«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШЫРАЙЫ АРТҚАН ШАҺАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бір көрінісі – облыс орталығының көркі десек артық айтқандық болмас. Елдің шетінде орналасқан Петропавл қаласы соңғы жылдары адам танымастай өзгерді. Жаңадан шағынаудандар пайда болып, әлеуметтік нысандар тұрғызылуда. Бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, шаһарды абаттандыруға жұмсалуда. Оның қалай жүзеге асырылып жатқанын көру мақсатында облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс қызу жүргізіліп жатқан нысандарды аралап қайтты.

Өңір басшысы бастаған топ алдымен көше бойында салынып жатқан суағарлар құрылысымен танысты. Жеке үйлер орналасқан аудандарды көктемде еріген қар суы басып, күздегі толассыз жаңбырда тұрғындар балшық кешіп, қиындық көретін. Мәселенің шешімі табылғандай, арық қазылып, шалшық су ағатын арна пайда болды.

– Су басу қаупі жоғары аудандарды анықтап, мәселені шешу туралы берген тапсырмаңызға сай жұмыстарды атқарып жатырмыз. Ондай жерлер бізде аз емес. Ең негізгісі ретінде 6 учаскені таңдадық, Жұмысшы кентінде жалпы ұзындығы 5 шақырымды құрайтын суағар салынып жатыр. Исмайлов көшесінің бойына, яғни Жамбыл мен Нұрсұлтан Назарбаев көшелерінің аралығына арық жасаймыз. Жоспарланған жұмысты биыл аяқтаймыз, – деді Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков.

Мұнан соң облыс әкімі жылу желілерін жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мұнда да жұмыс қызу. Өңір басшысы қылышын сүйреткен қыс қыр астында екенін, сондықтан қарқынды арттырып, жұмысты уақытында аяқтау қажеттігін ескертті.

Жергілікті атқарушы билік өкілдері басты назарда ұстап отырған мәселенің бірі – тұрғын үй қорын жаңғырту. Ол үшін ескі үйлерді жөндеп, аулаларды көркейту қажет.

– Қазір облыс орталығында 1 мыңнан астам көпқабатты үй бар. 2011 жылдан 2020 жылға дейін 170 көп қабатты үй күрделі жөндеуден өтті. Шатырды жөндеу кезегінде 38 баспана тұр. Үстіміздегі жылы тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы арқылы шатырларды ауыстыруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бұл бағдарламаға республикалық бюджеттен қаражат берілмегендіктен тоқтатылған болатын.

Сұраныстың жоғары болуына байланысты бағдарламаны қайта іске қостық. Биыл 14 көпқабатты үй жөнделеді. Осы бағдарламаның арқасында қаланың тұрғын үй қоры жаңара түседі, – деді Құмар Іргебайұлы.

Көпқабатты үйлердегі көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатқан мәселенің бірі – жеделсаты. 9-шы қабатқа жаяу шығып жүрген күндер енді артта қалғандай. Соңғы жылдары бұл сұрақ түбегейлі шешілді десе де болады. Нұрсұлтан Назарбаев көшесіндегі 136 үйде болған облыс әкімі өткен қыста тұрғындарды алаңдатқан мәселені шешуге уәде бергенін айтты.

– Қыста біз осы үйде болдық. Жеделсаты болмағандықтан тұрғындар жылдар бойы баспалдақпен көтеріліп келген. Бұл, әсіресе мүгедектерге қиын. Сондықтан оны қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Бүгін барлық жұмыс аяқталды. Жалпы қаладағы көпқабатты үйлерде 367 лифт орнатылған, оның 8-і жұмыс істемейді. Биыл осы 8 үйдің тұрғындары қиындықтарды ұмытады, – деді тұрғындармен кездескен облыс әкімі.

Үйлердің қасбетін ғана жылтыратып қоймай, аулаларды жөндеу қажет. Соңғы 4 жыл ішінде қалада 386 аула жөнделді. Биыл 60 аула жоспарланған болатын, іс жүзінде 78-інде жөндеу жүргізілді. Соңғы жылдары 261 ойын алаңы орнатылса, биыл тағы 60-ы жөнделіп, 20 жаттығу кешені пайда болады.

Өңір басшысы Солнечный-2 шағынауданында болып, құрылыс жұмыстарымен танысты. Осыдан аз уақыт бұрын ғана шөп басып жатқан далада бүгіндері жаңадан үйлер тұрғызылып, көрікті мекенге айналды. Құмар Ақсақалов жұмыстарды бәсеңдетпей, су, жылу желілерін уақытында тартуды тапсырды.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp