«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕЙ АУДАНДАРДА ВАКЦИНАЛАУ ҚАРҚЫНЫ БАЯУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірде коронавирус індетіне байланысты ахуал әлі де алаңдатарлық. 12 шілдеден бастап “қызыл” аймақтамыз. Алайда сырқаттану көрсеткіші 212-ге жетіп, “қою қызыл” аймаққа кіру қаупінің күшейе түскені белгілі. Мұның ақыры демалыс күндері локдаун жариялауға, сақтық шараларын тіпті қатаңдатуға соқтыруы мүмкін. Облыстық әкімдіктің отырысында өңірдегі эпидемиологиялық жағдай жайлы есеп берген санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев адам көңіліне қаяу түсіретін өзге де фактілерді келтірді. Атап айтқанда, пандемия басталғалы КВИ жұқтырудың 20575 оқиғасы тіркелген. Оның ішінде симптомдық белгісі бары –14256. Соңғы 2 аптада (4 тамыз-17 тамыз) вирус жұқтырудың 2224 жағдайы орын алған. Оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 1,2 есеге көбейген. Ауру Мамлют, Уәлиханов, Айыртау, Қызылжар, Тимирязев және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда, Петропавл қаласында өрши түскен.

Кесел жұқтырғандардың 31 пайызы – 60 және одан жоғары, 15 пайызы – 50-59, 12 пайызы – 40-49, 16 пайызы – 30-39, 11 пайызы 14 жасқа дейінгілер. Індетке шалдыққандар арасында жұмыс істейтіндердің үлесі – 28, жұмыссыздар – 23, оқушылар – 7,5, студенттер – 1,6, балабақша мен мектеп қызметкерлері – 2 пайыз. КВИ жағдайлары Ресей Федерациясынан және басқа да шетелдерден келген адамдар арасында да көп. Ауру басталғалы шекаралық бақылау пункттері арқылы 219798 жолаушы келген. 313-нен “COVID-19” анықталып, 39 адам инфекциялық стационарға орналастырылған. 274 адам амбулаториялық емделуге жіберілген. 1156 шетел азаматына елге кіруге тыйым салынған.

Петропавл қаласы мен 13 ауданның мониторингтік топтары соңғы 2 аптада 142 рейд өткізіп, 1433 нысанды тексерген. Жеке тұлғаларға 35, кәсіпкерлерге 3 хаттама толтырылып, 2,7 млн. теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Үй карантині режімін бұзған және “Ashyq” жобасы енгізілген нысандарға күшпен кіруге тырысқан 12 адам жауапқа тартылды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов вакциналаудың барысы жайлы хабардар етті. Вакцинамен қамту ірі өнеркәсіп орындарының қызметкерлері арасында 82, созылмалы аурулары барлар арасында 55,7 пайызды құрайды. Бұл жағдай Уәлиханов, Есіл, Ақжар, Тимирязев, Тайынша аудандарында төмен. Соңғы үш аптада инфекциялық емдеу орындарына орналасқан сырқаттардың саны 393-тен 752-ге жеткен. Соған орай төсек саны 630-дан 1715-ке ұлғайтылған. Соңғы кездері емдеуге жатқызылғандар мен амбулаториялық ем қабылдаушылар, “Жедел жәрдем” шақырушылар күрт көбейген. Оған, бір жағынан, “COVID-19”-дың “дельта” штамының өршуі себеп болған. Оның таралуы орта жастағылар, жүкті әйелдер, балалар арасында жоғары.

Нұрлан Бақдәулетұлы жүкті әйелдер арасында КВИ ауруының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Пандемия басталғалы осындай 511 жағдай кездескен. 15 шілдеден бері 61 әйел дертке шалдыққан. Стационарлық емдеуде жатқан екеуінің жағдайы ауыр. Маусым айымен салыстырғанда балалардың сырқаттануы 8,5 есе өскен. 263-і бақылауда тұр, 19-ы стационарда ем алуда.

Әкімдік отырысында облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жаңа оқу жылына әзірлік шаралары жайлы жан-жақты айтып берді. Алғашқы қоңырау сыңғыры әдеттегідей 1 қыркүйекте естіліп, мектептер дәстүрлі оқу режіміне көшеді. Барлық салтанатты іс-шаралар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналады. Бірінші сынып оқушылары “Әліппе” және “Букварь” оқулығымен қайта қауышады. Бұл орайда санитарлық талаптарды қатаң сақтауға ерекше басымдық берілген. Оқыту “Бір сынып – бір кабинет” қағидатымен ұйымдастырылады. Егер мұғалім не оқушы вирус жұқтырған жағдайда сынып тез арада қашықтан оқыту форматына көшіріледі. Бүгінгі таңда барлық мектептер интернет желісіне, оның ішінде 62 білім ошағы спутниктік байланысқа қосылған. Кең жолақты интернетті 455 мектеп пайдаланады. Эпидемиологиялық ахуал нашарласа, аралас оқытуға көшу мүмкіндіктері де қарастырылған.

Мектеп формасын және кеңсе тауарларын сатып алуға 70 млн. 490 мың теңге бөлінген. Бұл көмек аз қамтылған отбасылардың 9 мыңнан астам баласына көрсетіледі.

Жылыту жүйелерін жуу және шаю жұмыстары кесте бойынша атқарылуда. 610 білім беру мекемесі қысқа дайындық төлқұжатын алды. 13 қазандықты сыртқа шығару үшін 131 млн. теңге бағытталған. 98 мың тонна көмір сатып алуға 996 млн.теңгеге келісімшарт жасалды. Оның 61 мың тоннасы жеткізілді. Мектептерді бейнебақылаумен толық қамтамасыз ету мақсатымен өткен жылы – 259 млн., биыл 65,8 млн. теңге бөлінді. Бүгінде 11588 бейнекамера жұмыс істейді. 224 дабыл түймесі орнатылады.

Әкімдік отырысында Қызылжар және Тайынша аудандарының әкімдері Жанат Сәдуақасов пен Руслан Анбаевтың жаңа оқу жылына әзірлік жайлы есептері тыңдалды. Құмар Іргебайұлы талқыланған мәселелердің маңыздылығын айрықша атап көрсетіп, тиісті ведомство басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp