С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханада Иван Шуховтың 115 жылдық мерейтойына арналған әдеби кеш өтті. Шара барысында аға ұрпақ өкілдері жазушы туралы естеліктерімен бөлісті.
Қаламгер саналы ғұмырының 50 жылын әдебиетке арнаған. Оның алғашқы “Горькая линия”, “Поединок” романдары 1920 жылдары жазылған. 1935 жылдары жазушының “Өшпенділік” шығармасының желісімен “Вражьи тропы” көркем фильмі түсірілген. Оның туындыларында көбінесе әлеуметтік, саяси мәселелер көрініс табады. Ол қазақтың көрнекті жазушылары – М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсіреповтің туындыларын орыс тіліне аударған.
Жиынға қатысушылар Шуховтың өмірі мен әдеби бай мұрасына кеңінен тоқталды. Жазушыны еске алу кешіне қатысқан қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Екатерина Ильина педагогикалық институтта оқып жүрген кезде қаламгермен қалай танысқанын ерекше тебіреніспен еске алды.
– Мен жазушы білім алған педагогикалық училищеде оқыдым. Оқу ордасында жазушымен кездесулер жиі ұйымдастырылып тұратын. Солардың бірінде ол кісімен танысып, әңгімелестім. Оқу бітіргеннен кейін қызы Натальямен бірге жұмыс істедім, – дейді Екатерина Ильина.
Іс-шарада жазушының туындыларынан кітап көрмесі де ұйымдастырылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.