Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Qyzyljar” экономикалық аймағында салынып жатқан “CLAAS” зауытында болып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.
Ауыл шаруашылығы техникаларын шығаратын неміс кәсіпорнымен жүргізілген келісімнің нәтижесінде 35 жылдан бері бос тұрған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу шаралары бір жылдың ішінде аяқталды. Жалпы аумағы 7 гектар жерді алып жатқан өндіріс орны толықтай қалпына келтіріліп, 1,6 млрд. теңге инвестиция бағытталды. Жүзге жуық адам жұмыспен қамтамасыз етілді.
– Нысан толық дайын. Енді тиісті қондырғылар орнатылып, техникалық бөлшектер әкелінгеннен кейін немістің қуатты комбайндарын құрастыру басталады. Бұл өңіріміздегі өте тиімді әрі ауқымды жоба болып саналады. Солтүстікқазақстандық шаруалар үшін техниканы өзімізде құрастыру сырттан сатып алғанға қарағанда 38 пайызға арзанға түседі. Жыл соңына дейін 90 комбайн құрастыру жоспарланып отыр, – деді Құмар Іргебайұлы кәсіпорын ұжымымен кездесуде. Өңір басшысы ауыл шаруашылығы техникалары өз тұтынушыларын табатынына сенім білдірді.
“CLAAS” компаниясының жоба үйлестіруші Вальдемар Приб Ресейдің Краснодар өлкесіндегі зауытты мысалға келтіре отырып, мұнда күніне кемі 4 комбайн құрастырылатынын жеткізді. Оның айтуынша, сынақтан өткізу мерзімі де белгіленген. Ондағы мақсат – бөлшектердің жинақтау процесін аяқтамастан бұрын тағы бір мәрте жіті тексерістен өткізу, монтаждау кезінде жіберілген ағаттықтарды дер уақытында түзету.
Зауытта қысқа таман тракторлар мен егіс кешендері, ал келесі жылы сеялкалар да құрастырылатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Виталий Власенко.