Отбасында баланы ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақы таным-түсінікпен тәрбиелеудің маңызы зор. Сонда ғана елін сүйетін, жерін қорғауға әзір, рухани бай, ұлтжанды ұрпақ өсіп шығады. Тәлімді тәрбиесімен, үлгілі өнегесімен танылған жас отбасылардың бірі Ақжар ауданында тұрады.
Бекенай әулеті Моңғолиядан ата жұртқа ел Тәуелсіздік ала, яғни 1992 жылы оралған екен. Құшақ жая қарсы алған арайлы Ақжар жерін бақыт мекеніне балайтын Тұңғыш Бекенай осында білім алып, өсіп-өнгенін айтты. Сондықтан қасиетті жерді ештеңеге айырбастағысы жоқ. Қайта осы өңірдің гүлденуіне отбасымен өзінің үлесін қосуда. Бүгінде Талшық ауылында тұратын Тұңғыш Бекенай мен Роза Хайрат – төрт баланың әке-шешесі. Бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отырған ерлі-зайыпты 2010 жылы ғана отау құрғанын ескерсек, болашақта “Алтын алқалы” ата-ана атануларына зор мүмкіндік бар.
Тұңғыш аудан орталығындағы өнер мектебінде балаларға домбырадан дәріс берсе, аяулы жары Бестерек орта мектебінде мұғалім болып жұмыс істейді. Қоғамдық шараларға да белсене қатысады. Үстіміздегі жылы “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының облыстық кезеңінде жүлдегерлер қатарынан көрінген бұл отбасы ағайын-туыстың мерейін асырып, аудан намысын абыроймен қорғады. Көпке үлгі өнегелі отбасы өнерлерімен жиналғандарды ерекше таңғалдырған болатын.
“Келіні жақсы үйдің – керегесі алтын” демекші Роза да көргенді келін. Ағайын-туыстың көңілін тауып, үй мен түздің шаруасын бірдей атқарып отырған ол шаңырақтың құт-берекесі іспетті. Ұрпақ тәрбиесін де ұмыт қалдырмай, балаларының жағдайын жасауға барынша күш салуда. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, сыйластықтарына сызат түспеген осындай отбасыларды көргенде көңілге қуаныш ұялайды. Әр қазақтың отбасы осындай болса ғой.
– Балаға жақсы тәрбие беру – ата-ананың ең басты міндеті. Қазақта “ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген жақсы сөз бар. Ертең ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге келмес үшін бүгіннен бастап ұрпағымыздың саналы, ибалы, тәрбиелі, білімді болып өсуіне барынша жағдай жасауымыз қажет. Сондықтан отбасында ұлттық құндылықтарға, салт-дәстүрге ерекше назар аударамыз. Ал ұлттық дәстүр, әдет-ғұрыпты бойына сіңіріп өскен ұрпақ жаман болмайды, – дейді Тұңғыш Бекенай.
Әлемде сәби күлкісінен асқан қуаныш бар ма? Жасұлан, Жансая, Жансұлудың соңынан ерген кіші қыздарының есімі Жанайым. Ізгілік пен махаббат орнаған ортада сәби күлкісімен бақытқа кенелген жұбайлар ұл-қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, елдің ертеңі үшін аянбай еңбек етер ұрпақ тәрбиелеуді алдарына мақсат етіп отыр.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.