Облыста спорт майталманы Алексей Мартыновичты еске алуға арналған республикалық көпкүндік веложарыс өз мәресіне жетті. Дәстүрлі сайысқа 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер мен бойжеткендер қатысты.
Биыл жарыс жолына еліміздің 7 командасына біріккен 70-ке тарта спортшы шықты. Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Орал, Сарань, Өскемен қалаларының және өңіріміздің 2 велокомандасы додаға қатысты. Жарыс 4 кезеңнен тұрды. Спортшылар 4 күннің ішінде 160 шақырымды бағындырды, жекелей сында елордалық велошабандоз Давид Райт жеңсе, екінші орынға жерлесіміз Роман Балясов қол жеткізді, үздік үштікті қарағандылық Мансұр Ерғали қорытындылады.
Жалпыкомандалық есепте Солтүстік Қазақстан облысының бірінші командасы чемпион атанса, Нұр-Сұлтан велошабандоздары екінші, Қарағанды спортшылары үшінші орынды місе тұтты. Барлық жүлдегерлерге кубоктар мен медальдар табысталды.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.