«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның денсаулығын жақсартып, оның жасын ұзартатын, көңілін көтеріп, сымбатты әрі жігерлі болуына септесетін құдыретті күш болатын болса, ол – спорт. Елімізде дене шынықтыру мен спортты дамытуға қолда бар жағдайдың бәрі жасалып жатқанын атап өткен жөн. Тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спорт күні ретінде аталып өтіледі.

Бүгіндері өңірімізде бұқара­лық спортпен және дене шынықтырумен 179714 адам айналыса­ды. Бұл көрсеткішті одан әрі арт­тыру мақсатында қала мен ауылды жерлерде спорттық инфрақұ­рылымды дамыту үшін қыруар жұмыстар істелініп жатыр. Еліміз Тәуелсіздігін жариялаған жылда­ры облыста балалар мен жасөс­пі­рімдерге арналған 10 мектеп қана болса, қазіргі күні саны 27-ге дейін жетіп отыр. Ал спорттық ны­сандардың саны 1403-тен 2894-ке дейін өсті. Басым бөлігі ауыл­дық жерлерде ашылды. Қазіргі таңда облыстағы балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған спорт мектептерінде 13 мыңнан астам бала жаттығып жүр. Оның 7 мыңға жуығы – ауылдың жеткіншектері

Соңғы жылдары өңірде дене шынықтыру-сауықтыру кешенде­рінің құрылысы қарқынды жүргізі­луде. Жақында осындай кешеннің бірі – Шал ақын ауданының орталығы Сергеевкада бой көтерді. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Булаево мен Мамлют ауданындағы Мамлют қаласында жабық хоккей қораптары қолданысқа берілді. Сондай-ақ 11 шағын футбол алаңы Ғабит Мүсірепов атындағы және Мағжан Жұмабаев, Есіл, Аққайың мен Шал ақын аудандарында салынды. Жыл соңына дейін облыстың елді мекендерінде тағы 10-ы қолданысқа беріледі. Бұған қоса, Саумалкөлде жаңа көпсалалы спорттық кешен тұрғызу жоспарда бар. Петропавлдықтарды да салауатты өмір салтына тарту мақсатында 20 көше тренажері халық игіліне тапсырылады.

Облыста жылына 4 мыңнан ас­там спорттық шара мен түрлі жарыстар өтеді. Бұл көрсет­кішті одан әрі арттыру мақсатында ауыларалық сайыстар, жазда “Ақ бидай”, қыста “Солтүстік” ойындары ұйымдастырылады. Сондай-ақ бұқаралық спортты дамыту мақсатында қаламыздағы орталық саябақта йога мен бой сергітетін таза ауадағы жаттығу, түрлі спорттық флешмобтар ұйымдастырылып тұрады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынына кәміл сенемін.

Облыста кәсіби спортқа да айырықша көңіл бөлінеді. Бүгіндері өңірдің намысын ел біріншіліктері мен халықаралық аренада қорғап жүрген жерлестеріміз көп. Биылғы жылы саңлақтарымыз әлемдік додалаларда бірне­ше рет топ жарып үлгерді. Мәселен, Нұрқожа Қайпанов еркін күрестен Италияда өткен байрақты бәсекеде қола жүлдегер атанып, кейін Азияның екі дүркін чемпионы болды. Гір көтеру спортынан өткен сары құрлық додасында солтүстікқазақстандықтар 17 алтын, 5 күміс және 2 қола медальға ие болды. Мүгедектер спортынан Дубайда өткен жа­рыста Сергей Харламов ұзындыққа секіруден екінші орынға қол жеткізді. Ал оның әріптестері, “Үміт” клубының мүшелері – Владимир Низавитин мен Александр Даськов әлем кубогында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Волейболдан ел біріншілігінде “Қуаныш” клубының қыздары және “Есіл” командасының ерлері қола медальдарды жеңіп алды. Ал баскетболдан “Барыс” жігіттері тур­нирдің жеңімпазы атанды.

Биыл біздің жерлестеріміз төрт жылда бір рет өтетін Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Веложарыста Алексей Луценко, велотректе Артем Захаров ұлттық құрама сапында жаһандық додаға қатысты. Жеңіл атлетикада Михаил Литвин мен Ирина Эктова жарыс жолына шықты. Ирина бұл байрақты додаға осымен 4-ші рет қатысып отыр. Солтүстікқазақстандықтар ел қоржы­нына медаль салмаса да, спорт­тағы алпауыт елдермен терезесі тең өнер көрсетті. Келесі Олимпиадада жерлестеріміздің айы оңынан туатынына сенімдімін.

Балалар спорты және бұқаралық спортты дамыту үшін биыл аудандарда үстел теннисі, тау шаңғысы, бильярд, құзға өрмелеу үйірмелерін ашу жоспарда бар. Бүгіннің өзінде өңірде 609 жаттықтырушы жұмыс істейді.

Барша спортшыларды, жерлестерімді Спорт күнімен құттықтаймын! Алдағы уақытта жерлестеріміздің жетістіктері еселене тү­суін тілеймін. Баршаңызды сала­матты өмір салтын ұстануға ша­қырамын!

Сергей МЕЛЕХОВ,

облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp