«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бұл күнде көзден ұшқан сағымдайсың

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қасиетті Қызылжар топырағынан түлеп ұшқан қала­мы қарымды журналист, арқалы ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі марқұм Тоқтар Зікіриннің бұл жалған дүниемен қош айтысқанына да қырық күн толып қалды. Көзі тірі болса тамыздың 22-сі күні туған күнін тойлап, ақжарма тілектер айтып жатқан болар едік. Алланың ісіне амал бар ма? Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас кезінен балауса жырларымен әдебиетсүйер қауымның назарына іліккен жерлесіміз артына алты бірдей өлеңдер жинағын қалдырды. “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәурен”, “Жүрек сыры” атты жыр кітаптары мен “Өмір өзегі” атты таңдамалы шығармалар жинағы басылып шықты. Тоқтар Нұрахметұлы – көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Тіршіліктің сан алуан та­қырыптарын қамтитын өлеңдері, азаматтық, әлеуметтік әуендегі және табиғат тақырыбындағы жырлары көпшіліктің көкейіндегі ойын айтса, жастықтың сезімді сырлары жүрек қылын тербейді. Оқырман назарына ақынның бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.

Ананың бары…

 

Әлемі шалқар жанарындағы,

Үміті – тәтті бала құндағы?!

Сезіліп тұрар жүректе біздің,

Аялап өтер ананың бары.

 

Анасыз жетім даланың да әні,

Күлкісіз қалар қаланың бағы.

Шат-шадыман шаттығымыз,

Арқасында ананың бары!

 

Ақынның жыры қаламындағы,

Домбыра күйі сағағындағы –

Тербеген терең сезімді бойда,

Сүйікті жан ананың бары?!

 

Шөгірі енген табанындағы,

Ауырсынса баланың қамы.

Байқалады бәрінен де,

Жаны ашып тұрар ананың бары…

 

Тіршілік тінін қоғамындағы,

Сезетін танып қадамындағы.

Байыптап, байқап жол салатын,

Жақсы ғой, жақсы ананың бары.

 

Ар-ұяттың заманындағы,

Отырған берік тағанындағы.

Шүкірлік дейміз, Дүниені –

Тыңдата алар Ананың бары!

 

Қызылжарым

 

Қазақтың қадірлейтін әр баласы,

Қызылжар бұрынғыдан бар қаласы.

Етегін басып аққан көк Есілдің,

Қызарып көзге түскен жар жағасы…

 

Жарасқан жарға берік бекінгені,

Елімнің қорғаны жел өтіндегі.

Абылайдың Ақ үйі болғандықтан,

Хан ордасы осында секілді енді?!

 

Бірінен-бірі өтетін тұлғалары,

Көтеріп кеткен биік бұл қаланы.

Айтулы Сәбиті мен Ғабиті бар,

Қызылжар Мағжанның да жыр ғаламы.

 

Жаннат жер табылады қайда мұндай,

Қызылжар жерұйықтың аймағындай.

Қалай мақтан етпеске хандық құрған,

Әз анамыз болғанын Айғанымдай?!

 

Көркейген көз тоймайды келбетіңе,

Қоныс боп жатырсың ғой елге түге.

Аққайыңға оранған, аққайыңға –

Сендей қала жоқ шығар жер бетінде!

 

Қош бол, жастық!

 

Қош бол, жастық!

Қош енді,

Қош бол, – деймін,

Лаулап тұрған жарығым –

өшкендей Күн…

Келер таңнан күтетін,

ертеңімнен,

Үмітімді біржола кескендеймін?!

Кеткендеймін қайырылмай,

мүлде оралмай,

Жастықтағы үлде мен бүлде

қандай?

Саған қайтып,

қол жайып, келе алмаймын,

Қайыршы боп,

қалсам да күн көре алмай.

 

Үмітімді өзіңнен үздім мүлде,

Бұйырмапты-ау,

бір бақыт біздің гүлге??

Қимай әбден қиналған қайран

жастық,

Менің үшін бөгеліп,

тізгінді ілме…

 

Керегі жоқ мүсіркеп,

аяғаның,

Өмір – күрес,

табармын сай амалын?!

Қазір қыран емеспін көкке самғар,

Құшағымды бірақ кең жая аламын.

 

Жайыламын,

жайылар жаным ашық,

Көкжиектен озамын әріге асып…

Қоштасқан жастығыммен

жыр жүрегім,

Әдеміге,

Өмірге әлі ғашық?!

 

Кеше ғана маздатып,

атап өткен,

Жастығыммен қоштасу –

қатем,

Әттең…

Жырлай берем,

Мен оны жырлай берем,

Жүректегі мәңгілік махаббатпен!

 

Нанның бізде отаны

 

Қайыңды елге көрікті,

Тәңір бәрін беріпті.

Қырда бітік бидайым,

Әнге қосып жырлайын?!

 

Есіл өзен өңірі,

Астықты аймақ ең ірі.

Егін толқып жатады,

Нанның бізде отаны!

 

Әрі табын төлі үшін,

Тарылтпаған өрісін.

Керегелі кеңісім –

Нағыз бақыт жерісің.

 

Қызылжардың қырманын,

Келе берер жырлағым.

Бадана дән нақ мұндай,

Бізде ғана ақбидай?!

 

Жайқалады қыр егін,

Алтын астық тілегім.

Жырлай берші жүрегім,

Жасай берші гүл елім!

 

Жасай бер, жаса, қазақ елі!

 

Мөлдіре күнім, мөлдіре,

Наурызға шуақ, шырай бер.

Жып-жылы самал желді де,

Өзіңнен бұл күн сұрайды ел.

Күлімде, Күнім, күлімде,

Тасысын шалқар шаттығың.

Қуанған құстар тілінде,

Сайрайтын бәрі шақ бүгін…

 

Төгілші, Күнім, төгілші,

Шытынап кетпе, сөгілме.

Сөнбейтін оттай көрінші,

Мәңгілік заңғар көгімде.

 

Жарқыра, Күнім, жарқыра,

Жылдан-жылға оза бер.

Ұлыс күн құт боп халқыма,

Жасай бер, жаса, Қазақ ел!

 

* * *

 

Тарихы бар тереңнен,

Сырлы қала Қызылжар.

Мағжан жырға бөленген,

Жырлы қала Қызылжар.

Қазақ елі танығай,

Қамал басы – қызыл жар…

Ақ үй салған Абылай,

Хан ордасы Қызылжар!

 

Ерке Есілге еркелеп,

Бауыр басқан Қызылжар.

Орыстардан ертерек,

Қауымдасқан ізің бар?!

 

Тоғыз жолдың торабын,

Алып жатқан Қызылжар.

Жаңа үлгісін қаланың,

Салып жатқан Қызылжар.

 

Бүгін ғажап өзгеріп,

Кеткен жаңа Қызылжар.

Қызығатын өзге жұрт,

Көркем қала Қызылжар!

 

Жырым болшы, ақ қайың

 

Өшпейтұғын көңілден,

Асылымдай сақтайын.

Жүрегімнен төгілген,

Жырым болшы, ақ қайың?!

 

Сонау балғын күндерден,

Сыбдыр қаққан тәтті-ай үн…

Жанға сыршыл тіл берген,

Сезімталым ақ қайың.

 

Шұбырып ауыл шетіне,

Қона қалған шоқтайын…

Пана боп желдің өтіне,

Қорғайтын өзің ақ қайың?!

Алыстасам сағынып,

Аңсамай сені жатпайын.

Жапыраққа малынып,

Тұра берші ақ қайың.

 

Көрінер қырдан желкілдеп,

Көзіме түсіп оттайын…

Іздемес сені еркім жоқ,

Алдымнан шықшы ақ қайың?!

 

Сағынып, тосып алатын,

Құшағың әркез дап-дайын.

Шабыттың беріп қанатын,

Жырым болшы, Ақ қайың!

 

Енді мені сағынбайсың…


Бұл күнде көзден ұшқан сағымдайсың,

Қайта оралып жанымнан табылмайсың.

Әлі күнге жыр жазамын өзіңді ойлап,

Ал, сен болсаң, мені ғой сағынбайсың?!

 

Ұмыттырмас балауса гүлдің демін,

Өзіңменен бақытты, жыр күндерім.

Тым болмаса алыстан сәлем жолдап,

Бір сағыныш сезімін білдірмедің…

 

Сезем қазір күйрек мұң, күй жеккенін,

Ұғынбайтын өмірдің үйреткенін.

Сағынбайтын тасбауыр жан екенсің,

Мені сонда, жаным-ау, сүймеп пе едің?

 

Жүрегіңнен сезер ем біліп бәрін,

Ашылмастай неге сен құлыптадың?

Сенейін бе, мен саған сенбейін бе,

Мәңгілікке рас па осы ұмытқаның?

 

Айыра алмас шын асыл, лағыл қайсың,

Кәріліктің келгенін мойындайсың.

Саған кінә тақпаймын, сүйсең-дағы –

Енді мені бәрібір сағынбайсың?!

 

Ел дертінен ертең-ақ айығады


Карантинге ұшырап қамалғасын,

Қалайша уайым-қайғы жамалмасын?

Үйден ұзап шығуға болмай қалды,

Егде жасты адамға саналғасын.

 

Омалып көп отырып қалғасын ба,

Теңселе түскендейсің жар басында?!

Аяқ басып жүрудің өзі қиын,

Малып оны алғандай қорғасынға.

 

Қуыстанар күн туып кемтігіңнен,

Жігеріңнің жаншылып еркі мүлдем.

Қысылғанда жаныңнан табылатын,

Артық ешкім жоқ екен кемпіріңнен.

 

Ата менен әженің ғұрпын кешіп,

Шүкір дейміз жүргенге шүңкілдесіп.

Қамалып отырғаннан сонда-дағы,

Еркіндікке не жетсін бір күн несіп??

 

Кімнен қазір аларсың жан ашуын,

Татсақ болды тыныш күн қара суын.

Немерелер асыр сап, келіп-кетер,

Сағындық қой үйдегі бала шуын?!

 

Ел дертінен ертең-ақ айығады,

Емін тауып, нүктесі қойылады.

Нұрлы Күннен нәр алған жыр жүрегім,

Түбі қайыр боларын жай ұғады!

 

Қара нөсер

 

Жыр жүректің балқымаса от құрышы,

Жаңбырлатпай, жай түсіріп, жоқ қылшы!

Найзағайлы, жасын отын ойнатар,

Қайда деймін қара нөсер өткінші?

 

Қара нөсер қайда кетті төгетін,

Көк аспанды көбесінен сөгетін?

Қою бұлттың арасынан жарқ етіп,

Ақынына шақпақ шабыт беретін?!

 

Қара нөсер түйілгенде – қара түн,

Жайып салған самұрық құс қанатын…

Астан-кестен әбігерге түсіріп,

Әлгіндей-ақ қайта тыныш табатын.

 

Жасаған іс емес тегі қулықтан,

Табиғаттың сәті ғой бұл булыққан?!

Жасын отпен жан-жүрегін тілгілеп,

Кездерінен айығады у жұтқан!

 

Құя салар қара нөсер өткінші,

Соған бола неге оны сөксінші?

Сел боп жауған қара жаңбыр сияқты,

Менен де бір жыр нөсері төксінші…

 

Тоқтар ЗІКІРИН.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp