Өткен жылыту маусымында облыстағы жеке тұрғын үй секторында 390 өрт тіркелді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 33 пайызға көп. Өңірде тұрмысы төмен отбасылар, жалғызілікті қариялар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар тұратын 4557 жеке тұрғын үй бар. Оларда 17 мыңнан астам адам тұрады, соның 5 мыңға жуығы – бала. Бұл үйлер қауіп-қатер тобы ретінде өртсөндірушілердің ерекше назарында.
– Бұл мекенжайлар бізге жақсы таныс. Жергілікті атқарушы органдармен, полиция қызметкерлерімен, волонтерлермен бірге жиі барып, тексеріп тұрамыз. Өрттің алдын алу үшін түрлі механизмдерді қолданып жатырмыз. Бұл үйлерге мыңнан астам дабылқаққышты тегін орнаттық. Нәтижесі жаман емес, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов.
Алайда әлі күнге дейін өрт қауіпсіздігі ережесін елемей тұрып жатқан 600-ден астам жеке үй бар екен. Өрттің шығуына көп жағдайда пештің жарамсыздығы, электр қондырғыларын орнатуда және пайдалануда ережені сақтамау, отпен ойнау, яғни спирттік ішімдік ішіп, темекі тарту себеп болады. Барлық өрттің 28 пайызы Петропавлда, 12 пайызы Қызылжар және 11 пайызы Мағжан Жұмабаев аудандарында болған.
– Біздің бастамамызбен алғаш рет Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде 6 адам пеш салушы мамандығын алып шықты. Қазір оларды жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп жатыр, – дейді Рамиль Камалов.
Оның айтуынша, ескі үйлерді бұзу, бұрын газдан ажыратылған көпқабатты үйлерді қайта қосу, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға түтін туралы хабар беретін арнайы қондырғылар орнату секілді жұмыстарды жалғастырса ғана өрттің азаюына сеп болады.
Ақерке ҚАБЫКЕЕВА.