Солтүстік Қазақстан облысында интернет алаяқтардан 400-ден аса тұрғын зардап шексе, соның 120 жағдайында қылмыскерлер өздерін банк қызметкері ретінде таныстырған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, интернет алаяқтардың құрығына түскен 400 адамның басым бөлігі – әйелдер. Олар интернет арқылы онлайн сатып алу немесе тауарын сату барысында алданған. Соның ішінде OLX платформасы арқылы 141 солтүстікқазақстандық зардап шексе, 15 тұрғын «Kolesa» сайтынан қосалқы бөлшек сатып алмақ болып, алдаудың құрбанына айналған. 120 жағдайда алаяқтар өздерін банк қызметкерімін деп таныстырып, арам пиғылдарын жүзеге асырған.
«Цифрлық ресурстар қарқынды дамыған заманда түрлі заманауи технологиялармен байланысты қылмыстардың саны айтарлықтай өсті. Көбіне интернетте қосымшаны пайдаланатын азаматтар алданып жатады. Сонымен қатар қылмыскерлер мобильді байланысты өз мақсаттарында пайдаланады. Түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуіне қарамастан, бүгінгі күні интернет-алаяқтық – кең тараған қылмыс түрі», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
9-15 тамыз аралығында СҚО полицейлері ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күреске бағытталған «Anti-fraud» жедел- профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында онлайн жасалған 24 қылмыс ашылды.
Бір апта ішінде заңсыз контенті бар сайттарға 145 сілтеме анықталды. Оларды бұғаттау бойынша ақпарат құзырлы органға жолданды. Жалпы жыл басынан СҚО-да жедел уәкілдері интернет кеңістікке мониторинг жүргізу барысында осындай 600-ге жуық сілтемені анықтады, оның қатарында жалған хабарландырулар да бар.
https://www.inform.kz/