Солтүстік Қазақстан облысында «Автомобиль» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ресейде іздеуде жүрген 4 автокөлік табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлікті айдап әкету және автокөлікпен байланысты өзге де құқыққа қайшы әрекеттерді ашу және алдын алу мақсатында облыста 16 тамыздан бастап «Автомобиль» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Операция 22 тамызға дейін шақталған. Осы аралықта полицейлер гараждар, автотұрақтар, авто бөлшектеп сату орындарын, базарлар мен шеберханаларды аралап, криминалға қатысы бар автокөліктер мен қосалқы бөлшектер болуы мүмкін жерлерді тексереді. Жауап алу, есепке қою және барлық мәліметтерді талдау қылмыстарды ашу кезінде қажетті ақпаратты жаңартуға мүмкіндік береді.
Қазір облыс бойынша 14 жедел-іздестіру тобы жұмыс істейді, операцияның үш күні ішінде олар 123 пунктте: техникалық қызмет көрсету станцияларында, автошеберханаларда, бөлшектеп сату пункттері мен автотұрақтарда болды. 581 автокөлік тексерілді. Нәтижесінде Ресей аумағында жоғалған 4 шетелдік көлік анықталды. Мән-жай қазір анықталып жатыр, ресейліктерге ақпарат жіберілді. Автомашиналар тәркіленіп, Петропавлдағы арнайы тұраққа қойылды.
Сонымен қатар, «Автомобиль» іс-шарасы аясында қалалық және аудандық полицейлер бұрын жасалған үш қылмысты, соның ішінде «өткен жылдар» санатындағы қылмысты ашты. «Opel» маркалы екі автокөлік пен «Audi 80» маркалы көлікті ұрлаудағы күдіктілер ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Агрегаттардағы сәйкестендіру нөмірлерін жою және түзетуге мамандандырылған шеберханаларды анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ металл қабылдау пункттері, көлік аз тыныш аудандардағы көлік қоятын орындар мен аула іші аумақтар тексеріледі. Автокөлік ұрлағаны үшін бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылған азаматтармен профилактикалық әңгіме жүргізіледі», – дейді СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов.
https://www.inform.kz/