Елімізде күзге қарай қымбаттайтын тауардың бірі – қант. Бақшадағы дақылдар пісіп, халық қысқа қамданатын кезде бағасы өсіп шыға келеді. Биыл да сол үрдіс. Ұлттық статистика бюросы облыстық департаментінің мәлімдеуінше, өңірде қанттың бағасы 10 пайызға өскен екен. Қанттың қымбаттауы басқа өнімдердің де бағасына әсер ететіні анық. Мәселен, өңірде май мен нан, ұн, дақылдар мен балық, ет-сүт өнімдері, тіпті тәтті тоқаштарға дейін бағасы өскен. Киім-кешек, ыдыс жуатын сұйықтықтар мен гигиеналық заттар, құрылыс тауарлары, дәрі-дәрмек, жанармай да қымбаттады. Автокөлік 7 пайызға, электр қуатының тарифы – 18,55, көгілдір отын 9,9 пайызға өсті.
Коронавирустық инфекцияның салдарынан тауарлар ғана емес, қызмет түрлері де қымбаттап барады. Пошта тасымалы, сақтандыру, нотариалдық қызметтеріне де бұрынғыдан көбірек төлеуге тура келеді. Статистика департаментінің ақпаратына сүйенсек, өңірде күріш – 10, жұмыртқа 8 пайызға арзандапты. Ал соңғы 7 айдағы өңірдегі инфляция 5,3 пайызды құрап отыр.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.