«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Балалар да вирус жұқтыруда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Пандемия басталғалы өңірімізде коронавирус инфекциясын 20256 адам жұқтырды. Тамыздың 15-і күні облыста 163 тұрғынның қауіпті дертке шалдыққаны белгілі болды.

Облыс орталығында індет 90, Қызылжар ауданында 20, Тайынша ауданында 11 адамнан анықталды. Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы, Уәлиханов, Есіл, Аққайың, Жамбыл, Ақжар, Мамлют аудандарында да жаңа жағдайлар тіркелді. Бір аптаның ішінде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1062-ден 1113-ке жетті. Соңғы аптада инфекция жұқтырғандармен байланыста болған 1790 адам анықталды, соның ішінде 480 адам КВИ-ға қарсы екпе алған. Бұл адамдар үй карантиніне жіберілмеген. ПТР әдісі бойынша зертханалық талдаулар жүргізілмейді, тек олар медициналық бақылауда болады.

Өңірде коронавирус жұқтырғандарға арналған 1715 орын бар, соның қазір 47 пайызында науқастар ем алуда. 58 сырқаттың жағдайы аса ауыр, олар жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз конференциясында балалар арасында да ауру көптеп таралып жатқаны айтылды. Жалпы індет басталғалы 839 бала коронавирус инфекциясын жұқтырды. Шілде айында стационарларға түскен балалар саны 4 есе көбейген.

– Қазір 218 бала дәрігерлердің бақылауында. Олардың 22-сі стационарда ем алып жатыр, жағдайлары орташа. Бұрын балаларда қауіпті індеттің белгілері кездесе қоймайтын немесе жеңіл өтетін. Қазір олардың да дене қызуы көтеріледі, өкпелері қабынып, демалулары қиындауда. Облыс бойынша қазір 196 бала амбулаторлық ем алып жатыр, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов.

Қазіргі кезде өңір “қызыл аймақта”. Бұған аурудың көптеп таралуы, республика аумағында “дельта” штамының тіркелуі, сондай-ақ тұрғындардың карантин талаптарын сақтамауы себеп болып отыр.

– Тамыз айында мектеп оқушылары арасында ауру жұқтырудың 128 жағдайы тіркелді. Сол себепті жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарды вакцина алуға шақырамыз. Екпе – бізді “COVID-19”-дан қорғайтын жалғыз жол. Өздеріңіз көріп отырғандай, вирус ешқайда кеткен жоқ. Қайта мутацияға ұшырап, ауру таралуда. Әрбір отбасы қауіпті індетпен бетпе-бет келуде. Екпе алған соң да кейбір адамдар ауырып жатыр. Алайда оларда ауру жеңіл өтуде. Сондықтан әр адам өзінің және жақындарының денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс, – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Татьяна Горлова.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp