Солтүстік Қазақстан облысы экономикасының өзегі – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде астық өсіру – басты бағыт. Облыс бойынша астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайды, оның ішінде 45 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарында 3,0 млн. тонналық және агроқұрылымдар мен қырман шаруашылықтарында 3,6 млн. тонналық қоймалар бар. Бұл өңірде өндірілген астықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді.
Бұдан басқа, биыл 8 нысанда 131 мың тоннаға арналған сақтау орындарын салу және кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Айыртау ауданының “ХПП Уголки” ЖШС-і ауыл шаруашылығы дақылдарын қабылдау және сақтау үшін сыйымдылықты 17 мың тоннаға арттыруды жоспарлаған, оның ішінде 8 мың тоннаға арналған қойма биыл салынған. Есіл ауданының “Азия-Тораңғұл” ЖШС-і 10 мың тонна дәнді және майлы дақылдарға арналған астық қоймасын салуда. Шал ақын ауданында жаңа астық қоймалары мен шағын элеваторлардың құрылысы жалпы сыйымдылығы 104 мың тонна болатын алты нысанда жүргізілуде. Бұлар – құрылысын 2021-2022 жылдары аяқтауды жоспарлап отырған “Асыл-Логистикс”, “Ал-тын Астық.kz”, “Гермес Агро” және “Шал ақын Агро-2020” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің қоймалары.
“Азық-түлік келісімшарт корпорациясы” ҰК” АҚ-ға тиесілі астықты қабылдау және сақтау үшін облыс бойынша тиісті келісімшарттар жасасқан 18 уәкілетті астық қабылдау кәсіпорны бар.
Бүгінгі таңда барлық астық қабылдау кәсіпорындары орақ науқанына дайын, онда материалдық-техникалық базаны жаңа егіннің астығын қабылдауға дайындау бойынша жыл сайынғы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Яғни технологиялық жабдықтарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету, автомобиль және темір жол таразыларын, зертханалық жабдықтарды тексеру, қойма және элеватор ыдыстарын дайындау, оларды тазалау және қамба зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу (фумигациялау) жүргізілді. Астық тазалау және астық кептіру жабдықтарының дайындығына ерекше назар аударылуда.
Талғат ЖЕТПІСОВ,
облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мемлекеттік тұқым инспекциясы бөлімінің басшысы.