“Рухани жаңғыру” ұлттық жаңғырту бағдарламасы шеңберінде жарияланған “Үздік ауыл әкімі” республикалық байқауының бірінші кезеңі аяқталды. Мемлекеттік қызмет істері департаменті ұйымдастырған байқауда жеңіске жеткен Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Лебяжье ауылдық округінің әкімі Шырайлым Омароваға телефон арқылы хабарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында барлық азаматтардың өтініштеріне жедел әрі тиімді жауап қату қажеттігін атап көрсеткен болатын. Ауыл әкімі өзі қызмет атқаратын округте тұрғындармен тікелей іс-әрекет жасайтын мемлекеттік қызметші болғандықтан, мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыратын саяси тұлға ретінде де танымал болуы керек. Биылдан бастап қызметке тікелей сайлау арқылы қатыстырылып, ел сеніміне ие болған ауыл әкімдерінің беделін арттырудың, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару саласындағы озық тәжірибелерді насихаттаудың, кеңінен таратудың маңызы зор.
Екі кезеңде ұйымдастырылатын конкурстың мақсаты – жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу. Үміткерлерге ауыл әкімі лауазымында кемінде бір жыл қызмет өтілі бар, сондай-ақ әкімшілік және тәртіптік жазалары жоқ әкімдер жіберілді. Конкурс жайлы хабарландырулар мемлекеттік қызмет істері департаментінің, облыс және аудан әкімдіктерінің интернет-ресурстарында орналастырылды. Талап етілген құжаттар арасында 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне (құйылған инвестиция мөлшері, жаңадан ашылған жұмыс орындары, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі, көші-қон ахуалы, қылмыс деңгейі және т. б.) айрықша назар аударылды.
– Жергілікті жерлерде өткізілген ішкі іріктеу қорытындысы қалай болды?
– Конкурсқа қатысу үшін үміткерлерді ұсыну 10 шілдеге дейін жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық ұйымдар арқылы жүзеге асырылды. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мәліметінше, өңірлік комиссияның қарауына 13 ұсыныс түскен. Он жұмыс күні ішінде әкімдердің халықпен кері байланыс орнату жөніндегі қызметі бағаланды, осы бағытта қалыптасқан іс-тәжірибелері зерделенді. “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясындағы бағалау рәсімдерінің міндетті шарты – үміткерлер туралы ақпарат ауылдық әкімдік аппараттарының әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланды. Ондағы мақсат – онлайн дауыс беру рәсіміне жұртшылықты кеңінен қатыстыру, қоғамдық маңызы бар мәселелерді барынша қамту. Округ әкімінің қызметіне қатысты ақпараттық анықтамалар алдын ала сұратылып, деректер өзара салыстырылып отырды.
Конкурс шарттарында қарастырылғандай әр үміткер округте атқарылған сан-салалы жұмыстар жайлы ұзақтығы бес минуттан аспайтын бейнеролик және таяудағы үш жылда атқарылатын дамыту бағдарламасын ұсынды. Өзара әңгімелесу барысында өзекті проблемаларды шеше білудегі жеделдігі, әлеуметтік желілердегі белсенділігі, қоғамдық қабылдаулар, жұртшылықпен жүздесулер, елді мекен тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама, онлайн дауыс беру нәтижелері ескерілді.
Әрбір үміткер бойынша шешім бағалау парақтарына қойылатын балды есептеу және конкурсқа қатысушылардың рейтингін жасау арқылы бағаланды. Нәтижесінде мен ең көп ұпай жинадым.
– Республикалық конкурста қашан бақ сынайсыз?
– Республикалық комиссия әр облыстан сайдың тасындай іріктелген ауылдық әкімдермен 10 қазанға дейін әңгімелесу өткізеді, дербес жобалау жұмыстарымен танысады. Ондағы талаптар да қатаң. Түпкілікті шешім 20 қазанға дейін қабылданады. Өңір намысын абыроймен қорғап, сенімді ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын.
– Өзіңізді қысқаша таныстырып өтсеңіз?
– Мен 1985 жылы Лебяжье ауылында тудым. А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін, “Көкше” академиясын бітірдім. Үш баланың анасымын. Еңбек жолымды мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі болып бастадым. Мемлекеттік қызмет саласындағы жұмыс өтілім – 10 жыл. Ауылдық округ әкімі лауазымында еңбек еткеніме төрт жылдан асты. Биыл екінші мерзімге сайландым.
– Ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне қарасам, әжептәуір жұмыс атқарып тастапсыздар. Жетістіктеріңіздің сыры неде?
– Қолдан келгенше, шама жеткенше тырысып жатырмыз. 40 жылға жуық жөндеу көрмеген Құралай мен Лебяжье елді мекендері арасындағы жол қалпына келтірілді. Қазір жолаушылар жаңбырлы күндері де қиналмай жүре алады. Лебяжьеге дейін құны 160 млн. теңге болатын ауызсу жеткізу бағдарламасын мердігерлердің сапасыз атқарғаны соншалық, екі жыл бойы соттасуға мәжбүр болдық. Қазір ондағы 135 үйге және 50 түтіні бар Құралайға су келіп тұр. Лебяжьеде демалыс орталығы, балалар алаңқайы ашылды, көшелер жарықтандырылды. Алда атқарылатын шаруалар бұдан да көп.
– Биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін!
Сұхбаттасқан
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan