Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Балаларға – базарлық” атты кітап көрмесі ашылды.
Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Көрмеге балаларға арналған түрлі жанрдағы кітаптар қойылды. Арасында балалар фольклоры да бар. “Қуыр-қуыр, қуырмаш” антологиясында ғасырлар бойы атадан балаға ауызша жеткен балалар фольклоры, тақпақ, санамақ, жұмбақ, жаңылтпаш, ойындар, мақал-мәтелдер, ертегілер мен аңыздар топтастырылған.
Жерлес жазушыларымыздың балаларға арналған кітаптарымен де осы көрмеде танысуға болады. Мәселен, Бақыт Мұстафиннің “Тәтті сәбіз”, “Досыңды шақыр” атты кітаптары қойылған. Көрмеде түрлі энциклопедиялар да бар. “Оқушының алғашқы энциклопедиясы” тілі жеңіл, түсінікті және әдемі безендірілген суреттермен толықтырылған. Онда қоршаған орта, жан-жануарларға қатысты тақырыптар қамтылған. Әлем халықтарының ертегілері, балалар жазушыларының шығармалары, сондай-ақ қиял-ғажайып, фэнтези жанрында жазылған құнды еңбектер де бар.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.