Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында бір күнде бес өрт тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылжар ауданы бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Аслан Ахметжановтың айтуынша, аудан орталығы Бескөлдегі 101 пультіне таңертең Петерфельд елді мекенінде өрт шыққандығы туралы хабарлама түскен.
«Өртті сөндіріп болып жатқанда, шамамен бір сағаттан кейін Бескөлде азық-түлік дүкені жанып жатыр деген шақырту түсті. Кейін араға сағат салып тағы бірнеше өртті сөндіруге аттандық.
Знаменское елді мекенінде ірі өрт болды. Екі қора, үш гараж, 2020 жылғы «Toyota RAV4» автокөлігі, екі монша жанып кетті. 30 торай мен 500 тауық өлді. Жалын шарпыған аумақтың жалпы ауданы 180 шаршы метр. Өртті 2 пәтерлі тұрғын үйге жеткізбей сөндіріп алдық. Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына сөндірілмеген сіреңке немесе темекі тұқылы себеп болуы мүмкін», – дейді Аслан Ахметжанов.
Ал Соколовка елді мекенінде монша жанған.
«Соколовка елді мекенінде тұрғын үйдегі моншада өрт шығып, жалын 2-пәтерлі үйдің шатырына ауысқан. Салдарынан шатыр толығымен жанып кетті. Сондай-ақ, дәліздің қабырғасы да зақымданған. Қазіргі таңда шығын мөлшері анықталып жатыр. Жалпы жыл басынан ауданда өрттен 5 адам қаза тапты», – дейді бөлім басшысы.
Мамандардың айтуынша, СҚО-да жыл басынан 458 өрт тіркелді, 36 адам қаза тапса, 35 адам күйік алды. Материалдық шығын 175 млн теңге шамасында.
https://www.inform.kz/