Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мамандары Қазақстан Республикасының мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы заңнамасының орындалуын тексеру мақсатында нысандарға бақылау жүргізеді. Яғни жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша объектілер жоспардан тыс тексеріледі. Жыл басынан бері денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет салалары бойынша 50-ден астам нысан назарда болды.
Тексеру қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді түзету мерзімі көрсетілген ұйғарымдар берілді. Ал оның орындалуы департаменттің тұрақты бақылауында болады. Мүмкіндігі шектеулі адамдар барлық жағынан тең құқылы болуы керек. Сондықтан оларға кедергісіз орта қалыптастыру маңызды. Бұл міндеттер орындалмаса, жеке және заңды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 83 және 462 баптары бойынша лауазымды тұлғаларға жалпы сомасы 247,945 теңгені құрайтын айыппұл салынды.
Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы Заңның 14 бабына сәйкес мүгедектердің әлеуметтiк инфрақұрылым нысандарына кедергісіз кiрiп-шығуын қамтамасыз ету қажет. Осы Заңның 25-бабына сәйкес “Кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын жеке, сондай-ақ заңды тұлғалар мүгедектерге ортақ пайдаланылатын көлiк құралдарына, тұрғын үйлерге, қоғамдық және өндірістiк нысандарға, ғимараттар мен үй-жайларға кедергiсiз кiрiп-шығуға, әуежайларда, темiр жол вокзалдарында, автовокзалдарда, автостанцияларда, теңiз және өзен порттарында еркiн жүрiп-тұруына ұлттық стандарттарға сәйкес жағдай жасауға мiндеттi.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 83 бабы бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына, мәдени ойын-сауық іс-шараларына қолжетімділігін қамтамасыз етпеген лауазымды адамдарға – 50, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 120, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз орта қалыптастыруға баса көңіл бөлінуде. Ол үшін барлық жағдай жасалуда. “Мүгедектердің құқықтары туралы” конвенция мүгедектердің басқалармен тең дәрежеде көлікке, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен жүйелерді қоса алғанда, ақпарат пен байланысқа, сондай-ақ қала, ауыл тұрғындары үшін көрсетілетін өзге де қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуді көздейді.
“Nur Otan” партиясының “Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!” атты сайлауалды бағдарламасы аясында қазақстандықтардың, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жол картасының іс-шараларын орындау мақсатында өңірде мониторинг тобы құрылды.
Мониторингтік топтың құрамында “Nur Otan” партиясы филиалының, еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, қоғамдық бірлестіктер мен тағы басқа ұйымдардың өкілдері бар. Мониторингтік топ биыл облыстағы 259 нысанды тексеріп, анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсынымдар берді.
Гаухар ҒАБДУЛЛИНА,
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті облыстық департаментінің бөлім басшысы.