«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақан серінің “Жиырма бесі”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамның жастық шағына деген сағыны­шы мен мұңын жеткізетін “Жиырма бес” әні халық арасында кеңінен танымал. Тарих­тың тереңінен жеткен туындының авторы өз сөзінде дүниенің өткіншілігі жайлы фи­ло­софиялық ой толғап, тыңдаушысын бей­жай қалдырмайды. Бұл әннің бірнеше нұсқа­сы бар. Авторлары да әртүрлі. Алайда “Жиырма бесті” Ақан серінің жазғаны туралы еш жерде айтылмайды…

Жүйрікте болмайды көрік сыналмаған,

Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.

Меңзеген асқар тауға асыл көңіл,

Дүниеде еш нәрседен тыналмаған…

Ахау-ай, ай-жалған,

Жиырма бес, қайта айналып келмес са­ған, – деген сөздері бар “Жиырма бес” Зілқаранікі болып шықты. Осы мәтінді және нотасын А.Затевич 1925-1931 жылдары “Қазақтың мың әні”, “Қазақтың 500 ән-күйі” деген елден жазып алған жинағында келтірген. Оған бұл әнді “Зілқараның әні” деп жаздыртқан Қаныш Сәтбаев екен. Жазушы Мұхтар Әуезов те “Абай жолында” Біржан сал Абайға Зілқараның “Жиырма бес” әнін айтып еді дейді.

Беріп кет сақинаңды мыс та болса,

Жүрейік күліп-ойнап қыс та болса.

Таста да етігіңді байпақшаң кел,

Көрейін өз сорымнан ұстап алса, – деген сөздері бар “Жиырма бес” болса, Салғарані­кі болуы керек. Өкінішке қарай, осы екі мәтін де бүгінде бір әнмен айтылып жүрген сыңайлы.

Енді бір “Жиырма бес” – Қытай елінен келген Хамит Ысқақұлы айтатын ән. Бұның әні – бір ғажап классика. Осы нұсқаның алдыңғы “Жиырма бестерден” әні де, мәтіні де бөлек. Бұл ән – бір дәуірдің шәжіресін көтеріп тұр. Осы әнді шығарған жан – қазақ ән шығару өнерінде аса биікке жеткен адам екені сөзсіз. Қытайда оны “халық әні” деп айтады екен. Ал Ілия Жақановқа жазушы Әнес Сарай бұл әннің Шортанбайдікі еке­нін айтқан екен. Осыны дәлел еткен біздің Ілия ағамыз бұл әнді Шортанбайдікі деп жазып жіберді. Ал Манаш Қозыбаев Қапаш Құлышеваға “бұл әнді Ахмет Байтұрсынов жазған”, – депті. Дегенмен Шортанбай мен Ахмет Байтұрсыновтың қолдағы жинақта­рын ашып қарайтын болсақ, ешбірінде Хамиттің айтқан мәтіндері жоқ.

“Ақан серінің поэзиясынан үлкен орын алатын шығармаларының парасатты ой-тол­ғаққа арналғаны аз емес. Олары жүйелі де орынды, діндар Ақан, не сері Ақан емес, қазақтың үздік ойшыл Ақан серісі екенін көрсетеді. Оның серілігінің негізінде мейірбандық, қамқорлық, жанашырлыққа негізделген бекзаттық басым десек, ұлағатты сөздері де сол төңіректен көрінеді:

“Алтынды қорлағанмен жез болмайды,

Жібекті жуғанменен бөз болмайды.

Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,

Жаманның көкірегінде көз болмайды, – деген сөздер неден кем?! “…Нағыз дала философиясының дара да, дана түрі емес пе?” – деп Кәкімбек Салықов ағамыздың 1935 жылы Сәкен Сейфуллиннің латын қарпінде Ақан серінің “Таңдамалы өлеңдері” деген жинағындағы серінің “Асыл мен жасық” деген он екі шумақ толғауына тамсануы тегін емес қой. Осы өлеңнің төрт шумағы төмендегідей:

Сауғанмен жалғыз сиыр іркіт болмас,

Өнерді бойға біткен іркіп болмас.

Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай,

Сұңқылдап күшіген құс бүркіт болмас.

(Қарқылдап қара қарға бүркіт болмас),

Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,

Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.

Ел көркі дәулет екен әзелдан-ақ,

(Мысалы әр нәрсенің бәрі сондай),

Дәулетсіз ел болса көркі болмас.

(Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас),

Мәстектен тұлпар артық шаппаса да,

(Жабыдан тұлпар шықпас баптағанмен),

Тексізден текті тумас мақтаса да.

(Жаманның аты шықпас мақтағанмен).

Баласы ителгінің қу ілмейді,

(Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды),

Алтыннан тұғыр қылып сақтаса да.

(Алтындап томағасын баптағанмен)

Жабыға тоқым салма, жалы бар деп,

(Жабыға айғыр салма, жалды екен деп),

Жаманға басыңды име, малы бар деп.

(Жаманмен жолдас болма, малды екен деп).

Жануар деп сипайды әрбір малды,

(Жүйрікті жол үстінде тастап кетпе),

Шошқаны кім сипайды жануар деп.

(Қан түсіп аяғына қалды екен деп),

А-хау,а-хау заман,

Хош бол аман,

Жиырма бес, қайта айналып келмес саған…

Хамит Ысқақұлы әнде Ақан серінің сөзімен айтып келіп, жақшада жазылған мәтінге түседі. 3-4 шумақтарды жақшадағы мәтіндермен айтады. Жалпы айтайын де­ген ойы сақталған, ал сөздері уақыт өте орындаушылардың есте сақтау қабілетіне қарай өзгеріске ұшыраған болуы керек.

Ақан сері де сол заманның ақын-ком­по­зиторлары сияқты әнді, мәтінді өзі шы­ғарған. Сондықтан мәтін, кімдікі болса ән де соныкі. Бұл мәтін Ақан серінікі, ендеше ән де Ақандікі. Кезінде бұл туындыны есті­ген Ілия Жақанов: “Әр шумағы үзіліп түскен гауһардай, кәдімгі қара өлең боп әркез айтылып та жүрді. Бір шумақ бір-бір ой. Ол көне фольклорлық нұсқадан гөрі ойшыл ақын, не сал-серінің толғанысына ұқсайды. Ән қайырмасының өлшемі, құрылысы Ар­қаға ғана аян “Жиырма бестің” тосын нұсқасын танытқандай болды”, – деп дөп басқан. “Әудем жер, “Көк жендет” әндерінің мәтіндері сол жинақта Ақандікі деп берілген, ендеше әндері де Ақандікі. Сондықтан “Балқадиша”, “Құлагер”, “Қараторғой”, “Маңмаңгер”, “Сырымбет”, “Майда қоңыр”, “Ләйлім шырақ”, “Шырмауық” сынды мәңгі өлмес әндер қалдырған Ақан сері “Жиырма бес” әнін де шығарған деп сеніммен айта аламыз.

Мұсатай ҒАЛЫМҰЛЫ,

өлкетанушы.

Көкшетау қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp