Университетте оқып жүргеніме осымен үшінші жыл. Алғашқы кездегідей емес, студенттік өмірдің сырына қанық болып қалғанмын. Жатақхананың аядай ғана бір бөлмесінің өзін әжептәуір баспана санайтынмын. Үстелдің үстіне қажетті кітаптарды қойып, арасынан керегін іріктеп алып, курстық жұмыс жазуға кірістім. Ол уақытта ғаламтор дегенді көбіміз біле бермейтінбіз. Қазір ғой кез келген қажеттіңді сол ғаламтордан тауып аласың. Есік ашылып, әлдекімнің ішке кіргенін анық сездім. Бір бөлмеден келесі бөлмеге қонақтап қыдырып жүрген көп студенттің бірі шығар деп көңіл аудармай отыра бердім.
– Бауырым тіпті бұрылып қарамайды да ғой! – деген таныс дауысқа жалт бұрылдым. Әпкем Баян. Орынымнан ұшып тұрып бәйек болып жүрмін.
– Келетініңді неге айтпадың?! Күтіп алар едім ғой, – деймін.
– Мені қойшы. Онсыз да шаршап жүрсің. Сабағың болса ауыр, оның үстіне емтихандарың да басталыпты. Қаланы білемін ғой, такси алып, жетіп келдім, – дейді. Ауылдан туған-туыс, ата-анаң жатақханаға келсе, бір күн ғана қонуға рұқсат. Студенттер кеңесі бекіткен ереже осы. Баян сырттай оқиды. Биыл соңғы курс. Таңертең екеуіміз де сабаққа кеттік. Түстен кейін университет маңындағы тұрғын үйлердің есігін қағып, жалға беретін пәтер іздедік. Кеш батқанша талай үйдің босағасынан сығаласақ та бір бөлме табылмады. Салымыз суға кетіп, жатақханаға қайтып келе жатқанбыз, ойламаған жерден университетте сабақ беретін апайым ұшыраса кетті. Мән-жайды түсіндіріп едім, әріптесі пәтерін жалға беретіндігін айтып, қолымызға мекенжай жазылған тілдей қағазды ұстатты. Көктен іздегеніміз жерден табылған біз қуанып кеттік. Айтқан мекенжай алыс емес, жарты сағаттың ішінде жеттік. Бізді орта жастағы көрікті келіншек қарсы алып, қолымызға пәтердің кілтін ұстатып тұрып:
– Үйге еш қымсынбай кіре беріңдер, онда бір қарт әжей тұрады. Ол кісінің ақылы аздап кем болғандықтан кейде көп сөйлеп кетуі мүмкін. Сендер оған көңіл аудармаңдар. Тек әлгі адамды сыртқа шығарушы болмаңдар, – деп шегелеп тұрып ескертті.
– Ол сіздің кіміңіз? – деймін ғой мен жұлып алғандай. Әпкем жеңімнен тартып:
– Оны қайтесің? Пәтерін сеніп тапсырып жатқан адамға рақмет айтудың орнына сұрақ қойғаның қалай? – деп тыйып тастады.
Сонымен не керек, ауылдан әкелген ауыр сөмкелерді көтеріп бесінші қабаттағы пәтерге де жеттік. Есігін тартып көрдік. Жабық. Әдетте есіктің босағасында болатын қоңырау түймесі де жоқ. Не де болса қалтамыздан кілтті алып, есікті аштық. Жарық жоқ. Бөлмелерді терезеден түскен айдың күміс сәулесінің шапағы сәл ғана бозамық күйге бөлеп тұрғандай. Кенеттен төргі бөлмеден бері өткен адам сұлбасы бізге қарай жақындап келгенін анық аңғардым. Дәл алдымызға таяғын тықылдатып аласа бойлы адам жетіп келді. Аппақ орамалын иек астынан байлап алыпты. Қорқып кеттік. Тіпті не айтарымызды да білмей, состиып бір орында үнсіз қалдық.
– Айналайын, қазақсыңдар ма өзі? – дегенде сасқанымыздан:
– Ия, ия, әже, қазақпыз, – дей беріппіз.
– Кіріңдер, балалар, қорықпаңдар, мен адам жемеймін, – деп күлді ақ жаулықты қария. “Айналайын” деген сөз тым жылы естілді. Қабырғаны қармап, жарықты жақпақ болып әрекеттеніп жатырмын. Ойымды қимылымнан сезген әжей:
– Айналайын, бұл үйде жарық өшкелі қашан? Ол бәрібір жанбайды әуре болма, –деп бірдеңелерді күбірлеп төргі бөлмеге өтіп кетті. Қолымыздағы сөмкемізді көтерген күйі біз де қарт әженің соңынан ердік. Қараңғыда киімімізді шешіп, жайғасқан болып жатырмыз. Бізді сырттай бағып, көз алмай қарап отырған әжей:
– Қарақтарым, өздеріңе қарап отырып, жаман ниетпен келмегендеріңді түсіндім. Сендерді бұл үйге жіберген менің үлкен қызым Гүлсан екенін де жақсы біліп отырмын. Пәтерді жалға беремін деп ақша алған болуы керек. Бүгінгінің адамдары ақшадан басқа ешнәрсені көрмейтін болды ғой. Заман не болып кетті өзі? – деген қамкөңіл әжей ас бөлмеге өтті. Терезеден сығалай түскен ай сәулесі ғана бағыт көрсетіп тұр. Жатақханада достарымның жанбай қалған шамдарын жарқыратып, қызбай жатқан плиткаларын қосып беретінмін. Бұлай отыра берсек қараңғылықтан ешқашан құтылмайтынымызды сезіп, дереу жарықты тексере бастадым. Сыртқа шығып, жол жиегінде қатар орналасқан дүңгіршектердің бірінен бірнеше электр шамын алып келіп орнаттым. Айнала әп сәтте жайнап кетті.
– Айналайын, рақмет, өркенің өссін, – деген әжей бөлмелердегі шамдарды балаша жағып-сөндіріп, тексеріп жүр. – Е-е, көзім ашылатын болды ғой.
Қарт ананың жүзінен кәдімгідей балаша шаттанып қуанғаны анық аңғарылады. Үй іші жұпыны екен. Төргі бөлмеде қазақы оюлармен өрнектелген киіз текемет, төрде көне теледидар, терезенің алдында ескі телефон, төрде көнетоз диван. Ал келесі қапталда әжейдің темір кереуеті. Төсек үстінде үйілген киімдер мен ескі орамалдардан басқа ештеңе көрінбейді.
Сонда бұл әженің балалары қайда? Жоқ болса, әлгінде ғана бізге пәтер кілтін берген сұлу келіншек кім? Егер ол шынымен осы қарт ананың туған қызы болса неге анасын осыншама мүсәпір күйге түсірген? Түрлі сауалдар санамның түкпірінен сығалап, ой тереңіне батырып әкетті.
– Айналайын, балам, кел шай іш, – деген әжейдің дауысынан селт еттім де орнымнан тез тұрып, ас бөлмеге өттім. Төрт тілім қара нан мен үш кесеге толтыра құйылған қара шай. Басқа ештеңе жоқ. – Өлмеген адам бәрін көреді екен. Алланың адам баласын осыншама итжанды етіп жаратқанына таңым бар. Бүгінгі менің көрген күнім осы.
Арғы жағын айта алмай өксіген қарт әжей үнсіз қалды. Баян орынынан тез тұрып, ауылдан әкелген сөмкені ас бөлмеге кіргізді. Құрт-май, ауылдың тәтті тосабы, тоңмайға пісірген бауырсақ пен қолдан дайындалған тәтті тоқаштарды шығарып, әп-сәтте дастарқанды жайнатып жіберді. Тіпті жылқының сүрленген етін де тоңазытқышқа салды. Баянның қимылын бағып отырған әжей:
– Айналайын, өздерің бір берекелі әрі ибалы жан екенсіңдер, елдерің қай жақ? – деп сұрады. Әпкемнен бұрын сөзді мен іліп әкеттім.
– Апа, біз сонау Ақмоладан боламыз. Осы қалада университетте білім алып жүрміз. Рұқсат етсеңіз, сіздің үйіңізде бір ай тұрамыз. Менің есімім – Сұлтан, ал мынау туған әпкем – Баян.
Арада үнсіздік орнады. Болмайтын жерден әңгімеге араласып, қарт әжені ренжітіп алған жоқпын ба деп мен де іштей тына қалдым. Бірақ олай болмай шықты. Апамыз жүзін төмен салып терең күрсінді. Басын көтеріп, әпкелі-інілі бізге кезек қарап отырып, ішіне шер болып қатқан мұңын сыртқа шығара бастады.
– Е-еее, біз де сендер секілді ауылда туып, ауылда өстік. Өзім осы солтүстікке аты мәшһүр Сәлмен деген кісінің еркелетіп өсірген жан дегенде жалғыз баласы едім. Есімім Бүбісары. Әкемнің менен басқа ұрпағы болмады, ұлы да, қызы да мен едім. 32-нің зұлмат ашаршылығы басталғанда менің қарным бір күн де ашқан жоқ. Елдің мендей бес-алты жасар балалары түгелдей қырылып қалғанда мен ғана аман шығыппын. Себебі ата-анам тапқан-таянғанын менің ауызыма тосқан екен. Аштықтан аман қалдық деп жүргенде 38 жылы әкемді Сібірге айдап әкетті. Анам екеуіміз көп қиындық көрдік. Бәрінен бұрын өзіміздің ауылдас ағайындардың ту сыртымыздан қол шошайтқандары жанымызға қатты батты. Ақыры анам байғұс ауруға шалдығып, көп ұзамай көз жұмды. Жалғыз қалдым. Біреулерге жалданып, күндік нәпақамды тауып жүргенмін. Ойламаған жерден әкемнің ескі танысы ұшырасып, колхозға жұмысқа орналастырды. Есеп-қисапқа жүйрік болғандықтан мені жалғыз дүкенге сатушы етіп тағайындады. Жағдайым оңалып, өз қолым өз аузыма жете бергенде соғыс басталып кетіп, халық тағы күйзеліске ұшырады. Барлық ауыр шаруа әйелдердің мойнына жүктелді. Қалада жұмысшылар жетіспей жатыр деп мені 1942 жылы Қызылжарға жіберді.
Мұнда да сол есеп. Дүкендегі азғана дүниені санау мұның қасында түк болмай қалды. Барлығы соғысқа жіберіліп жатқан дүниелер. Миллиондаған ақшаның санына жету алғашқыда өте қиын болды. Аз уақыттың ішінде бәрін меңгеріп кеттім. Орысшаны да осы жерде үйрендім. Қыста суық, жазда ыстық темір қойманың ішіндегі үйілген затты кейде вагонга өзіміз апарып тиейтінбіз. Осындай бір қарбалас сәтте абайсызда құлап қалып, бел омыртқама зақым келді. Жарақатым асқынып, ауруханаға жатып қалдым. Қалада не туысым, не жанашыр адамым жоқ. Бірде орнымнан тұрмақ болып, басымды көтере алмай қиналып жатқанымда біреу келіп, қолтығымнан демеді. Қарасам мен жұмыс істейтін теміржол бекетіндегі машинист жігіт. Есімі – Қамза. Өз еркімен сұранып, соғысқа кетпек ниетпен емханаға тексерілуге келіпті. Сол күннен бастап екеуіміз жақсы таныс болып кеттік. Алғашқыдай емес, қасымда жанашыр адамым бар. Қатты қуанып жүрдім. Бірақ Қамза соғысқа кетті. Қайтып оралғанша менің күтуімді өтінді. Уәде құдайдың бір аты ғой. Оны бұзуға болмайды. Осылайша мен уәдеде тұрып, Қамзамды күттім. Сан мәрте сағынышқа толы хаттар жолдап, жабырқау көңіліме медет берген де осы Қамзам болды. 1945 жылдың ақпанында қолына оқ тиіп, елге келді. Екеуіміз қыс ортасында үйлендік. Той жасадық. Той дегенім аты ғана. Сол теміржол қызметкерлері тамақтанатын үлкен асханаға барлық жұмысшылар жиналды. Түскі ас уақыты болатын. Бөлім бастығы келіп, біздің үйленгенімізді жариялады. Осылайша біз түскі ас үстінде үйлене салдық. Аз күннен соң Қамзаның жарақаты жазылып, соғысқа шақырту қағаз алу мақсатымен военкоматқа кетті. Сол жерде соғыстың біткендігі туралы хабарды естіп, қатты қуандық. Артынша радиодан соғыстың біткендігі ресми түрде жарияланды да Қамзам қасымда қалды.
Жаңаша өмір басталды. Біз қырық бес жыл бірге түтін түтетіп, екі ұл мен екі қыз өсірдік. Немерелерім бар. Өкініштісі, оларды иіскеп, маңдайларынан сүю бақытынан айырылған жанмын…
Ұзақ әңгімені ұйып тыңдап отырған болатынбыз. Немерелерін есіне алған Бүбісары әжей өксігін баса алмай отырып қалды. Тағдырына налып, шерін тарқатқан қарт әженің сөзін бөлуді жөн санамай бар ынтамызбен ары қарай тыңдайтын ыңғай таныттық. Дастарқанға қол созып, бір кесек құртты алып, мейірлене искеген әжей сөзін ары қарай жалғады.
– Үлкен ұлымыз өмірге келгенде отағасы екеуіміздің қуанышымызда шек болған жоқ. Бар жиған-тергенімізді түгел жұмсап, дос-жаранды шақырдық. Той өткіздік. Арада бес жыл өткенде үлкен қызымыз – Гүлсан өмірге келді. Тағы да қазақы салтпен шілдехана жасадық. Осылайша бірінің соңынан бірі – төрт баламыз өмірге келіп, біреуден кем, біреуден ілгері тіршілік еттік. Балаларымыз да тез ер жетіп, жоғары оқуды да тамамдады. Тұңғышымыз Әнуар мен үлкен қызым Гүлсан білімін Мәскеуде жалғастырды. Өздерінің оқулары тым ұзаққа созылды. Олар елге келгенде қатты қуандық. Балаларымыз бірден жақсы қызметке орналасты.
Өмір бойы сатушы болып қызмет атқардым. Ал Қамза осы қалада түрлі шаруалар істеді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдық мерекесі қарсаңында соғыс ардагерлеріне үкімет үй берді. Өздерің отырған осы үйді көппен бірге біз де алдық. Марқұм күйеуім мұнда бар болғаны он жылдай отырып, жетпіс жасқа қараған шағында дүниеден озды. Қасыңдағы серігіңді жоғалту өте қиын екен. Есеңгіреп қалдым. Аздап сырқаттанғаным да рас. Бұл кезде балаларымның барлығы аяқтанып, өз түтіндерін түтетіп бөлек кеткен. Жалғыз отырмайын деп, кенже ұлымнан бірге тұруын өтіндім. Алғашқыда көнгендей болып еді, артынан үн-түнсіз кетті. Денім сау, аяқ-қолым аман болғаннан кейін ұлдарым мен қыздарымның үйіне өзім барып, немерелерімді көріп жүрдім. Кейде балаларымның үйіне қона кететінмін. Осы күніме де ризашылық кейіпте болатынмын. Бірақ тым жиі бара бергендіктен болар, келіндерім менің келгенімді ұнатпай қалатын. Екі ұлымның көрген күні осы. Келіншектерінің сөзінен шыға алмайды. Тіпті келмейді де. Қыздарым да сол. Айта берсем менің мұң-шерім мұнымен таусылмайды, балалар, – деп, Бүбісары апамыз сүт қатқан шайды мейірлене ішіп ұзақ ойланды. Қартайған шағында тағдырдың сынағына душар болған қарт әжені аяп кеттім. Өзінің туған анасын жынды санап, өз үйінде қамақта ұстаған балалары қандай қатігез еді?
Баянмен бірге әжейдің үйіне жиі келіп тұратын болдым. Біз сабақтан келгенде күрең қызыл шайын демдеп, дастарқанын жайып қояды. Байқап жүрмін, біз келгелі әжеміздің жүзі жадыраңқы, көңілі көтеріңкі. Ұзақ әңгімелесеміз. Қарапайым сатушы болса да көп оқыған, тіпті біз білмейтін тарихи деректерді айтып, таң-тамаша ететін. Күн жылынып, қар кетіп, жер көгере бастады. Демалыс күні таңертеңгілік шай үстінде апамыздың көңіл-күйі аяқ астынан бұзылып, көзіне жас алды. Сөзінен тас үйдің төрт қабырғасы әбден қажытқандығы, далаға шығып, көктемгі жұпар ауаны мейірлене жұту арманына айналғандығы анық аңғарылды. Қызы тыйым салса да апамызды далаға ертіп шығып, бір тілегін орындауға бел байладық. Аулада балалар асыр салып ойнап жүр. Әжеміз олардың арасынан өз немерелерін іздегендей болып сезілді маған. “Еее… Бақытты ғой, шіркіндер, бақытты ғой! Бақытты болыңдар, шырақтарым!” – деп күбірлейді. Есік алдындағы орындыққа жайғасып, жан-жағына ұзақ қарап отырды да енді ғана бүршік жара бастаған тал түбінен бір уыс топырақ алды. Дымқыл тартқан топырақты қос алақанымен қысып ұстап, ойға шомды. Әжемізді біз де мазаламадық. Күн ұясына еңкейген сәтте ғана үйге кірдік.
– Айналайын, рақмет сендерге, бүгін бір жасап қалдым. Оның үстіне қол-аяғым жеңілдеп кәдімгідей жер анадан қуат алып келемін, – дейді аналық ақ ниетпен. Бұл Бүбісары әжейді соңғы көруіміз екен. Баянның сабағының аяқталуына әлі екі күн қалғанына қарамастан қызы оны үйден қуып шықты. Бар айыбымыз – айтқанын орындамай, әжейді далаға алып шыққанымыз. Мұғалімдеріне жағдайды түсіндірген әпкем емтихандарын ертерек тапсырып, ауылға кетті. Мен үйренген жатақханама қайта оралдым.
Орталықтағы кітапханаға барған сайын жолда әжейдің терезесіне көз саламын. Жарығы жанып тұрады. Кейде жолдың қарсы бетіндегі орындыққа отырып алып, ұзақ ойға кетемін. Міне, бүгін тағы да сол үйдің ауласынан өтіп бара жатырмын. Арада үш айдай уақыт өткен. Каникулдан оралған бетім. Тағы да бесінші қабаттағы терезеге көз салдым. Жарық жоқ. Жанып қалар деп ұзақ күттім. Келесі күні де келдім. Сол кешегі үңірейген қараңғы терезелер…
Бердібек ҚАБАЙ.