Солтүстік Қазақстан облысында биыл 21 адам өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан өңір жолдарында көлікті мас күйде тізгіндеген 700-ден астам жүргізуші ұсталды. 44 жүргізуші осы әрекеттері үшін бұрын көлік басқару құқығынан айырылған. Олар қылмыстық жауапқа тартылды. Бірақ кей жүргізушілер бұдан сабақ алатын емес.
Тайынша ауданында көлікті мас күйде басқарған 38 жастағы жүргізуші ұсталды. Ол екі жыл бұрын жүргізуші куәлігінен бес жылға айырылған екен.
Қазіргі уақытта осыған ұқсас 11 дерек бойынша материалдар соттың қарауына жіберілді. 21 солтүстікқазақстандыққа қатысты сот үкімі шықты. Олардың барлығы көлік басқару құқығынан өмір бойына айырылды. 8 жағдайда мас жүргізушілер бас бостандығынан айырылды. Ең төменгі мерзімі – 6 ай. Өзгелерінің бас бостандығы шектелді.
«Жолдағы тәртіп – жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігінің кепілі. Қабылданып жатқан шаралардың барлығы жолдағы жағдайды жақсартуға бағытталған. Әр жүргізуші жол үстінде өзінің әрекетіне жауапкершілікпен қарауы тиіс», – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев.
Биыл 7 айда мас жүргізушілердің кінәсінен СҚО жолдарында 14 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 20-дан астамы жарақаттанды.
https://www.inform.kz/