Петропавлда көшедегі бейнекамералар 4 мыңға жуық жолда жүру ережесін бұзу дерегін тіркесе, соның 3,5 мыңға жуығы тоқтау сызығынан өтіп кетуге қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысында Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда жол қозғалысы қауіпсіздігін полицияның 26 автопатрулі және 410 бейнебақылау камералары қамтамасыз етеді.
Патрульдік полиция қызметкерлері тікелей «желіде» жұмыс істесе, Жедел басқару орталығының инспекторлары жағдайды бағандарға, үйлердің шатырларына орнатылған камералар арқылы бақылайды. Патрульдер мен бейнебақылау инспекторларынан басқа жолда жүру ережелерін бұзу деректерін автоматтандырылған жүйе тіркейді. Қазіргі уақытта облыс орталығында осындай жеті автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді.
СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Назар Байматовтың сөзінше, үш «Интегра» жүйесі Астана-Интернационал, Назарбаев-Абай, Жамбыл-Интернационал көшелерінің қиылыстарында орнатылған. Бұл жүйе бағдаршамның тыйым салынған түсіне және тоқтау сызығынан өтіп кету фактілерін тіркейді. Төрт «Мираж» жүйесі Ғабит Мүсірепов-Жамбыл, Кәрім Сүтішев-Жұмабаев, Жамбыл-Партизан және Назарбаев-Интернационал көшелерінің қиылыстарына орнатылған. «Мираж» жүйесі бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету және жылдамдық режимін бұзуды тіркейді.
Жыл басынан бақылау-өлшеу құрылғылары жол жүрісі ережелерінің 3786 бұзушылығын тіркеді. Оның 3340-ы тоқтау сызығынан шығып кету, 436-сы жылдамдық режимін бұзу, 10-ы бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету.
https://www.inform.kz/