«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТЫҢ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов белсенді жастармен бірге өңірде жүзеге асырылып жатқан өміршең жобалармен танысты. Студенттерге, жас педагогтар мен еріктілерге озық кәсіпорындардың қалай жұмыс істейтіндігі көрсетілді. Сонымен қатар жастар егін жинау науқанының барысымен және Петропавлдағы көпсалалы аурухананың құрылысымен танысты.

Облыс әкімі жастармен бірге алдымен Аққайың ауданындағы “И.Зенченко” ЖШС-нің мал шаруашылығы кешенінде болды. Тауарлы-сүт фермасы 1600 сиырға арналған. Мұнда симменталь тұқымды ірі қара өсіріледі. Бүгінде 520 сиыр сауылады. Орташа есеппен бір сиыр 25 литр сүт береді. Сүт өнімділігі тәулігіне 12 тоннаға жетеді.

– Сүт сауу барысында бірден салқындатылады және Петропавл қаласындағы кәсіпорынға жіберіледі. Бүгінгі таңда мұнда 40 адам жұмыс істейді. Мал төлдеген кезде тағы да жұмысшылар аламыз. Екі ауысымда жұмыс істейтін болады.

Мұнда сауыншылар, малшылар, мал дәрігерлері, механизаторлар еңбек етеді, – деді кешеннің меңгерушісі Сергей Лысенко.

Жастар аталмыш аудандағы Дайындық ауылына да барды. Жолда өңір басшысы ауылға қоныс аударушылар үшін қандай жағдайлар жасалатынын және жергілікті шаруашылық өз қызметкерлеріне қандай қолдау көрсететіні туралы әңгімеледі.

– Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өз жұмысшылары үшін үйлер салады және мемлекет бұл шығындардың 50 пайызын өтейді. Бір үйдің құрылысына 8 млн. теңге жұмсалса, мемлекет 4 млн. теңгені өтеп береді. Биылдан бастап осындай бағдарлама басталады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Қазір “Дайындық-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алқаптарында жұмыс қызу. Егінге орақ түскелі 4 күн өткен. 700 тонна астық элеваторға жіберілген. Өнім сапасы жақсы. Өңір басшысы бұл шаруашылық өз жұмысшыларының тұрмысын жақсартуда ең үздік серіктестіктердің бірі екенін атап өтті.

– Біржан Шаймерденовтің еңбегі көпке үлгі. Сондықтан жастар көрсін, таныссын деген мақсатпен осында келіп отырмыз. Биылғы қуаңшылыққа қарамастан астықтың шығымы жақсы, мол өнім алып жатыр. Бұл нағыз еңбекқорлық пен жаңашылдыққа ұмтылудың, ізденімпаздықтың белгісі, – деді облыс әкімі.

Шаруашылық басшысы Біржан Шаймерденов қаладан келген меймандарға шаруашылықтың жұмысы, ауылдың тарихы, атқарылған жұмыстар жайлы баяндады. Мұнда еңбекшілер үшін барлық жағдай жасалған. Жол жөнделіп, жаңа үйлер салынды. Еңбекақы көлемі – агроқұрылымдар арасында ең жоғарылардың бірі. Сондықтан жұмысшы тапшылығы жоқ.

Бұл күні жастар Петропавлдағы электр жабдықтарын шығаратын зауыттың құрылыс алаңында болды. Жоба “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылуда. 22 мың шаршы метр аумақта шамамен 13 мың электр жабдықтарын шығару жоспарлануда. Мұнда 300-ге жуық маман жұмысқа орналасады. Оның ішінде “Серпін” мемлекеттік бағдарламасының студенттері де болады. Жастар сондай-ақ жаңадан салынып жатқан М.Қозыбаев университетінің оқу-зертханалық корпусының құрылыс алаңында болды. Университет ректоры Ерлан Шуланов орталықтың мүмкіндіктері жайлы баяндады.

– Жабдықтар толығымен жергілікті өндіріске лайықталып жасалады. Яғни сіз, болашақ жұмыс орныңызға барғанда оқыған технологиялық деңгейде жұмыс істейтін боласыз. Мысалы, сүт фермаларына жұмыс істеуге баратындар сүттің құрамын, барлық параметрлер мен сипаттамаларын біледі, – деді ол.

Петропавлда сондай-ақ 500 науқасқа шақталған замануи көпбейінді аурухананың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысанды түрік компаниясы тұрғызуда. Жоба өңірде медициналық туризмді дамытуға ықпал етеді. Баспасөз турына қатысушылар экскурсиядан ерекше әсер алды. Кездесу соңында облыс әкімімен естелік суретке түсті.

Аяулым ЖОЛМҰҚАНОВА.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp