«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ВАЛЬСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеңестік дәуірде қазақ музыка мәдениетінің өсіп-дамуы Латиф Хамидидің есімімен, өнерпаздық қызметімен тығыз байланысты болды. Биыл Қазақстанның кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушылардың қатарында тұрған композитордың дүниеге келгеніне 115 жыл толып отыр. Жерлесіміз Сәбит Мұқановтың сөзіне жазған туындысы – қазақ музыкасындағы тұңғыш вальс саналады. Аталмыш ән туралы айтпас бұрын оқырманға Латиф Хамидидің өмірі мен шығармашылығын таныстыра кеткен артық болмас.

Майталман өнерпаздың музыка­лық қабілеті ерте оянған еді. Өзінің туған жері Бувалиде (Қазан губерниясы, Атас ауданы) театрдың ойын-тойларында тамаша әндерді ұйып тыңдап, өнерге құлшынысы зор болды. Отбасымен Донбасс пен Кавказды, өзбек елін кезіп жүргенде, басқа халықтардың музыкасымен жақын танысты. Ал мектепте ән-күй пәнінің ұстазы Зариф Кадыровтан татар халқының көптеген әндерін үйренді. Музыкаға құштарлығын оятқан мектеп­тегі көркемөнерпаздар үйір­месінің жетекшісі Ғимад Темірболатов та оны мандолинада ойнауға баулыды.

1920 жылы Хамидидің отбасы Ташкентке көшіп келеді. Ол кез­де Ташкент Түркістан АКСР-нің орталығы болатын. Оған бүкіл Орта Азия республикалары қарайтын. Ол қалалық оқу бөлімінің жолдамасымен Ташкенттегі татар оқу-ағарту институтына түсіп, 1926 жылы бітірді. 1931 жылы Мәскеудегі №1 музыка техникумында, кейін Мәскеу консерваториясының жанындағы татар опера студиясында білім алды. Сол кезде жас композитор жазушы Мұхтар Әуезовпен кездеседі. Қаламгер Қазақстанға барып жұмыс істеуге, музыка өнерін дамытуға кеңес береді. Сөйтіп, композитор 1933 жылы Алматыға келді. Қажырлы еңбегінің арқасында Қазақ КСР-нің халық әртісі сынды жоғары атаққа ие болды. Үш рет “Еңбек Қызыл Ту” орденін алып, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.

Латиф Хамиди 1933 жылдан қа­зақтың халық әндері мен күйлерін жинап, нотаға түсіруге атса­лысты. Семей қаласына бар­ған сапарында Абайдың немересі Әрхам Ысқақовтан ақынның “Айттым сәлем қаламқас”, “Амал жоқ – қайттім білдірмей”, “Бойы бұлғаң”, “Біреуден біреу артылса”, “Сен мені не етесің”, “Тәңірі қосқан жар едің сен”, “Қор болды жаным”, “Ішім өлген, сыртым сау”, “Қараңғы түнде тау қалғып”, “Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?”, “Сұрғылт тұман” әндерін, Абайдың ән шығармашылығын жақсы білетін әншілерден “Сегіз аяқ” пен “Желсіз түнде жарық ай” әндерінің екі нұсқасын, ал Мұхтар Әуезовтен “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын” атты туындысын жазып алады. Сөйтіп, ол Абайдың музыкалық мұрасын тұңғыш рет толық нотаға түсірді. Сол жылдарда өнерпаз Абайдың бірнеше әнін жеке әншіге, көпдауысты хорға арнап өңдеп, фортепианомен сүйемелдеді.

Латиф Хамидидің қазақ классикалық музыка өнерінің көшбасшысы саналатын “Абай” (Ахмет Жұбановпен бірігіп жазған) мен “Төлеген Тоқтаров”, бір актілі “Жамбыл” опералары, “Балбұлақ” опереттасы, әнұран іспеттес “Отан”, “Қазақстан”, “Бұл-бұл”, “Жайлауым бақша жайнаған”, “Алматы вальсі”, “Көктем вальсі”, “Аққу” сияқты халқымызға танымал әндері де аз емес. Оны қазақ вальсінің негізін қалаушы деп текке айтпаған. Өйткені Латиф Абдулхайұлы – қазақ музыка тарихында вальс жазған тұңғыш композитор. Жерлесіміз, жазушы Сәбит Мұқановтың өлеңіне жазылған “Қазақ вальсі” 1940 жылы тұңғыш шырқалды. Сол бойда-ақ ол бүкіл кеңес одағына тарады.

“Қазақ вальсі” туралы жазған композитордың естеліктеріне тоқталып өтпеуге тағы болмас. Өнерпаз “Екі той” деп алатын пьесаға музыка жазатын композитор ретінде өзіне жүктелген зор жауапкершілікті сезінгенін былайша баяндайды:

“Не дегенмен де сеніп тапсырылған жұмыс болғандықтан жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Көп-ақ қиналдым. Әуелі Жоламанның ариясы романс жанрында дүниеге келді. Жоламанға жауап ретінде Сайранның да ариясы айтылуы керек болып ол да романс түрінде өз үйлесімін тапты. Сонымен қоса, пьеса бойынша екі жастың қуанышын қосылып айтатын дуэті де бар екен. Екі той үстінде айтылатын дуэт болған соң мұны қай жанрда, қалай жазу керектігі ұзақ толғандырды. Ақырында ойлап-ойлап, вальс ырғағында жазбаққа бел будым. Неге десеңіз, вальс – осындай қуанышты тойдың характеріне үйлесетін, көтеріңкі көңіл күйге сай жастардың шырқауына сәй­кес билеуіне келетін музыка ғой”, – деген екен композитор. Бұл вальсті алғаш орындаған Кеңес одағының халық әртісі, қазақтың бұлбұлы – Күләш Байсейітова болатын. Хамиди бұл туындыны атақты әншінің дауыс диапазонына лайықтап, әдейі арнап жазған болатын. Алайда пьесаның өлеңін жастық, махаббат тақырыбына қайта жазу ұсынылған. “Ол жылдары Сәбең Қазақстан Жазушылар одағының бастығы қызметін атқаратын. Сол себепті де кейбіреулер “Ой, Сәбеңнің уақыты болады деймісің, өзіміз-ақ жазып берейік өлеңін”, – деп өтініш те білдіріп жүргендері болған. Ондай талапкерге: “Болмайды, алғашқы өлеңін жазған Сәбең еді, өзіне жаздыртамын”, – деп қайтарып тастап жүрдім. Ал Сәбең болса, жуыр маңда қолға түсе қоймады. Уақыт тапшы. Қыз­мет реті мүмкіндік бермей-ақ қойған. Содан бірнеше айлардың жүзі өтті. Сәбеңнің берген уәделі мезгілі кейіндей берді, кейіндей берді.

Бір күні Фурманов көшесінде кездейсоқ Сәбеңмен ұшыраса кеттік. Сәлемдесіп болған соң, “Жол болсын!” сұрағанмын.

– Ә, мына Жазушылар одағына бара жатырмын.

– Онда мен де барайын, – дедім ілесе. Мінезі де қарапайым, бітімі де бөлек Сәбең: “А, жүр-жүр, бірге барайық”, – деп жанына ертті. Екеуміз әңгімелесе барып, одаққа кірдік. Сәбең кіре берісте кезекшіден кабинеттің кілтін алды.

– О, Сәбе, кілтті маған берші, – деп өтіндім. Кабинеттің кілтін қолға алып, иесіндей-ақ есігін аштым. Алдымен Сәбеңді кіргізіп, соңынан өзім енгесін, есікті іштен бекіттім де тастадым.

– Е-е мұныңа не жорық, Латеке-ау? – дейді Сәбең.

Естімеген адам сияқты асықпай жанына келдім.

– Есікті жауып қойдым, Сәбе. Кілттің менде екенін көріп отырсың, қашан вальстің жаңа өлеңін жазып біткенше есік ашылмайды…, – дедім зілді үнмен.

– Латеке-ау, Латеке!..

– Жоқ-жоқ, мен тыңдамаймын!.. Қазір жазып бересің, бітті…

Мына сөзге Сәбең жымиды да, еріксіз барып орындыққа отырды. Бұйрық жүрмесін өзі де білді-ау шамасы, қалам-қағазын дайындай бастады. Мол жүзіндегі әлгі жымиысы ойлылыққа ауысып бара жатыр екен. Әне, өлеңнің алғашқы жолы да Сәбеңнің қаламынан таспадай өріліп жүре берді. Шабытына мінген ақын лезде адам танығысыздай құдіретке айналды…

Сәбеңнің өлең жазғанын алғаш көруім еді. Жылдам жазады екен. Ойын бөлмейін деп манағы қатулықты сақтап, оқтын-оқтын көз қиығыммен ғана қарап қойып, тыныш отырдым.

– Тыңдап көрші, Латеке, мен бітірдім, – деді бір кезде Сәбең қағаздан басын көтеріп.

– Ал, кәне… Ары қарай Сәбең өлеңін оқи жөнелді…”.

Май туса, гүлдер шешек атса жазда

Тоғайда бұлбұл, көлде аққу, қаз да.

Сайраса, біз жастар да нақ солардай,

Бақытқа бөленеміз, сауық назға.

 

Бақыт нұрға оранса жер, аспан,

Біздің жыр да

Бар жырға ұласқан.

Махаббатты жырлаймыз біз,

Жастар, жастар, жастар, – деп тамаша өлең жолдары өріл­ген тұңғыш вальс осылайша дүниеге келген болатын.

Серікбай ҚҰСАЙЫНОВ,

күйші.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp