«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ОЙДАҒЫДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Санаулы күндерден кейін күміс қоңырау сыңғырлай соғылып, оқушылар қасиетті шаңырақтарымен, аяулы ұстаздарымен сағына қауышады. Төрткүл дүниені беймаза күйге бөлеген коронавирус індеті салдарынан оқушылар өткен оқу жылын амалсыздан онлайн түрде тамамдаса, енді жүздері балбұл жайнап, мектепке оралғанша асық. Өңірде 75316 оқушы партаға отырса, 8053 бүлдіршін білім ошағының табалдырығын алғаш рет аттамақ. Жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар жайлы білуге ынтызар газет оқырмандарының сұрақтарына облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова жауап берген еді.

Жамбыл ҚҰСАЙЫНОВ,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– “Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі” тақырыбында өткен педагогтардың республикалық тамыз конференциясында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің жасаған баяндамасынан біраз жайтқа қанықтым. Мектептердің дәстүрлі форматта жұмыс істейтінін естіп, қуансам да, қайтадан қашықтан оқуға көшпейміз бе деген күдік көңілден кетпейді. Олай дейтінім, “COVID-19” пандемиясы басталғалы өңірде бір мыңға жуық бала ауырса, шілдеде аталмыш дертті жұқтырғандардың саны – 8,5, стационарларға түскендердің саны 4 есеге көбейгенін естідім. Тамыз айында ғана 128 жағдай тіркелген.

– Иә, бұл мәселе барлық адамзат баласын алаңдатып отыр. Сауалыңызға келетін болсақ, жаңа оқу жылында өңірде 462 мемлекеттік, 3 жекеменшік, 7 түзету мектебі, 478 балабақша жұмыс істейтін болады. Қай-қайсысы болсын санитарлық қауіпсіздіктің барлық қажетті шараларымен толық қамтылған, маска тағу, санитайзерлермен, термометриямен қамтамасыз ету, зарарсыздандырудың 4 сатылы сүзгісі, бөлмелерді желдету, кварцтау, көпшілік іс-шараларды шектеу, медициналық кабинеттердің талапқа сай жарақтандырылуы, сынып-кабинеттердің, асханалардың толу нормативін сақтау сияқты шаралар жіті назарда. 75,5 млн. теңгеге жуу және зарарсыздандыру құралдары сатып алынды. Сабақтың басталуы мен үзілістер жылжымалы кесте бойынша ұйымдастырылады. Мұның бәрі оқушылар мен мұғалімдердің вирус жұқтырмауына көмектеседі. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін педагогтардың 99, техникалық қызметкерлердің 99,5 пайызы вакциналанды. Жаңа оқу жылына дейін толық құрамда екпе алатын болады. Барлық білім мекемелеріне “Ashyq” бағдарламасы енгізілді. Егер оқушы немесе мұғалім вирус жұқтырса, сынып бірден қашықтан оқыту форматына көшеді.

Дауылбай ҚАПАРОВ,

Аққайың ауданының тұрғыны:

– Ұлым бірінші сыныпқа барушы еді. Биылғы мектеп бағдарламасына “Әліппе” оқулығы қайта енгізіледі дегенді естідім. Кезінде біз оқыған оқулықтан айырмашылығы бар ма?

– “Әліппе” мен “Букварь”-дың қайта оралуын жылдың маңызды жаңалығына жатқызуға болады. 1 қыркүйекте өтетін салтанатты іс-шарада мектеп есігін алғаш ашқан барлық бірінші сынып оқушыларына “Әліппе” бірінші оқулық ретінде беріледі. Бұл оқу құралы бұрынғыдай Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалғанын айта кеткен жөн.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта 1-11-сынып оқушылары оқулықтардың балама түрі мен қамтамасыз етілетін болады. Ол бойынша заңнамаға тиісті өзгерістер дайындалуда. Яғни, тиімді деп саналған оқулықтарды педагогтардың өздері таңдай алады. Тек бірыңғай оқулықтар Қазақстан тарихы және Дүниежүзі тарихы бойынша ғана сақталады.

Жомарт ЕРКІН,

Петропавл қаласының тұрғыны:

– Педагогтардың біліктілігін арттырудағы, мұғалімдердің жалақысын көтерудегі өзгерістерді білгім келеді.

– Мұғалімдердің республикалық тамыз конференциясында айтылған жақсы хабардың бірі – 2021 жылғы қыркүйектен бастап педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесінің өзгеретіні. Егер осыған дейін ұстаздарды жұмысқа мектеп директоры қабылдап келсе, бұдан былай электронды форматтағы конкурс арқылы іске асырылады. Соның негізінде нақты көрсеткіштер мен өлшемшарттар бойынша комиссия мен мектеп басшылығы қызметке алу жөнінде бірлескен шешім қабылдайды. Екіншіден, мұғалімдердің біліктілігін бес жылда бір рет емес, екі немесе үш жылда бір рет анықтау мәселесін қарастыру да жоспарланып отыр. Бұл өте маңызды қадам. Себебі саладағы жағдай өте тез өзгеріп жатқан уақытта кәсіби шеберлікті ұдайы жетілдіріп отырмай болмайды. Бұл кезеңде біліктілікті арттыру курсының мазмұны мен сапасы ғылыми әдістемеге негізделіп, толықтай жаңартылады. Жаңа оқу жылынан жұмысқа алғаш рет педагог болып орналасқан мамандар сертификаттаудан өтеді. Яғни, дипломнан басқа мұғалім болып жұмыс істеу үшін “педагог” біліктілігін алу керек. Ол үшін Ұлттық біліктілік тестілеуінен өтіп, кәсіби дағдыларын қаншалықты меңгергенін дәлелдеуі тиіс.

Министр қыркүйектен бастап білім беру мекемелері директорларын тағайындау талабы да өзгеретінін айтты. Бұл да құптарлық шешім. Биылдан бастап алғаш рет ротация енгізіліп, жаңа тағайындау тәртібі өз тиімділігін көрсетеді деген үміттеміз.

2022 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көтеріледі. Мәселен, бұрын бір сыныпта 30, кезекші сыныпта 15 оқушы болатын. Осындайда бір сынып екі топқа бөлінетін. Сәйкесінше, мұғалімнің жүктемесі де артады. Сол үшін қосымша ақы төленеді. Егер жеке жүктемесі 28 сағатқа жетсе, сол уақыттың еңбекақысын алады. Дәптер тексергені үшін де бұрынғыдан екі есе көп ақша беріледі. Бүгінгі таңда мектеп басшылығының жалақысы төмен. Яғни, еңбекақының қазіргі көлеміне қарап басшылық қызметке баруға ешкімнің тәуекел ете қоймайтыны ескеріліп, күзден бастап мектеп директорларының жалақы төлеу жүйесіне де өзгерістер енгізбек.

Асхат БАСЫҒАРИН,

Есіл ауданының тұрғыны:

– Жасыратыны жоқ, қашықтан оқыту кезінде оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеп кеткені сынға көп ілікті. Олардың білімдерін бағалаудың озық әдісін тәжірибеде неге қолданып көрмеске?

– Бұл мәселе де тамыз конфернциясында көтерілді. Бұған дейін оқшылардың оқу жетістіктерін сырттай тексеру пәндік білімді өлшеу арқылы жүргізіліп келсе, енді барлық мектептер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді. Соған орай орта білім беруді сырттай бағалау моделі жетілдіріледі. Сөйтіп, білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу қолданылады. Оның қорытындысы негізінде әрбір мектеп оқушының оқу үлгірімі жайлы ақпарат алады. Білім ұйымдарына оқыту мен оқытуды дамыту жөнінде ұсыныстар беріледі.

Айдын ХАБАЙ,

Ақжар ауданының тұрғыны:

– Менің екі сұрағым бар. Біріншісі, мектеп формасына қойылатын талаптар өзгерді ме? Екіншісі, өткен жылдың оқу қорытындысына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

– Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығы бойынша жаңа оқу жылында орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтау жөнінде жұмыстар жалғастырылады. Сонымен қатар эпидемиологиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, іскерлік, классикалық стильде ыңғайлы киіммен баруға да рұқсат етіледі.

Облыста шағын жинақты мектептер, яғни оқушылар саны аз мектептер санының басым екені мәлім. Өткен оқу жылында 354 мектеп (74%) штаттық режімде оқыды. Бұл шамамен 22 мың оқушыға жуық. Қашықтан оқыту форматына 31 мыңнан астам оқушы көшті немесе 123 мектеп. Бастауыш сынып оқушылары үшін 20076 оқушыны қамтитын 1629 кезекші топ жұмыс істеді. Жағдай тұрақтанған төртінші тоқсанда дәстүрлі форматта 414 мектепте 34 мыңға жуық оқушы оқыды. Аралас форматта 39 мыңнан астам оқушы білім алды. Оқушылардың жалпы білім беретін пәндер бойынша білім сапасын алдыңғы жылмен салыстырғанда 74,06 пайызға сақтауға, ал ҰБТ қорытындысы бойынша нәтижелерді жақсартуға мүмкіндік болды. Орташа балл 74,8-ді құрады.

Марат ЫБЫРАЕВ,

Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны:

– Оқулық жетпей қалмай ма? Өңір мектептерін қамтамасыз ету жайы қалай шешілген?

– Биыл оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын сатып алып, жеткізуге 944,1 млн. теңге, оның ішінде 364 мың дана оқулық үшін 624,6 млн. теңге бөлініп, 181 келісімшарт жасалды. 200 мың көркем әдебиет үшін 250 млн. теңге қарастырылды. 2-11 оқушыларына 67435 оқулық жиынтығы берілді. Баспалардан тасымалдау кестесі қатаң сақталуда.

Табысы төмен отбасыларда тұратын 9 мыңнан астам бала, 2282 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады. Оларға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға 70 млн. 490 мың теңге берілді. “Мектепке жол” ациясы шеңберінде 2 мың балаға материалдық көмек көрсетілді. Демеушілердің қаражаты есебінен 474 оқушыға мектеп құралдары әперілді.

Қасым БАЗАРБЕКОВ,

Мамлют ауданының тұрғыны:

– Кей мектептерде жөндеу жұмыстары созылып кетті, жылы дәретханалар жетіспейді деген ақпараттар қаншалықты рас?

– Жаңа оқу жылына әзірлік кесте бойынша жүргізілуде. Алдағы жылыту маусымына деп 60 мың тонна көмір жеткізілді. 500-ден астам білім беру ұйымында жылу жүйелерін жуу-шаю жұмыстары аяқталды. 447 мекеме әзірлік паспорттарын алды. Қазандықтарды сыртқа шығару және ауыстыру, сондай-ақ жылу жүйесін жөндеу жұмыстары жалғасуда. 52 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізуге 4 млрд. теңге бөлінді. Барлық мектептерде жылы дәретханалар бар. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы 5 мектепте дәретхана жөнделуде.

Гүлсім КӘРМЕНОВА,

Уәлиханов ауданының тұрғыны:

– “Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін” деген екен ұлылардың бірі. Шынында да, егер мұғалім өз бойына кәсіби шеберлік пен шәкірттеріне деген сүйіспеншілікті қатар тоғыстыратын болса ғана, ол – нағыз ұстаз! Педагогтар қауымының саны, сапалық құрамы, жас мамандармен толығуы жайлы не айтар едіңіз?

– Облыстың білім беру саласында 16 мың педагог жұмыс істесе, 80 пайызы жоғары оқу орнын бітірген. Жартысынан астамы аттестаттаудан өтті, педагогикалық шеберлік санаттарына ие. Биыл білім беру мекемелеріне 80 мұғалім жұмысқа алынды. “Химия-биология”, “физика-информатика”, “география-тарих” мамандықтары бойынша алғаш рет мамандар даярланды. Бұл – шағын жинақты мектептер басым өңір үшін қуантарлық жағдай. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің 143 түлегі “ағылшын тілін білетін математика пәнінің мұғалімі”, “ағылшын тілін білетін бастауыш сынып мұғалімі”, “ағылшын тілін білетін мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиешісі” мамандықтары бойынша диплом алды.

Өңір мектептеріне 2018 жылы – 365, 2019 жылы – 315, 2020 жылы 253 жас маман келді. Биыл 400-ге жуық түлек қабылданады деген жоспар бар.

Аслан СЕРІКҰЛЫ,

Петропал қаласының тұрғыны:

– Аудандық оқу бөлімдерінің облыстық білім басқармасы құзырына берілуі басқару құрылымын күрделендіріп жіберген жоқ па?

– 2021 жылдан аудандық және қалалық білім бөлімдері облыстық білім басқармасының қарамағына көшіп, бір орталықтан қаржыландырылады. Бұл шешім – делдалдықты азайтуға, әр аудан мен қаланың білім беру мүмкіндіктері мен сапасын теңестіруге ықпал жасайды деп күтілуде. Білім бөлімдерінің басшыларын бұрынғыдай аудан және қала әкімдері емес, облыстық білім басқармасының басшысы тағайындайды. Бұл лауазымдарға тәжірибесі толысқан кадрлар ұсынылады.

Серік ОРЫНБЕКОВ,

Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Мемлекеттік грантқа ие бола алмаған түлектерге жоғары білім алуға жергілікті бюжеттен грант бөлу қарастырылған ба?

– Білім гранттары өңірдің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқитын жастарды ынталандыру мақсатымен биыл да беріледі. Облыс әкімдігі жергілікті қазынадан 50 грантқа қаржы бөлді. Бірақ шәкіртақы төлеу жағы көзделмеген. Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін 75 өтініш келіп түсті.

Дайындаған

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp