Солтүстік Қазақстан облысында теміржолдағы қауіпсіздік ережесін сақтамаудан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оңтүстік-Орал теміржолы Петропавл бөлімшесінің мәліметінше, қауіпсіздік ережесін сақтамаудан екі адам теміржолда мерт болды. Былтыр осы мерзімде 4 адам осылай көз жұмған еді.
Жалпы биылғы 7 айдың ішінде Оңтүстік-Орал теміржолында пойыз басып кету, электр тогы соқуы секілді 40 жағдай тіркелген. Салдарынан 40 адам жарақат алса, соның 31-і қайтыс болды. Былтыр осы уақытта 27 адам мерт болса, тағы 10-ы жарақат алған.
«Көлік оқиғаларын тергеу барысында, оқыс оқиғаларға негізінен адамдардың өзі кінәлі екендігі анықталды. Олар жеке бас қауіпсіздігін сақтамай, теміржолды арнайы белгіленбеген жерден және келе жатқан пойыздың алдынан кесіп өтпек болған», – делінген хабарламада.
Жүйелі жүмыс нәтижесінде биыл балалар мен жасөспірімдер арасында қайғылы жағдай тіркелген жоқ. Теміржол қызметкерлері мектептерде балалармен кездесіп, түсіндіру жұмысын жүргізеді. Арнайы роликтер мен мультфильм де түсірілген.
«Теміржол – аса қауіпті нысан, сол себепті тиісті ережені қатаң сақтаған жөн. Теміржолды арнайы белгіленген және жарақтандырылған жерден, сәйкес жол белгілері бар жолаушылар өткелінен, тоннельден, көпірден, теміржол өткелдерінен кесіп өту қажет. Өтпес бұрын келе жатқан пойыздың жоқтығына көз жеткізу керек», – дейді теміржол қызметкерлері.
https://www.inform.kz/