«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭТНОТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫНА АЙНАЛМАҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде Уәлиханов ауданындағы Қызыл оба қорымында аспан астындағы мұражай ашу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта құнды жәдігерлерге бай бірегей археологиялық нысан этнотуризм орталығына айналмақ. Кешенді іске қосуға республикалық қазынадан 55 млн. теңге бөлінген.

Мұражай ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып жүрген мамандардың айтуынша, басты мақсат – қорымға табиғи-климаттық жағдайлардың әсерін азай­ту. Мәселен, тасқын судан қорғау үшін іргетасы бетоннан құйылуда. Ал жабындысы ұзақ уақытқа шыдас беретін мырыш жалатылған металл конструкциясынан жасалады. Қызыл оба­ға электр желісі тартылмаған. Сондықтан нысанды табиғи жарықпен қамту көзделуде. Ол үшін үлкен терезелер орнатылады. Ал кесененің кіреберісі Алтын орда кезеңіне сай стильде безендіріледі. Облыстық та­рихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рахат Мәмбеталинов биыл қазба жұмыстарының аумағы кеңейгенін, зерттеу барысында ортағасырлық стилобат табылғанын айтты. Кірпіш төселген мұндай алаң тек беделді адамдардың мазарының алдына салынғанын, сонымен қатар аталмыш жерде діни рәсімдер орындалғанын айғақтайды.

Уәлиханов ауданындағы қорғанда археологиялық жұмыстар 2019 жылы басталған болатын. Қазба барысында ежелгі мазардың орны табылған. Ғалымдардың болжамы бойынша, XIV-XV ғасырдың екінші жартысында соғылған кесенеде Шыңғыс ханның ұрпақтары жерленуі мүмкін. Жалпы билеушілердің кесенелерінің табылуы Алтын орда дәуірі мен қазақ-ноғай кезеңінде Солтүстік Қазақстан аумағы көшпенділердің мәдени және саяси орталығы болғандығын дәлелдейді.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp