Менің жасым тоқсанға келіп қалды. Ал менің атамның өмірден өткеніне жетпіс жылдан асты. Сонда да айтқан ақылы мен өнегесі әлі есімде. Бірақ албырт шақта кейбір есті әңгімелеріне жіті назар аудармағаныма өкінемін.
Мен бес жасымнан бастап Құран оқуды үйрендім. Атам кешкі намазын аяқтаған соң, аяттарды ұмытып қалмауымды қадағалайтын. Маған жаттаған аяттарды мектепте, не басқа жерлерде айтуға рұқсат бермеді. “Мектепке барып, жазу-сызуға үйренген соң, білген аяттарыңды көшіріп, әжеңнің сандығына салып қой. Әжең оны жоғалтпайды”, – дейтін. Олай айтуының өзіндік себебі де жоқ емес. Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі тұсында саясат дінге қарсы болды емес пе?
1938 жылдың қыркүйек айы болатын. Атам қара биесін жегіп, мені мектепке апарды. Мектептің маңайы толған адам. Оқу ордасының директоры Олжабай Макин жаңа оқу жылымен құттықтап, балалар мен ата-аналарға ізгі тілегін жеткізді. Бірінші сыныпқа 16 оқушы қабылданды. Ұстазымыз – Жамал Макина. Сыныптағы он партаға бір қыз, бір ұлдан жайғастық. Мұғалім біздің сауатымызды тексерді. Содан кейін тәртіп, оқулықты қалай ұстау, ұқыптылық туралы ескертулер айтылды. “Кім не біледі (санау, өлең, тақпақ)”, – деп еді, мен қолымды көтердім. Жүзге дейін санайтынымды, “Батыр Ворошилов” шығармасы мен 3 аят білетінімді айттым. Ұстазымыз өлең оқуға қолқа салды. Тақтаның алдына келіп, қысылмай айтып бердім. Сол сәтте үлкендер риза көңілмен бата берді. Атам төбесі көкке жеткендей қуанып, көз жасына ерік берді. Ол үйге қуанып келді. Келе сала байлаулы тұрған ісекті бауыздады. Кешке үйге үлкендер мен ағайын-туыс, көрші-қолаң тегіс жиналып, семіз қойдың етіне риза болысты. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты әжелерден бата алу бір ғанибет екен ғой.
“Балам, мектепте арабша оқу бар ма?” – деп сұрады бірде атам. Жоқ екенін айттым. “Онда мен саған арап әліпбиін үйретейін”, – деп қалтасынан бір кішкентай кітапшасын алып: “Мына кітапшаны бала күнімнен серік еттім. Мұнда Алланың аяттары бар. Менің төрімнен көрім жақын. Әлі қанша жасарымды бір Алла ғана біледі. Өмір бар жерде өлмек бар екенін білесің. Әжең де қаусап отыр. Көз ашқаннан көргеніміз бейнет, қасірет қайғысында өмір сүрудеміз. Өмірде көрген сегіз перзентімнің жетеуі – оба, сүзек, безгектен қайтты. Жалғыз қалған Жамал қызым көңілге демеу. Исаның 30 ұлын бір күнде алған Алланың жазмышы. “Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын ер көтереді”. Көнбеске не шара?” – деп бір терең күрсінді. Мен ол кезде 7-сыныпта оқимын. Атамның есті әңгімелерінен көп ой түйіп, өмірлік сабақ алдым.
Жеті жылдықты мақтау грамотасымен бітірдім. Одан әрі оқуымды жалғастыруға үйдегі қарттарды қимадым. Мамыр айының шуақты бір күнінде мені ауылдың ардақты азаматы Өмірзақ шақырды. Ол кісі есепші еді. Хал-жайды сұраған соң: “Саған бір қызмет жүктегелі отырмын. Менің көмекшім боласың, оқуды 5-ке бітірдің”, – деп мені мақтап қойды. Атам мен апамнан рұқсат алып, бір хабарын беруге уәде еттім. Сөйтіп, атама Өмірзақ ағай мені өзіне көмекші ретінде алғысы келетінін, жасым 15-16-ға жеткен кезде Қызылжар қаласындағы мұғалімдер училищесіне оқуға түсуге көмектесетінін айттым. Қуанышты хабарды естіген қариялар шаттыққа кенелді. Атам өміріме ақ жол тілеп, бата берді. Қуанышым кеудеге сыймай Өмірзақ ағаға хабарладым. Ол кісі сәрсенбінің сәтіне қызметке кірісетінімді айтты. Бұл 1943 жылдың маусым айы болатын. Осылайша 1946 жылдың наурыз айына дейін көмекші қызметін абыроймен атқардым.
Сол қариялардың тілек-баталары шығар мен бүгінде тоқсанға келіп отырмын. Құдай қосқан зайыбым Алма екеуіміз 56 жыл бірге тату-тәтті ғұмыр кештік. Аяулы жарым дүниеге 5 ұл әкелді. Барлығын оқытып-тоқыттық. Ұлдан 15 немере, 8 шөбере сүйдім. Немеремнің үшеуі Америкада оқиды. Бүгінде ұрпағымның сый-құрметіне бөленудемін. Одан артық қандай бақыт керек? Осы күніміз үшін жаратқанға алғыстан басқа айтарым жоқ. Шүкір! Кейде қым-қуыт тірліктен көңіл құлазитын сәттер де болады. Бірақ қандай жағдай орын алса да әрқашан өмірге риза көңілмен қарау керек екенін айтқым келеді.
Рахмет ЖҰСЫПОВ,
ардагер ұстаз.