«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛЖАСТЫ ЕЛІ ҰМЫТПАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қарағаш – Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданындағы ауыл. Кіндік қаным тамбаса да, мектептегі күндерім мен алғашқы еңбек жолымды бастаған айлар мен жылдарымның куәсі болған жер. Бүгін сөзге тиек еткелі отырған жазушы әрі сыншы, қоғам қайраткері Елжас (Ілияс) Жүнісұлы Бекенов осы Қарағаш ауылында 1892 жылы дүниеге келген. Он бір жасынан еңбекке араласып, байдың малын баққан. 1916 жылы майданның қара жұмысына алынады. Кейін Көкшетау ревкомының мүшесі және халыққа білім беру бөлімін басқарған.

­Елжас Бекенов 1922-1924 жылдары Орынборда рабфакта оқы­ған. Кейін республикалық баспасөздерде жауапты қызметтер атқарған. Дәлірек айтсақ, республикалық “Еңбекші қазақ”, өлкелік “Кеңес ауылы”, республикалық “Ауыл коммунисі” газеттерінде жұмыс істеді, сонымен қатар бір мезгілде қазақтың марксизм-ленинзм институтында ғылыми қызметкер болды. 1934-1936 жылдары Батыс Қазақстан облыстық “Екпінді құрылыс”, Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газеттерінің редакторы, ал 1936-1938 жылдары “Казлитоның” саяси редакторы қызметтерін атқарады.

Елжас Бекеновтің қаламынан туған алғашқы өлеңдері 1922 жылдан жариялана бастаған. 1927 жылы “Жәмила қалай са­уатты болды” повесі, 1929 жылы “Жаңа жол бойында”, “Жалшы сәулесі” атты әңгіме, очерк жинақтары шықты. Ол қазақ әдебиеті сынының өркендеуіне де айтарлықтай үлес қосты. 1935 жылы “Ұлт қозғалысы және ұлттық әдебиет туралы” ғылыми еңбегі жарық көрді.

Бекенов алғашқы шығармаларына “Ілияс” деп өзінің шын атын қойып жүреді де, 1924 жылдан бастап “Елжас” деген псевдонимді қолданады. Еліміз болса жас, жаңа өмірге енді ғана қадам басып келеміз деп “Елжас” деген атты өзі қалап алыпты.

Елжас Бекеновтің өмір жолын өз әлінше зерттеп, қалам тартқан Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз марқұм Ижан Ыбырайұлы Қарашин болатын. Жасы үлкен болса да Ижан ағамен араласып тұрдым. Бізді жақындатқан жазу, қалам болды десем қателеспеспін. Ижан Ыбырайұлы сол кезде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, бұрынғы Чкалов аудандық “Знамя коммунизма” газетінің редакторы, кейіннен Золоторун сегіз жылдық мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Бірде Ижан аға маған Елжас Бекеновтің туғанына 100 жыл толуына орай жазғандарын көрсетті. Газетке дайындаса керек. Содан бірер жолдарды келтіре кетейін: “Елжас Бекенов. Мына алмағайып, аумалы-төкпелі заманда бұдан жарты ғасырдан аса уақытта фәни дүниелік болған жерлесіміздің қазақ әдебиетінің іргетасы қаланып, қанат жаю шағында атқарған орны айта қаларлықтай. Оған дәлел “КазАПП” 14 белсенді мүшелерінің қатарында, сондай-ақ Сәкен аға өзінің “Тар жол, тайғақ кешу” атты тарихи романын жазғанда арнаған 17-нің ішінде жерлестеріміз Жақан Сыздықов пен Елжас Бекеновтің аттары қатарынан аталады”, – деп жазады. Ижан аға сондай-ақ Елжастың жиырмадан жаңа асқан шағында 1913 жылы Омбыда қазақ жастарының “Бірлік” ұйымының жұмысына қалай араласқанын егжей-тегжейлі зерттеген. Бұл жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы Тұрсынбек Кәкішев те “Сәкен Сейфуллин, ғұмырнамалық хикая” кітабында (“Жалын” баспасы, Алматы – 1976) жазады. Содан мынандай бір эпизодты (көріністі) келтірейін: “Жұма намазына адам көп жиналды, шәкірттер түгел дерлік. Айналасы жүз шақты жас. Кәріқұртаңдар тарағаннан кейін жиналысты патиха оқып, Шәймерден имам бастады. Ұйымның (“Бірлік” – С.Б.) мақсатын баяндап, жобаны оқу Нығыметтің үлесіне тиді. Дайындық жұмысының мән-жа­йын айтып келді де, ұйым жобасын оқыды. Отырғандар түгел мақұлдаған ыңғай білдірді. Босаға жақта отырған жұпынылау киінген жігіт: “Маған сөйлеуге бола ма?” дегенде жұрттың бәрі дауыс шыққан жаққа мойын бұрды.

– Біз көп нәрсенің парқын түсіне бермейміз ғой. Сонда да мыналарың игі қадам екен. Судженск көмір шахталарында жұмыс істегенде татарлардың ортасында болып ем. Сонда ноғай жігіттері бас қосып, сауық ұйымдастырып, көңіл көтеріп тұрушы еді. Мыналарың игі бастама екен. Ертіс пароходствосында көп қазақ ломовой боп жүрміз. Бізді де ұмытпағайсыңдар! – деп талдырмаш ұзын бойлы, ноғай өңдес Ілияс Бекенұлы сөйлеп кетті. – Сол Судженскіде біздің еңбегімізді қорғаушылар болушы еді. Егер мақсаттарың көтеретін болса, жарлы-жақыбайды, кедейлер мен шишекпендерді байлар мен күштілерден қорғау жайын ойластырғандарың да теріс болмас еді.

Бұдан кейін жиналысқа жан кіргендей әркім өз ойындағысын айтқысы кеп қопаңдай бастады”.

Елжас Бекеновтың “Дала қоңырауы” (“Жазушы” баспасы, 1977 жыл.) кітабына алғысөзді Тұрсынбек Кәкішев жазған еді. “Сонымен 20-30 жылдары эстетикалық-социологиялық тұрғыдан талай құнарлы ой, соны пікірлерді айта білген, өмір шындығынан, кезең талабынан бой тасаламай, қайта соны түсінуге, түсіндіруге талаптанған, көркем шығармаға айналдырып, қазақ прозасы мен сынын өркендетуге өз үлесін қосқан Е.Бекенов есімі әдебиетіміздің тарихында еленіп, тиісті орын алатыны өзінен-өзі аян”, – дейді Тұрсынбек ағамыз. Айта кету керек, кітапты құрастырған – Қарағаш ауылының тумасы, белгілі аудармашы Хажымұрат Сыздықов.

Ижан ағай Елжасты білген адамдармен де кездескен. Бел­гілі қоғам қайраткері, “Бірліктің” 1915 жылы хатшысы болған, 1917 жылдың аяғында “Бірлік” қоғамынан бөлініп, С.Сейфуллиннің ықпалымен қазақ жастарының Демократиялық кеңесін құрып, соның төрағасы болған, заңгер Таутан Арыстанбековпен 1965 жылдың тамызында әңгімелескенінде 15 жылдай әр жердегі түрменің дәмін татып келген Тәукең Ижекеңе былай деген екен:

– Елжасты сұрайсың. Неге білмейін. Ол уақытта оны Ілияс дейтінбіз. Елжас әдеби аты. Орысша, қазақшаға судай жетік. 1915 жылы Сәкеннің “Өткен күндері” жарық көргенде балаша қуа­­нып, екі-үш данасын сатып алып кеткенді. “Затондағы жолдастарыма үлестірем” деп. Соңынан газет, журналдарда істеп жүргенін білемін. Өнімді газетші, белді сыншы, қақ сүйегі коммунист, әділетшіл, пікірін тура айтатын қаламгер болды. “Еңбекші қазақта” да бірге істедік. Бақытты жігіт екен. Өз ажалынан, ұмытпасам 1938 жылы дүние салды. Артында бір-екі тұяғы бар деп естіп едім. Олар бар ма? – деп өзіме қарсы сұрақ қойды, – дейді Ижан Ыбырайұлы.

Адам өзінің ұрпағымен мәңгі жасайды. Елжас Бекеновтің ұлы Болат ағайды мен жақсы білуші едім. Ол кісі Степняк қаласында тұрды. Ұлағатты ұстаз. Әке көрген оқ жонар дегендей, Болат ағайдың қаламынан туған туындыларын газет бетінен жиі оқитынбыз. “Құмырсқаның көлеңкесі” (Алматы, “Ғылым” баспасы, 2003 жыл) атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Қаламгердің әр кезеңнен, әр қилы тақырыпқа жазылған қысқа әңгімелеріндегі ауыл тұрмысының өткені мен бүгінгі суреттері, әңгіме мазмұнынан өрбитін философиялық тұжырымдары, кейде ашық, кейде астарлы әзіл-сықақтары, әңгіменің мұңды және лирикалық жағы, тосын ой-пікірлері өте қысқа баяндауымен оқырманын елең еткізеді. Академик, әдебиеттанушы ғалым, сыншы Серік Қирабаев кітапты оқығаннан кейін Болат Бекеновті “қазақтың Чеховы” деп бекер атамаған ғой. Бұл күнде Болаттан тараған ұрпақ әр салада абыройлы қызмет атқарып жүр. Салтанат – медицина ғылымдарының докторы, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры, Шолпан – орыс тілі пәнінен сабақ беретін ұстаз, Алма да әке жолын қуған ұстаз, Райхан – университеттерде ғылыми жұмыспен айналысады, профессор.

Елжас Бекеновтің екінші ұлы Дулат Көкшетау қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінде ұзақ жыл қызмет атқарған, подполковник шенінде зейнеткерлікке шыққан болатын. Дулаттың ұлы Қайрат Ресейде жүріп, химия ғылымдарының кандидаты болды, ажалға кім араша тұрған, жақында өмірден өтті, Дулаттың зайыбы Зура апамыз (ол да Қарағаш ауылының тумасы) Қайраттан екі немере сүйді. Әлия мен Жанна екеуі де жоғары білімді мамандар.

Бұл күнде Болат пен Дулат өмірден өткен. Жоғарыда жазғанымыздай ұрпақтары бар. Осы жерде Ілияс ағаның жары – Болат пен Дулаттың аналары Қапиза анамыз жайлы айтпай кетуге болмас. Қапиза анамыз да Қарағаш ауылының тумасы, менің ұстазым Ғазез Әбішевтің туған апасы, ауылда бәрі ол кісіні “Мама” деуші еді. Бүкіл ауылдың осылай атауы ол кісіге деген үлкен құрметтің белгісі ғой. Қапиза анамыз 86 жасында өмірден өтті, Көкшетау қаласының зиратына жерленген.

Қолыма қалам алғандағы мақсатым – Елжас Бекеновтің есімін келер ұрпақ ұмытпаса екен, қаламынан туған туындыларының басын қосып, бір жинақ дайындасақ деген ой. Елжас ағамыз “Өмір” деген өлеңінде:

Өмір қонақ дүниеге келіп кетер,

Іс сипатын аз күнде көріп кетер.

Өзінікін, басқадан тапқандарын,

Ізін басқан қонаққа беріп кетер, – деп жазғандай, “ізін басқан” ұрпаққа қалдырғанын қастерлей білейік, ағайын. 2022 жылы Елжас Бекеновтің туғанына 130 жыл толатынын да ұмытпайық.

Көкшетау қаласына қарайтын іргедегі Застанционный кентінде Елжас Бекенов атында көше бар. Оған да тәуба. Енді Қарағаш ауылы қарайтын Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавл қаласында Елжас Бекеновке көше берілсе артық болмас еді. Бұдан бөлек, Қарағаш ауылындағы Жақан Сыздықов атындағы орта мектеп жанынан ақын-жазушылар аллеясын ашып, оған осы ауылдың тумалары Қазақстанға аттары мәлім Елжас Бекеновтен бастап, Жақан Сыздықов, Хажымұрат Сыздықов, кеше ғана өмірден өткен Төлеген Қажыбайдың портреттерін қойса дұрыс болар еді. Мүсіндері орнатылса нұр үстіне нұр. Бұл келер ұрпаққа өнеге, өткенді ұмытпауға, тарихты таразылауға ақ жол болар еді.

Совет БАЛТАБАЙ,

еңбек ардагері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp