«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ең қадірлі құндылығымыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тә­уел­сіздік бәрінен қымбат” мақаласында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, енді оның ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезі келгенін айтты. Қазіргі таңда елімізде қазақ тілінің қолданыс аясын ке­ңейту бағытында біраз шаруа тындырылып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тілдерді оқыту орталығы ересек тұрғындарды қазақ және ағылшын тілдеріне тегін оқытатын өңіріміздегі бірден-бір мемлекеттік мекеме болып табылады. Орталықтағы курстарға тіл үйрену үшін жыл сайын екі жарым мыңға жуық жерлесіміз келеді. Тыңдаушылар қазақ тілі топтарында қарапайым, базалық, орта және ортадан жоғары, ал ағылшын тілі топтарында “beginner”, “elementary”, “pre-intermediate” деңгейлеріне бөлініп оқиды.

Тыңдаушылардың арасында мемлекеттік қызметшілер басым. Сонымен қатар құқық қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салаларының, халыққа қызмет көрсету ұйымдарының өкілдері де бар. Жалпы облысымызда тіл үйренушілердің саны жыл сайын артып келеді. 2016 жылы қазақ тілі топтарына 1637 тыңдаушы қатысса, биыл 2197 жерлесіміз мемлекеттік тілді меңгеруге ниет танытты. Өткен жылдарға қарағанда тілді білу көрсеткішінің де біршама жақсарғаны байқалады. Біз үшін тіл үйренушілердің саны ғана емес, білім сапасы да маңызды болып табылады. Орталық өз жұмысын бастаған жылы мекемелерден негізінен қарапайым деңгей А1 мен базалық А2 деңгейлеріне ғана өтініштер келіп түсетін. Ал қазіргі таңда В1 жалғастырушы және В2 ортадан жоғары деңгейлері бойынша 30-ға жуық топ оқып жатыр. Бұның өзі 8 айлық курстан кейін тыңдаушылардың тілді меңгеру деңгейлері жоғарылап отыратынын көрсетеді.

Тегін курстарға қатысу – тіл үйренемін деген азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік. Орталықта тіл меңгеріп жүрген жерлестерімізге жоғары білімді, тәжірибесі мол магистрлер дәріс береді. Оқытушылар жұмысқа арнайы құрылған әдістемелік кеңестің шешімі негізінде қабылданады. Олар алдымен панорамалық сабақ үлгісін көрсетіп, кеңес мүшелерін өз портфолиосымен таныстырады. Түрлі жағдаяттарға байланысты психологиялық-педагогикалық сұрақтарға жауап береді. Жұмыс барысында оқытушылар түрлі семинар-тренингтер, байқауларға қатысып, педагогикалық біліктіліктерін үнемі шыңдап отырады.

Тіл сабақтары жаңа технологиялардың көмегімен интерактивті түрде өткізіледі. Ал курс аяқталған соң тыңдаушылар арнайы сынақ тапсырады. Оның нәтижесі бойынша тыңдаушыға курсты тамамдағанын растайтын сертификат немесе анықтама беріледі.

Сонымен қатар оқытудың тиімділігін бақылап отыру үшін түрлі мекемелердің арасында мониторинг жүргізіледі. Тыңдаушылардың сабаққа қатысуы мен аралық бақылау қорытындыларына баса назар аударылады. 8 айға жалғасатын оқыту курсында әр екі ай сайын тыңдалым, оқылым, жазылым бөліктері бойынша аралық бақылау, ал курс соңында айтылым бөлігі бойынша қорытынды бақылау өткізіледі. Сол қорытынды сынақтың негізінде келер жылғы топтардың жоспары құрылып, тілдік дайындық деңгейлері де бекітіледі.

Орталықтың әдіскерлері мен оқытушылары тыңдаушылардың жұмыс орнының ерекшеліктеріне байланысты және олардың кәсіби бейімдерін ескере отырып, республикалық үлгі бойынша дайындалған бағдарламаның күнтізбелік-тақырыптық жоспарларына өзгерістер енгізеді. Сонымен қатар орталық әдіскерлері оқытушыларға көмекші құрал ретінде топтардың білім деңгейіне қарай тест пен мәтіндер жинақтарын басып шығарады. Қазақ тілін оқытудың сапасы және тиімділігін арттыру үшін оқытушылар сабақ барысында түрлі әдіс-тәсілдерді қолданады. Соңғы екі жылда орталықта Мәскеу университетінің профессоры Д.Петровтың әдісі кеңінен қолданылып келеді. Бұл әдістің ерекшелігі – сабақ барысында етістіктермен жұмыс істеуге баса назар аударылады. Осы әдістің негізінде тіл үйренуші қысқа мерзімде сөйлемдерді ауызша құрастырып, өз ойын еркін жеткізуді үйренеді. Аталған әдістің негізінде дайындалған сабақтар әр бейсенбі күні “Qyzyljar” телеарнасында “Үйрену оңай” атты бағдарламада да көрсетіліп жүр.

Қазақстан Республикасындағы азаматтардың мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі “Қазтест” жүйесі арқылы анықталады. Өңірдегі тілдік ахуалға мониторинг те осы жүйенің негізінде жасалады. Сондықтан “Қазтест” жүйесі мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру аясында атқарылып жатқан маңызды шаралардың бірі болып саналады. Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігінің ұлттық тестілеу орталығының мамандары жыл сайын “Қазтест” жүйесі бойынша диагностикалық және сертификаттық тестілеулерді өткізеді. Орталық құрылғалы бері осы жүйе бойынша 8 рет тестілеу ұйымдастырылды. Айта кетейік, тестті орталықтың тыңдаушылары ғана емес, мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін растағысы немесе тексергісі келетін облысымыздың кез келген ересек тұрғыны тапсыра алады.

Жерлестерімізге мемлекеттік тілді оқыту­дан басқа орталықта мәдени іс-шараларды ұйымдастыруға, тыңдаушылардың қазақ тілін білу деңгейін көтеру және олардың оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында орталықтың мамандары облыс әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасымен бірлесіп, жыл сайын 20 шақты іс-шара өткізіп тұрады. Олар – “Ақ бата, асыл мұра” бата-тілек байқауы, көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасындағы байқау, өзге ұлт өкілдеріне арналған “Мен қазақша сөйлеймін” акциясы, әдіскерлер мен оқытушылардың әдістемелік біліктіліктерін шыңдап, озық тәжірибені кеңінен таратуды көздейтін Ахмет Байтұрсынов атындағы республикалық байқау, Ресей Федерациясының шекаралас өңірлеріндегі ұлттық мәдени орталықтарға, қазақ тілі мұғалімдеріне арналған семинарлар және басқа іс-шаралар.

Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына отыз жыл толады. Егемендік алған алғашқы жыл­дары тұрғындардың арасында елу жастан асқандарға қазақ тілін меңгеру міндетті емес, тілді оқытатын әдістеме жоқ, “Қазтест” не үшін керек деген әңгіме жиі айтылатын. Ал бүгіндері, керісінше, мемлекеттік тіл курстарын сұрап, іздейтін, меңгеріп жүрген жандар жиі кездеседі. Тіл – аса қадірлеп ұстайтын байлығымыз. Оны білмеу – азаматтығымызға сын.

Үмітжан ШЫНТЕМІРОВА,

Солтүстік Қазақстан облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp