«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қыз – ұлттың ұяты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде ұятты болмауын ойлап, бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Мейлінше ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын әрдайым қадағалап отырған. Еркін ұстап еркелеткен, бірақ еркінсітпеген. Мына заманның кері ағымы ма, қазір ай маңдайлы, аяулы қарындастарымыздың атына кір келтіретін жағдайлардың жиі орын алатыны өкінішті-ақ. Меніңше, ана тілі мен қазақ қызы – бірінен-бірі ажырағысыз киелі ұғым. “Қыз ұлттың ұяты, халықтың шырайы” десек те мұны елемейтін қыздарды көргенде жаның жабырқайды. Мәселен, жақында әлеуметтік желілерде Түркияға барған қазақ қыздарының түнгі клубта соққыға жығылғаны туралы бейнежазба тарады. Қоғамның пікірі екі түрлі. Бірі қыздарды соққыға жыққан түрік азаматтарының дөрекілігін даттаса, енді бірі қыздардың өзін кінәлауда. Жігіттердің әрекеті жөнсіз делік. Ал түнгі уақытта клубта жүру дұрыс па сонда? Есі дұрыс қыз бөтен елде қаңғып жүре ме? Сондықтан мені қыздардың ертеңгі тағдыры ойландырады.

Қазақта өрісін кеңейтер қыз балаға қырық үйден тыйым салынып, оның тәрбиесіндегі жеңге рөліне аса зор мән берілген. Өйткені әке-шеше айта алмаған сырды жеңгесі жеткізеді. Қыздың балғын болмыс-бітімі мен тәрбиесінің басы қасында аяулы жеңгелері жүреді. Сүйген жігітімен екі арадағы әдепті қарым-қатынастың табиғи өрбуіне сеп болатын осы жеңгелер. Бұл жағдайды жеңгетайлықпен шатастыруға болмайды.

Жаңа түскен келінге сыншы да, мінші де көп. Ол енді төркінінде алған тәрбиенің қаншалықты екенін көрсетуге тиіс. Жеңгесі мен шешесінен көргенін істеп, көңілден шығуға тырысады. Қандай елге, қандай отбасына келін болып түсуіне де көп нәрсе байланысты. “Жақсы елге түскен келін – келін, жаман елге түскен келін – келсап”. Бұл жерде қайын ененің рөлі байқала бастайды. Шынында көргенді елден шыққан қыздың көсегелі елге тап болуы – зор бақыттың кепілі. Жас келіннің бетін ашу рәсіміне қазақ халқы айрықша мән берген. Ақынның астарлы да ойлы, көркем де шебер тілмен жас келінге келген жерінің үлкен-кішісін таныстырып, ізет-құрмет көрсетуі өзге елдерде бола бермейтін ұлтымызға тән тамаша дәстүрдің бірі. Бұл мәңгі есте қалар, ұмытылмас сәттер. Сондықтан “келіннің бетін кім ашса, сол ыстық” дейтін нақыл сөз көптің көкейінде қалып қойған.

Әрбір ата-ана баласы үшін уайымдайды. Ал бала ата-анасын ешқашан жерге қаратпауы тиіс. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қыздарымыз қылықты болса жарар еді.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp