Өңірде “Экологиялық барлау” жобасы бастау алды. Акция аясында облыс орталығында арнайы сенбіліктер ұйымдастырылып, оған қатысушылар жақын маңдағы су қоймаларының жағасында шашылған қоқысты жинайды.
Тазалық шарасын “Еуразия” қоры және “Шеврон” компаниясының қолдауымен жергілікті “Green help” қоғамдық бірлестігі ұйымдастыруда. Сенбіліктен бірнеше апта бұрын “Экологиялық барлау” жобасына қатысатын еріктілерге үндеу тасталған болатын. Экологиялық мәселелерге бейжай қарамайтын жерлестеріміз аз болмай шықты. Бірінші кезекте, өзен-көлдердің жағаларын таза сақтағысы келетін жандар Пестрое көлінің маңын жинастырды. Ерікті қала тұрғындарына экология департаментінің және Есіл облысаралық балық шаруашылығы байссейндік инспекциясының ұжымдары, жастар ресурстық орталығының өкілдері де көмекке келді.
– Шараға атсалысқандар жағада шашылған қоқысты бірден өңделетін және өңделмейтін деп сұрыптады. Облыста полиэтилен құтыларды, шыныны, алюминий ыдыстарды, қағазды, картонды қайта өңдеу мүмкіндігі бар. Оларды бір бөлек, ал өңдеуге жатпайтын өзге қоқысты екінші жерге жинадық. Шараға қатысушыларға қапшықтар, қолғап пен антисептик берілді, – деп атап өтті экоерікті Азат Жұмағұл.
Шара барысында бірнеше заңсыз қоқыс орындары анықталды. Өкінішке қарай, қалдықтарға арналған арнайы контейнерлер қойылса да, демалушылар қоқысты салуға ерінеді. Барлығы 25 қап өңдеуге жарамсыз және қайта өңдеуге жататын 89 қап қоқыс жиналған. Бұл қалдықтар “Вторсырье” кәсіпорнына жөнелтілді. “Қолдарыңыз бос болса, тазалық шарасына міндетті түрде қатысыңызар. Бұл табиғатымызды сақтауға қосатын үлесіңіз болады. Мен отбасыммен үнемі осындай сенбіліктерге шығып тұрамын. Бүгінгі шараға да қатысып, көңілім көтеріліп қалды”, – дейді қала тұрғыны Евгения Ржавцева.
“Экологиялық барлау” жобасының қатысушылары алдағы уақытта өзге де су қоймаларының жағасын тазаламақ.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.