Облыстық фтизиопульмонология орталығының Мағжан Жұмабаев аудандық бөлімшесінде бронх-өкпе патологиясы және коронавируспен ауырған науқастардың денсаулығын қалпына келтіруге арналған медициналық оңалту орталығы ашылды.
Отыз орынға шақталған орталық орман ортасында орналасқан. Сондықтан таза ауада дем алуға қолайлы. Орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда физиотерапияның түрлі әдістері қолданылады. Механотерапия, велоэргометрде динамикалық жаттығулар, лазерлік терапия, иммуностимуляторлық, седативті ем-дом мен тұзды үңгір бар.
Жаттығу терапиясы таза ауада ұйымдастырылып, емделушілер орманда серуендейді. Бұл өз кезегінде ағзаның тез қалпына келуіне ықпал етеді. Бөлімшеде ем-дом алып, оңалтудан өтуге барлық жағдай жасалған, бөлмелері таза, жайлы әрі жарық. Тәжірибелі медицина қызметкерлері тәулік бойы науқастарға көмек көрсетеді. Сондай-ақ емделушілер бес мезгіл тамақтанады. Бүгінде 52 адам оңалтудан өтті. Бұл бірегей орталық әлі де көптеген адамға көмек беретіні анық. Ал орталықты жабдықтауға қол ұшын созған кәсіпкерлерге аудан жұртшылығы өз ризашылықтарын жеткізуде.
Еркебұлан ЕЛУБАЕВ.