Солтүстік Қазақстан облысында соңғы уақытта қысқа деп жиналған шөптің өртенуі жиілеген. Оған көп жағдайды отты абайсыз қолдану себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Дмитрий Растихиннің айтуынша, өткен аптада облыста қысқы мал азығына жинаған шөптің өртенуінің 5 дерегі тіркелген. Соның бірі 15 тамыз күні Шал ақын ауданы Бірлік ауылында болды.
«Өрт сөндіру қызметіне Бірлік ауылындағы қораның бірі өртенгендігі жөнінде хабар сағат 15.45 шамасында түскен. Қорадан шыққан жалын оның жанында үйіліп тұрған әрқайсысы 300 келілік 72 орама шөпке ауысқан. Өрт сөндірушілер мен жергілікті серіктестіктің ерікті өрт сөндіру құрылымы жалынды тек сағат 21.31 минутта толық сөндірді. Жарақаттанғандар мен қаза тапқандар жоқ. Қора мен 21,6 тонна шөп толық жанып кетті. Өрттің шығуына электр желілерінің қысқа тұйықталуы себеп», – дейді Дмитрий Растихин.
Тағы бір өрт Аққайың ауданы Тюменка елді мекеніндегі серіктестіктердің бірінің қоймасында шөпті арту кезінде шыққан.
«Қоймада 15 тоннадай шөп болған, бұл – 75 орама. Өрттің салдарынан 5 тонна – 25 орама шөп жанып кетті. Мұның барлығы былтырғы шөп. Трактордың түтігінен ұшқын ұшып, өрттің шығуына сол себеп болған. Өртті Тоқшын елді мекенінде орналасқан өрт сөндіру бекеті қызметкерлері және серіктестіктің ерікті құрылымы сөндірді», – дейді Аққайың ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Ержан Шәріпов.
Мамандардың айтуынша, өрттің шығуына көп жағдайда отты абайсыз қолдану себеп болып жатады.
«Жасырып не керек, кей көршілер жанжалдан кейін кек алу мақсатында да шөпке от қояды. Оның салдарын ойламайды. Жалпы сабан-шөпті үйдің, монша мен басқа да шаруашылық нысандарының жанына үюге болмайды. Оның электр таратқыштармен ара қашықтығы 15 метр, жолға дейін 20 метр және ғимараттар мен құрылыстардан 50 метр қашықта орналасуы қажет», – дейді Дмитрий Растихин.
14 тамыз күні СҚО-да өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Ол 15 қазанға дейін жалғаспақ. Мамандар үй-үйді аралап, өрттің алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізбек.
https://www.inform.kz/