«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“БАСТАУ” ТҮЛЕКТЕРІНЕ – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН НЕСИЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бастау” бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгерген солтүстікқазақстандықтар “Атамекен Қызылжар” микроқаржылық ұйымынан жеңілдетілген несие рәсімдеу мүмкіндігіне ие. Аталған ұйым Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының жанынан “Бастаудың” түлектеріне қаржылай қолдау көрсету мақсатында құрылған. Ол үшін бастаулықтардың қолында оқуды тамамдағаны жайлы сертификат болуы тиіс.

Бүгінде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының қарамағындағы қаржылық ұйымдар әр өңірде ашылып жатыр. Республика бойынша “Бастау” бағдарламасының түлектерін қолдауға 22,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Оның 2 млрд. теңгесіне өңір тұрғындары үміт арта алады. Қаржының жартысы ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, екінші жартысы жаңадан құрылған “Атамекен Қызылжар” микроқаржылық ұйымы арқылы беріледі. Жеңілдетілген несиенің үстемеақысы 6 пайызды құрайды. Оны рәсімдеу үшін “Бастау” түлегінің оқуды сәтті тамамдағаны туралы сертификаты болуы тиіс.

– 4 жылдың ішінде “Бастау” жобасы бойынша 7050 жерлесіміз кәсіпкерлік негіздері курсына қатысты. Олардың 5135-і сертификатқа қол жеткізді. Бірақ олардың тек 1410-ы ғана кәсіптерін дөңгелетуге қажетті несие алған. Демек, әлі де үш мыңнан астам түлекке қаржылық қолдау қажет. Сондықтан “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсібін жаңадан бастап жатқан жандарды қолдау мақсатында өз қарамағында несие беретін қаржылық ұйым құру шешімін қабылдады, – деп түсіндірді Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметов.

Биыл жергілікті палата тағы 770 жерлесімізді оқытып шығарған. Олардың дені қаржылық қолдау тетіктерін пайдаланып үлгеріпті. Ашылғанына аз уақыт өтсе де “Атамекен Қызылжар” ұйымы өз бизнес-жоспарын жүзеге асырғысы келетін адамдардан өтініштер қабылдай бастады. Несиеден үмітті жандарға бизнес түрі бойынша қойылатын шектеулер жоқ.

– “Бастау” бағдарламасының түлегі несиені 6 пайыз үстемеақымен кез келген бизнес түрін бастауға ала алады. Несиенің жалпы мерзімі 5 жыл болса, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге 7 жылға дейін беріледі. Дегенмен қаржыны жер учаскелерін алуға, жеке тұрғын үй немесе жылжымайтын мүліктің құрылысына, несиені қайта қаржыландыруға немесе осыған дейін алынған несиені жабуға және тұтынушылық мақсаттарға жұмсауға рұқсат етілмейді. Өйткені біздің басты мақсатымыз – жеке кәсіп ашуға септесу. Жұмысымызды енді ғана бастап жатсақ та қазірдің өзінде 50 шақты өтініш келіп түсті, – дейді “Атамекен Қызылжар” ұйымының директоры Нағашыбай Куркенов.

Шағын несиені рәсімдеу үшін ісін жаңадан бастаған кәсіпкер аталған ұйымға келіп өтініш жазуы керек. Сонымен қатар жеке куәлігі, заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерді тіркеу туралы куәлік, банктер мен салық органдарынан берешек туралы анықтама, кепілзаттың құжаттары қажет.

Ал облыс орталығындағы микроқаржылық ұйым Кәрім Сүтішев көшесі, 60 мекенжайындағы “Квартал” бизнес орталығының 4-қабатында орналасқан.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp