Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл толады. Егемендікке қол жеткізіп, ядролық сынаққа тыйым салу арқылы еліміз әлемдік антиядролық қозғалыстың көшбасшысына айналды. Осы айтулы оқиға Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен “дөңгелек үстел” отырысында әңгіме өзегіне айналды.
Жиынға қатысушыларды айтулы датамен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Кемел Оспанов құттықтады. “Биыл – ұлы Абай елі ғана емес, бүкіл адамзатқа қауіп төндірген Семей полигонының жабылғанына 30 жыл, “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің құрылғанына да 5 жыл толып отыр. Қазір біз жаһандық коронавирус індеті белең алған шақта кездесіп отырмыз. Егемен еліміз, ата-бабадан мирас болып қалған жеріміз бұрын да қиын сынақтан өтті, осы сынақтан да өтерміз. Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдығымен тұспа-тұс келген бұл мерейтойға орай баршаңызға амандық-саулық, ұзақ ғұмыр тілеймін. Сіздердің атқарған істеріңіз бізге үлгі-өнеге болып қала береді. Өскелең ұрпаққа айтар ақыл-кеңестеріңіз азаймасын”, – деді Кемел Оспанов.
Кеңес заманында Қазақстан аумағында арнайы 18 млн. гектар жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Әлемдегі ең ірі полигондардың бірі болған бұл жерде 1949 жылдың 29 тамызынан бастап 500-ге жуық жерасты және жерүсті сынақтары өткізілді. Нәтижесінде ауа ластанып, халық орны толмас зардап шекті. Әрбір жарылыстан кейін улы газ желмен жан-жаққа тарап, денсаулыққа зиянын тигізді. Жер үсті түтінге оранып, экологиялық апат орын алды. Радиоактивті заттар топырақты, суды, егістік жерлерді және мал жайылымдарын ластады. Халқымыз әлі күнге дейін полигонның зардабын тартып келеді. Тіршілік атаулыға ажал сепкен сынақтардың салдарынан мүгедек болып қалғандар ауру-сырқаудан бүгінге дейін арыла алмауда. Жиында “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Төлепбергенов осындай оқиғалардың бел ортасында болған ардагерлеріміз әлеуметтік көмекке қол жеткізе алмай жүргенін айтты.
– 1991 жылдың 29 тамызында еліміз үшін тарихи шешім қабылданды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен қырық жыл бойы ядролық сынақтар жүргізіліп келген Семей полигоны жабылды. Бұл – Тәуелсіздіктің теңдессіз жеңісі болатын. Осыдан 5 жыл бұрын біз “СҚО Семей полигоны” қоғамдық бірлестігін құрдық. Бірлестікке 166 адам мүшелікке енсе, олардың 26-сы ғана жәрдемақы алады. Қаншама мекеменің табалдырығын тоздырдық. Өкінішке қарай, нәтиже жоқ. Биыл бұл өтінішіміз ескеріледі деген үміттеміз. Көптеген қатарластарымыз қан қысымынан, жүрек, көз ауруларынан қиындық көруде. Сондай-ақ алдағы уақытта облыс орталығында Семей полигонынан зардап шеккен жерлестерімізге арналған ескерткіш орнатылса деген тілегіміз бар, – деді Асхат Төлепбергенов.
Жиында сөз алған еңбек ардагері Екатериа Ильина Тәуелсіздіктің оңайлықпен келмегенін айтып, егемендік жылдарында елдің дамуы үшін Елбасының бастамасымен біраз шаруа атқарылғанын жеткізді. Ал Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Әлфараби Мыңбай аға буынның еңбегі ұл-қыздарға үлгі екенін тілге тиек етіп, аманатқа адалдық танытуға уәде берді.
Жиын соңында еліміздің нығаюы мен дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа облыс әкімінің Құрмет грамотасы, “Atamnyñ amanaty” қоғамдық бірлестігі директорының Алғыс хаты табысталды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.