Сергеевка қаласында еңбек аллеясының салтанатты ашылуы өтіп, игі шараға аудан әкімі Рахат Смағұлов, ардагерлер кеңесінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ерекше безендірілген аллеяда осы ауданда туған, түлеп ұшқан, соғыста және тылда жанқиярлықпен еңбек еткен, сондай-ақ руханият саласына өшпес із қалдырған 30 азаматтың есімі тасқа қашалып жазылған. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батырлары Ысқақ Ыбыраев пен Павел Гончар, Социалистік Еңбек Ері Антон Энгель бар. Сондай-ақ 26 жасында КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Есілбай Қантаев, жергілікті ақын-жазушылар – Ахметжан Нұртазин, Жарасбай Нұрқанов, Ермек Қонарбаев тағы басқаларының аттары жазылған. QR-код арқылы әрқайсысының өмірі және еңбек жолымен танысу мүмкіндігі ойластырылған.
– “Өлі риза болмай, тірі байымайды” деген қанатты сөз бар. Жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарымызды насихаттай отырып, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу бәріміздің абзал борышымыз саналады. Чернобыль атом-электр станциясындағы апатты жоюға қатысқандардың және интернационалист жауынгерлердің де ерлік істерін ұмытуға қақымыз жоқ. Мұның бәрі жанымызға ізгілік қасиеттерін ұялатып, өткен күндердің өшпес ізін есімізге салып тұрады, – деді өз сөзінде аудан әкімі Рахат Смағұлов.
Тұрар ОРАЗАЛИН,
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Шал ақын ауданы.