Тарих беттерін парақтайтын болсақ, қазақ халқы бастан кешірген аштық адамның сай-сүйегін сырқыратып, санасын сансыратып жібереді. Талай шаңырақты күйреткен ақтаңдақ кезеңнің қайғы-қасіретін ішіне сыр ғып бүккен архив құжаттары айналымға қосылса, қаншама ақиқатқа көзіміз жетер еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласында бұл бағыттағы кезек күттірмес міндеттерді белгілеп берді. “Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек”, – дей келіп, күрделі мәселеге ұстамдылықпен, жауапкершілікпен қарауға, жалпы тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізуге шақырды.
Миллиондаған адамды аштан өлтіріп, тірі қалғандарын жан-жаққа тарыдай шашыратып жіберген алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі 1921-1922 жылдардан басталатынын біреу білер, біреу білмес. Тарихшылардың айтуларынша, қасіретті тағдырдың талайынан өткен қазақ халқы коммунистер үстемдік құрған жылдар ішінде, яғни 1918 жылдан 1933 жылға дейінгі аралықта үш ашаршылықты бастан кешірген. Бұл зұлматтар ауыл тұрғындарын азалы да қазалы апатқа ұрындырып, соңғысының зардабы бәрінен де асып түскен. Тұтас халық басына орнаған қырғын социалистік қоғамды әбден меңдеп алған небір сорақы саясаттың бет пердесін ашып, әшкерелеп берді. Алаш зиялылары қазақ халқын отырықшылық сияқты дәстүрлі шаруашылығынан, ата кәсібінен күштеп айырмауды, зорлап ұжымдастырмауды қанша ескертсе де, үстем, озбыр күш дегеніне жетіп тынды. Ұлтқа жасалған қысастықтың ақыры мыңдаған отбасылардың басы ауған жаққа қаңғып, аштан қырылуына соқтырды. Архив құжаттарына сүйенсек, 1929 жылы республикадағы 44 млн. 723 мың бас малдан 1934 жылы 4,5 млн. бас қана қалған. 1930 жылы тұрғындардың саны – 317 мыңға, 1932 жылы 769 мыңға кеміген. Сол жылдары болған 372 көтерілістің бәрі қарулы күшпен басылып, аяусыз жазаланған. Ұжымдастыру жылдары 150 мыңнан астам адам жауапқа тартылған. Жүздеген мың адам Қазақстаннан тысқары жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған. Ғұлама тарихшы Манаш Қозыбаев 1931-1933 жылдары 2 млн. 100 мың адамның аштан өлгенін, оның 1 млн. 750 мыңы қазақтар екенін айтса, кейінгі кездері аштан қырылғандардың саны 4-5 млн. деген мәліметтер келтіріліп жүр.
Әміршіл-әкімшіл өктемдік өрттей лаулап тұрған кездің өзінде БК/б/ П орталық, өлкелік комитеттеріне, тура Сталиннің өзіне толассыз ағылған, қардай жауған хаттар мен арыз-шағымдар мен аштықтың тірі куәгерлерінің естеліктерін бейжай оқу мүмкін емес. Атақты “Бесеудің хатына” қол қойғандардың бірі – жерлес жазушымыз Ғабит Мүсірепов. Хат 1932 жылы 4 шілдеде, яғни миллиондаған бейбақтардың сүйектері қара жолдың бойында шашылып, жинаусыз қалған қанжоса уақытта Голощекинге бағытталып, оның “асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын” деген ұрдажық шолақ саясаты өткір сын тезіне алынады. Қолдан жасалған қысастық салдарынан мал басының қисапсыз кеміп кеткені, тірлік етерліктей тігерге тұяқ қалмай, жылы қонысынан амалсыз ауғандарға, жаппай қырылып қалған аш-арықтарға нақты көмек көрсетілмей жатқаны, барлық жерде көптеген қазақ, кейбір орыс аудандары аштыққа ұшырағаны, нағыз көзбояушылар, көпірме жоспарлар жасаушылар, оның үстіне өздеріне жүктелген тапсырманы орындай алмағандар “бәрі жақсы деп” жауырды жаба тоқитыны, бірақ сабақ боларлықтай сазайын тартпайтыны, жемшөп қорының таусылғаны, халықта мал өнімдерінің қоры түгесілгені, малдың көп сойылуы тіпті үдеп кеткені бетіне басылғанымен, шын сөзге Голощекин мен оның төңірегіндегілер құлақ қоюдың орнына байшылдық пиғылды көксеген ұлттық көрініс деп бағалаған.
Ораз Исаев Сталинге жолдаған хатында мал шаруашылығы тұп-тура қиямет жағдайға ұшырап отырғанына назар аударуды өтінеді. Орталық Қазақстанның 10-12 қазақ ауданында халықтың едәуір бөлігі аш-жалаңаш. Көктемде 10-15 мың адам аштан өлген. 1929 жылмен салыстырғанда көптеген қазақ ауылдарында тұрғындардың жартысы да қалмаған. Семей, Ақтөбе аудандарында, теміржол бойларында панасыз балалар, аштан бұратылған жандар сеңдей соғылысады десе, Тұрар Рысқұлов қазақтар өнеркәсіпті елді мекендер төңірегінде жұмысқа орналаса алмай тентіреп жүргенін, солтүстік өңірлерде қайыршылық балалар арасында айрықша етек алғанын, аштықтың салдарынан кісі өлтіру мен тонаушылық тым көбейіп кеткенін ашына жазады. Өз сөзіне дәйек ретінде Орта Еділге – 40 мың, Қырғызстанға – 100 мың, Батыс Сібірге – 50 мың, Қарақалпақстанға – 20 мың, Орта Азияға 30 мың қазақтың еріксіз қоныс аударғаны, лек-легімен Москва вокзалына шұбырып келе бастағаны, Сібір теміржолы маңындағы станцияларда 10 мың қазақтың босып жүргені, күн сайын 5-10 адам өлетіні, Сарысу ауданында 7 мың қожалықтан 500-дейі ғана қалғаны, Әулиеатаның шайханаларында 20 баланың сүйектері жинап алынғаны, 84 ересек адамның аштан өлгені, Семей ауданындағы балалар үйінің бірінен 20 қазақ баласының іріп-шіри бастаған өлігінің табылғаны, Торғайдағы балалар үйінде 4 жасқа дейінгі жетім балалардың түгел қырылғаны, осындай жаға ұстатар, көз сенбес небір сұмдық оқиғалар келтіріледі.
Осы тақырыпты зерделеу барысында бірқатар деректерді кездестірдім. Солардың бірінде өмірінің біраз жылын Қызылжар өңірінде өткізген ұлағатты ұстаз Сейтен Сауытбеков “Аштық апаты” естелігінде 30-шы жылдары бастан кешкен қиямет-қайымын еш әсірелеусіз суреттейді. “Ішім алай-дүлей. Қазақты қан құстырған, тең жартысын жер жастандырған, ата қонысынан аударған нәубеттің белгілі адамдардың қолымен ұйымдастырылғаны бұл күнде ашық айтылып жүр”, – деп жүрегі қарс айырылады. Қазақстанды ширек ғасырға жуық басқарған Дінмұхамед Қонаевтың “Ақиқаттан аттауға болмайды” естелік-эссесінде де мынандай жолдар бар: “…Ауылдан адам төзгісіз, ауыр жағдайды естіген сайын аза бойымыз қаза тұратын. Шалғайда жүрсек те, арқамызға аяздай бататын. Бірде үйден хат алдым. Қабырғалары қайысып жазыпты: ел ішін аштық меңдеп, жығылғанға жұдырық – індет жайлапты. Оны өз көзіммен көрдім. Түрген селосында тұратын әке-шешеме келсем, тігерге тұяқ жоқ, ел әбден азып-тозыпты. Аттап бассаң, кісі өлімі, зарлаған ана, жылаған бала. Балтабай, Маловодное ауылдарында түндігі ашылмай қалған шаңырақта есеп жоқ. Бұл бірер ауылдың тартқан тақсіреті емес, исі қазақтың басына түскен нәубет болды ғой”.
Ашаршылық тақырыбын толық ашып, бүге-шігесіне дейін зерттеу – тарихшы ғалымдардың алдында тұрған басты міндеттерінің бірі. Тарихтың мұндай қаралы кезеңін ұмытпау бәріміздің асыл парызымыз болуы тиіс. “Өлі риза болмай, тірі байымайды” демекші, құрбан болғандарды ұмытпау, есімдерін қастерлеу өркениетті елге тән үрдіс десек, бұл бағытта кешенді іс-шаралар дәйектілікпен жүзеге асырылады деген сенімдеміз.
Назерке РАМАЗАНОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің магистрі.