«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Әлеуметтік қолдауға айрықша назар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі” Жолдауында атап өткендей ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың басты құралы саналатын цифрландыруды әлеуметтік-еңбек саласына енгізу – маңызды талаптардың бірі. Зейнетақы мен жәрдемақы тағайындаған кезде халықтың бума-бума қағаз толтырып, сансыз есікті тоздыруға мәжбүр болатыны жасырын емес. 

Мемлекет басшысының мекемеаралық байланыста да, азаматтармен қарым-қатынас кезінде де қағазбастылықтан бас тартып, жыл аяғына дейін ең қажетті анықтамалардың қағаз түрінде талап етілуін тоқтатып (47-ден 30-ы), мәліметті цифрлы түрде растау тәсілін қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес электрондық, проактивті және композиттік қызмет түрлері енгізілді. Барлық жұмыс бағыттарын қамтитын әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. 15 қызметтің 8 түрін “электрондық үкімет” веб-порталы арқылы алуға болады. Мысалы, мүгедектікті алғаш тағайындаған кезде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы, мүгедек баланы тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге жәрдемақы тағайындауға “бір өтініш” қағидаты бойынша өтініш беріледі, яғни азаматқа мемлекеттік корпорацияға бармай-ақ департаментке келуге болады. Әлеуметтік төлемдердің 30-дан астам түрі тағайындалды. Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру, медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері зейнетақы және әртүрлі жәрдемақы түрлерін тағайындау бойынша 29061 электрондық іс қарап, 3080 адамға мүгедектік тағайындалды. Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес жеке және заңды тұлғалардың 1761 өтініші қаралды. Облыс бойынша зейнетақы және жәрдемақы алушылар саны 136 мың адамнан асады, оның ішінде зейнеткерлер – 102 мың. Базалық зейнетақыны қоса есептегендегі орташа зейнетақы мөлшері – 97371 теңгені құрайды.

Жолдауда экономикалық қиын жағдайларға қарамастан халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға айрықша мән берілген. Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес ынтымақты зейнетақы мөлшері жыл сайын инфляция деңгейінен екі пайызға асырылып арттырылады. 2018 жылдың 1 шілдесінен мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау тәсілінің өзгертілгенін айта кеткен жөн. Бұл өзгеріс базалық зейнетақы мөлшерінің 1,8 есе өсуін қамтамасыз етті. Енді мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі әр алушыға оның зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтілін ескере отырып тағайындалады. Мемлекеттік базалық зейнетақы мөлшері күн-көрістің төменгі деңгейі көлеміне байланысты болғандықтан, жыл сайын инфляция деңгейінде арттырылып отырады. Сондай-ақ мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейі мен айлық есептік көрсеткіш шамасының өзгеруіне байланысты жыл сайын индекстеледі. 2020 жылы ынтымақты зейнетақы – 12, базалық зейнетақы мен жәрдемақылар мөлшері 10 пайызға көбейсе, жыл басынан ынтымақты зейнетақы – 7, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылар 5 пайызға ұлғайды. Зейнетақы және жәрдемақы мөлшерін арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп, нәтижесінде 200 мыңнан астам төлемді арттыру бойынша шешімдер қабылданды. Бала кезінен бірінші топтағы мүгедектік күтімі бойынша тағайындалатын ай сайын төленетін мемлекеттік жәрдемақы енгізілді. Бұл жәрдемақы түрін 500-ге жуық отбасы алады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындалғаны белгілі. Бұл мемлекеттік жәрдемақы отбасының табысына қарамастан, бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (шекті жасы жиырма үш) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасыларға тағайындалады. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері бала санына қарай анықталады. 3600-дан астам көпбалалы отбасы осы жәрдемақыға ие.

“Ардагерлер туралы” Заң қабылданып, бұл санатқа басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері де енгізілді. Атап айтқанда, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысқан азматтардан басқа Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде болған, Ирактағы халықаралық бітімгершілік операциясына, Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер жатады. 900-ден астам адамға 4,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды жүзеге асыру барысында 2020 жылдан “Әлеуметтік қызметтер порталы” іске қосылды. Мүгедектігі бар адамдарға арналған мамандықтар атласы жасалды. Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Бұл санаттағы азаматтар саны – 26526, оның ішінде балалар – 2194. Жыл басынан бері 731 адам мүгедек деп танылды. Олардың 481-і еңбекке қабілетті, 149-ы – балалар. 1281 мүгедек адамды оңалтудың жеке әлеуметтік бағдарламасы әзірленді. Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы бақылау бөлімінің мамандары 6 айда 30 тексеру жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша 19 нұсқама берді. 4 әкімшілік материал сотқа жіберілді. “Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасын орындау шеңберінде мүгедек адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған іс-шаралардың жол картасы жасалды. Ол бойынша мониторинг тобы құрамына енген саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, департамент өкілдері Смирнов және Тайыншадағы қарттар үйлерінде болып, жағдаймен жан-жақты танысты. Бұдан бөлек, 259 нысанды аралап, нәтижелері түрлі жиындар мен басқосуларда талқыланды. Бізге мемлекеттің болашағы үшін зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Жолдауда белгіленген стратегиялық талаптарды жүзеге асыру жаңаша ізденістерге бастайды.

Мереке МҰХАМЕДИЯРОВ,

облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp