тайынша аудандарында дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары, одан бөлек, 2 хоккей корты халық игілігіне тапсырылды. Қазір 8 спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Тағы бір қуанышты жаңалық – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен балалар спорт үйірмелеріне тегін қатыса алады. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан қаражат бөлініп отыр, – деді Құмар Іргебайұлы.

Шара соңында облыс әкімі кішкентай хоккейшілермен кездесіп, сәті түскенде мұз айдынына бірге шығып ойнауға уәде берді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген Вадим МУДАРИСОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp